Түркістан облысының шенеуніктері Президент әкімшілігінің тапсырмасын тыңдамай ма?

Oinet.kz 03-01-2020 1342

Колледждерді сенімгерлік басқаруға беру, осы салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жасау өте жауапты міндет. Алайда білім саласында жүрген басшылар мұны науқанға айналдырып алмаса жарар еді. Түркістан облысының атқамінерлері орта арнаулы оқу орындарын кәсіпкерлердің қанжығасына байлап беруде ұстаздардың, мамандардың пікірімен санаспағаны былай тұрсын, Президент әкімшілігінің, министрліктің тиісті тапсырмаларын да құлаққа ілмеуге көшкен көрінеді. 

Screenshot_1.jpg

Фото Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің фейсбуктегі парақшасынан алынды

Бұған дейін «Рейтинг» газеті бұрынғы облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтың облыстағы екі колледжді сенімгерлік басқаруға алғалы жатқаны туралы мақала  жариялаған еді. Жуырда аталған басылым осы тақырыпқа қайта оралыпты.  

- Ол азаматтың Болатбек Әлиев екендігін де жасырғанымыз жоқ. Ескерте кетері, қазіргі уақытта біздің қолымызда Әлиевтің немесе ол жетекшілік ететін компанияның облыстағы орта арнаулы оқу орнын сенімгерлік басқаруға алатындығы туралы нақты құжат жоқ. Бірақ ұстаздар мен жалпы зиялы қауым арасында осыған қатысты әңгіменің өршіп тұрған рас. Жуырда Болатбек Әлиевтің өзі де фейсбуктегі парақшасында колледждерді сенімгерлік басқаруға беруді қолдайтынын, тіпті экономикалық жағынан тиімсіз болса да осы іспен айналысудан дәмелі екендігін жазыпты. Бұл «жел тұрмаса шөп басының қимылдамайтынын» білдіретін сияқты. Ұзақ жылдық тарихы бар, облыстағы іргелі екі оқу орнын бизнесменнің қанжығасына байлап беруге мүдделілер әртүрлі сылтауларды айтатынға ұқсайды. Бірақ қалай ойлап қарасаңыз да еш қисынға келмейді. Ол, ол ма енді міне, екіарадағы алыс-берістің мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына да қарсы екендігі белгілі болып отыр,-деп жазған газет бұдан әрі былай дейді: 

- Осы мақала шыққан соң біздің қолымызға сенімгерлік басқаруға берілгелі жатқан қос колледжге қатысты қызықты бір құжат түсті. Қысқасы былай:

Биыл қарашада облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне Білім және ғылым министрлігінен, вице-министр Ш.Каринованың атынан хат жіберілген. Осы хатта  министрлік  тарапынан «Жас маман» жобасы шеңберінде колледждер үшін құрал-жабдықтар сатып алуға 25 864 963 мың теңге көлемінде нысаналы трансферттер қарастырылғаны көрсетілген. Хатта осы сатып алуларға қатысты бірқатар нұсқаулар берілген. Хатта: 

- Бүгінгі күнде, «Жас маман» жобасын іске асыру барысы Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Респрубликасы Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Респрубликасы Үкіметінің қатаң бақылауында,-делінген. Ең маңызды мынау- хат соңында:

«Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының 2019 жылғы 14 қыркүйектегі № ЗТ-С-6276,1 тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасына қатысатын колледждердің кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға берілмейтіндігін атап өтеміз» деп жазылған. 

Ал Болатбек Әлиевке сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін деген екі коллдждің бірі жоғарыда аталған «Жас маман» жобасына қатысып жатқан оқу орны болып табылады. Яғни, оны ешқандай де сенімгерлік басқаруға беруге болмайды. Бірақ осыған қарамастан облыстың білім саласындағы басшылардың қазіргі әрекеті түсініксіз. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев осы хаттан, министрліктің берген нұсқауынан қаншалықты хабардар? Егер хабардар болса ол неге басшылыққа алынбайды? Әлде бергі жақтағылар хатты облыс басшысынан жасырып отыр ма? 

Тағы бір айта кетері, аталған колледж «Жас маман» жобасы бойынша 2020 жылға  348 миллион теңге ұтып алған. Ал «әкімдік аталған оқу орнын 200 миллион теңгеден асатын қаржыға беріп жатыр» деген әңгіме қаншалықты рас? Егер рас болса, бұл жерде кімнің ұтып, кімнің ұтылатыны айтпаса да түсінікті болып тұр емес пе? 

Сонда бұл жобаның Президенттің, Парламенттің,  Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғаны қайда қалады. Әлде Түркістан облыстық әкімдігі мен «маман даярлау ісіне жаныашығыш» бизнесмен  Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің саясатына қарсы ма? 

Болатбек Әлиевтің өз қажетін өзі тауып, заман талабына сай маман даярлап, мемлекеттік тапсырысты орындап отырған колледжде несі бар? Егер шын жанашыр болса, әлеуметтік желідегі парақшасында жазғандай, бүгінгі заман талабына жауап бере алмайтын, даярлаған мамандарының біліктілігі ешқандай да сынға шыдас бермейтін, материалдық техникалық базасы ескі, оқытушыларының біліктілігі төмен колледжерді қамқорлығына неге алмайды? Кәсіптік білім беру ісінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кәнігі оқытушылар осылай деп отыр. Ал әкімдік әзірге үнсіз.

"Рейтинг" газеті

Bek Air ұшағының құлаған сәті түсірілген видео пайда болды
Құлаған ұшақта жүкті әйелді денесімен жауып қорғап қалған жолаушы марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу