Қоныс тойын кезегі келгендер емес, тілін тапқандар тойлайды

Oinet.kz 26-08-2010 835

     Screenshot_4.jpg  

Басқасын айтпағанда, бізде баспана басты мәселеге айналғаны қашан. Осы бір әлеуметтік проблеманы шешу үшін Үкімет заң да, аты дардай мемлекеттік бағдарлама да қабылдап, неше түрлі ауқымды іс-шаралар артқарғанымен мәселенің түйіні тарқатылар түрі көрінбейді. Баяғы жартас сол жартас. Керісінше күн өткен сайын «өз үйім - өлең төсегім, құрқылтайдың ұясындай болса да өзімдікі дейтіндей басымда баспанам болса ғой, шіркін» деп армандайтындардың саны артпаса, кемімей отырғаны тағы шындық.

«Тамды ағайынды алтау салады немесе қалтандағы ақшаң салады»,- дейді атам қазақ. Дәл біздің бүгінгі күнімізге қаратылып айтылған тәмсіл дерсің. Әрине, қолында қаржысы болып, өз күшімен баспаналы болатындарға там салу машақаты таңсық шығар, бірақ мемлекеттің жәрдеміне мұқтаж, әсіресе, баспана мәселесіне келгенде Үкіметке қарап телміретіндердің тағдырын тап басып айтып тұрғандай. Ал бізде мұндайлар өте көп. Келісесіз ғой? 

Жуырда   мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға және қызметтік мақсатта берілетін  баспананы бөлу мәселесін жергілікті билік тарапынан қаншалықты орындалып жатқанын тексеру мақсатында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы жанынан арнайы эксперттік комиссия жасақталып, барлық аудан, қалаларда сараптама жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, аталмыш  қордан үй алуға құқығы жоқ азаматтарға баспана бөлінуі және кезек реттілігінің сақталмауы мен тіркеу журналының жүйелі жүргізілмеуі секілді кемшіліктер орын алған. Сонымен қатар, тізімге қатысты жариялылық сақталмаған. Талап бойынша үй кезегінде тұрған азаматтардың тізімі жергілікті басылым беттерінде жариялануы тиіс. Бұл баспана кезегінде тұрған азаматтың өз кезегінің қаншалықты жылжып отырғанын біліп отыру үшін қажет. 

Сонымен сараптама комиссиясы қандай кемшіліктерді анықтағанын білгіңіз келеді ме? Ендеше назар салыңыз.                                                                                                   Қазығұрт ауданы бойынша 2005 жылдан бастап  тұрғын үйге мұқтаж 175 азамат сарыла кезегін күтіп отырғанына қарамастан, тұрғын үйді ретімен емес майдан қыл суырғандай таңдап-таңдап бергендеріне еріксіз таңқаласың. Қай қызметінің ерлікке баланғанын қайдам, әйтеуір 2009 жылы ғана 110-шы реттік санымен тіркелген «Қызылдала» орта мектебінің мұғалімі Б. Рахымбаевқа,  осы жылы 111-ші болып тіркелген «Шанақ» дәрігерлік емханасының аға дәрігері Ж. Құлсеитовқа,  биыл 127-ші болып кезекке тұрған «Көкібел» ауыл округі полиция инспекторы   М. Құраловқа елден ерекшелендіріп, біріншілердің қатарында тұрғын үй кілтін тапсырыпты. Ал, Ордабасы ауданында 2008 жылы 3, 2009 жылы 3, 2010 жылы 8 пәтер  берілген. Осы аталған пәтерлерді  тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға кезекпен беру заңдылығы сақталмаған. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерді беру кезінде қолданыстағы заңға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың жеке дара тізімдері жасалынбай, тұрғын үйлерді жалпылама тізім бойынша үлестірген. Мәселен, басқалардан бұрын тұрғын үй кезегінде   14- ші болып тұрған Ш.Калменова, 15-ші кезектегі З. Уншибаева, 20-шы Б.Кушаманова, 24- ші кезектегі Б.Бекешова, 26-кезектегі З. Мұсұлманқұлова, 30-шы кезектегі А. Токтиева,  38-ші кезектегі  А. Атамбаев, 43-ші кезектегі Ғ. Қамбар, 53-ші кезектегі  Н. Мамашев, 67-ші кезектегі Ж. Қалымбетова,  74-ші кезектегі  Ш. Нарманова,  77-ші кезектегі  Н. Сайланов, 102 –ші кезектегі Б. Абилдаевтарға берілген. Сонда қалай, қоныс тойын тойлаушылар қолдан келгенде қоныштан басушылар тарапынан іріктеліп-іріктеліп алынғаны ма? 

Шардарадағы ахуал бұдан да сорақы. Не үшін қажет болғанын бір құдай біледі, әйтеуір тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тіркеу журналы бірнеше рет қайта көшіріліпті. Соның салдарынан ескі журнал мен жаңаның арасында сәйкессіздіктер орын алған. 2009 жылы тұрғын үй алған 6 азаматтың жеке іс-қағаздары тұрғын-үй комиссиясы отырысынан 1 ай бұрын ғана жасақталып, осы комиссияның 29.09.2009 жылғы қаулысымен берілген. Тиісті азаматтардың бұл ауданда 2010 жылы тұрғын үй алған азаматтардың жеке іс-қағаздарын көрсете алмағаны ұят тірлік болды. Ал Шымкент қаласындағы 22 пәтерлік 11 тұрғын үйдің құрылысы өз деңгейінде жүргізілмеген. Мемлекеттік комиссия болса бұл құрылыстарды қабылдап алуда көзжұмбайлыққа жол берген. Қала әкімі де үйлердің сапасына үңілудің орнына тұрғын-үй коммуналдық   меншікке қабылдансын деп қаулы шығара салуды қолай көріпті. Есесіне анықталған кемшіліктер әлі күнге дейін  жойылмаған. Оның зардабын енді кімдер тартатыны айтпаса да түсінікті.                                                                         Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

800 есепші қысқартуға ұшырады Оңтүстіктен басталған пилоттық жоба өзін ақтай ма?
Президенттің кітабын мәжбүрлеп сатуға көшті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу