«Асқаровтың әруағы алдында еш ақтала алмайсың!»

Oinet.kz 03-09-2010 1136

Screenshot_5.jpg

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлихан Сүлейменовтің кезінде Асекеңді қаралап, бүгінде оның атындағы қорды басқаруға қандай моралдық құқығы бар?

Уәлихан!

Қазақта «Оразданың кәрісі – қартайғанда қазына болады, шиырлының кәрісі – қартайғанда қазымыр болады» деген әдемі сөз бар. «Оразда» сөзінің мағынасы -- өмірден көргені мен түйгені мол, бойына жақсы қасиеттер мен ілім-білімді жинақтаған, соның арқасында адам ғұмырында болып жататын түрлі жағдаяттарға сын көзбен қарап, дұрыс бағамдай алатын және өзінен кейінгілерге көрегендігімен ұнайтын қарттың болмысына арналған сөз. Ал, «шиырлы» деген жастығында жасаған ұнамсыз тірліктерін қартайған шағында да қайталап, жан-жағындағыларға әбес қылық, оғаш тірлік көрсетіп жүрген адамның бейнесін айқындайтын анықтауыш. Мен өзім сол «оразданың» кәрісіне жатам ба, жоқ, әлде «шиырлының» қазымыр қарияларының қатарынан саналам ба, белгісіз. Бірақ, қолымнан келмейтін іске арласпайтын, орынсыз жерде сөйлеуге, базбіреулерге ділмарсып ақыл айтуға бармайтын жанмын. Алланың берген бағы болар, жастық шағымда бірқатар үлкен лауазымды қызметтер атқарғанымды өзің білесің. Кешегі Кеңес Одағының басты ұраны бойынша халыққа, партияға адал қызмет еттім. Адал еңбегімді ескергені шығар, бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері атандым.

Уәлихан! 

Ел үшін жасаған еңбегімді, осы халықтың көз алдында өткен қызметімді тізбектеп, сөзімді салмақтайын деп отырған жоқпын. Қашанда еңбекті ең алдымен ел бағалайды. Сондықтан кімнің кім екенін, кімнің қалай еңбек еткенін, кімнің қандай азамат екенін елдің өзі біледі. Менің саған айтпақ әңгімем басқа, енді соның тоқ етеріне көшейін. Биылғы Ораза айының бірінші күні, яғни, 11-тамызда сен облыстық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Досыбай Шерімқұловқа телефон шалып: «Асанбай Асқаровтың әруағына бағыштап Құран оқытып, ауызашар беріп жіберейік. Ауызашарға Асқаровпен тікелей қызметтес болған адамдарды шақырамыз. Сен соның дастарханын көтер» деген ұсыныс айтыпсың. Әрине, «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген ғой. Облысты кезінде біліктілікпен басқарған Асанбай Асқаровтай  асқар азаматтың әруағын елеп, ауызашар беруге мұрындық болған бастамаң дұрыс-ақ. Алла риза болсын! Бір жағы өзің Асанбай Асқаров атындағы қордың төрағасысың, яғни, саған Асекеңнің әруағын қалай аспандатам десең де жарасады емес пе?! Шерімқұлов та азамат қой, Асекеңнің әруағына арналады деген соң ауызашардың қамына бірден кірісіп кетіпті. Содан сен оған ауызашарға жиналатын адамдардың тізімін бересің. Бірақ отыз адамдық тізімде кезінде Асқаровпен тікелей қызметтес болған үш-төрт-ақ кісі бар екен. Мұны көргесін Шерімқұлов маған телефон соқты. «Осылай да осылай, Асқаровқа арнап ауызашар беріп жатырмыз. Сүлейменов берген тізімде бірталай ардагерлер, оның ішінде сіз де жоқсыз. Бірақ мен сізді шақырып отырмын» деді. 

Сөйтіп сол күні кешке ауызашар өтетін «Венеция» кафесіне бардым. Барсам, шынында дастархан басында Асқаровпен қызметтес болған төрт-бес-ақ адам отыр. Қалғандары Асекеңнің қолын алмақ түгілі, түрін де көрмеген кісілер. Әрине, келген қонақтарды Асекеңмен қызметтес болған, болмаған деп екіге бөлуге болмайтын шығар. Ауызашар дастарханынан ауыз бекіткен әрбір жан дәм татуға құқылы, ол сауап болады. Бірақ, ақыры Асанбай Асқаровтың әруағын алдыға салып, ауызашар өткізіп отырғаннан кейін ол кісімен қызметтес болған, араласқан-құраласқан, жақсылығын көрген, сырына қаныққан жандардың неге басын қоспасқа?! Ондай жандар жоқ емес, Шымкентте көп қой. Ауызашар дастарханында негізінен уағыз айтылуы тиіс, бірақ, сонымен бірге Асекеңнің де жақсы тірліктерін, көзі тірісінде елге жасаған қамқорлығын әңгіме қылып, әруағын аспандатып отырғанның несі айып?! Ойбай-ау, аудандарда тұратындарды айтпағанда осы Шымкент қаласының өзінен қоныс тепкен Л. Бекжанов, Т. Ахметов, Ә. Мұстафаев, И. Тұрсынқұлов, Ж. Мәуленқұлов, Д. Боповалар жарықтық Асекеңнің кезіндегі қанаттастары, әріптестері, бүгіндегі көзі тірі куәгерлер емес пе? Олардың біреуін де шақырмапсың. Құдайға шүкір, бұл азаматтар ішетін ас, мүжитін бас таппай жүрген жоқ. Бәрінің жағдайы жақсы. Бірақ, Асекеңе арналған ауызашар тек ас ішіп, аяқ босатумен аяқталмауы керек еді ғой. Асекең туралы ауыз толтырып әңгіме айтатын азаматтар осы емес пе?! Мен сені жақсы білемін ғой, Уәлихан. Тірілердің алдында бірнәрсе айтып, бірнәрсені себеп қылып ақталарсың, бірақ, әруақ алдында, Асекеңнің әруағы алдында еш ақтала алмайсың!

Былайғы жұрт білмесе білмейтін шығар, бірақ, Асқаровтың әруағына арналған ауызашарға әлгі азаматтарды не себепті шақырмағаныңның түп-төркінін мен жақсы білемін. Дастархан басында осы жәйтті ашып айтқым-ақ келді, бірақ үлкен дәм үстінде дау тудырмай-ақ қояйын дедім. Оның үстіне қасымдағы кісілер «қой-қойлап» кетті. Міне, ащы шындықты айтудың сәті енді түсіп тұр. Сен сөзден қорықтың. Сөз болғанда да шындықты шыжғырып бетке басатын, шоқтай жанып тұрған қорғасын-сөзден қорықтың. Егер әлгі азаматтарды сол дастарханға шақырар болсаң, саған сөз тиіп кетуі әбден мүмкін еді. Ол қандай сөз? 

1985-1986 жылдары М. Горбачевтің жылымық саясаты кезеңінде біздің облыста үлкен қоғамдық қасірет орнағанын ел де, сен де ұмытқан жоқсың. Адамның азаматтығы, адамгершілігі, арының тазалығы таразыға түскен сол сын шақтарда талай жандар қызметтің құлы екенін, биік кресло үшін жазықсыз жандардың тағдырына «крест» қойып тастаудан еш шіміркпейтінін байқатып алды. Облыс көлемінде қызмет атқарған көптеген лауазымды адамдардың басына қасірет орнады. Сондай қасіретті өзім де бастан кешіріп, алы ай жазықсыз қамалып, ақырында ақталып шықтым. Өзім ғана емес, арымды да, азаматтығымды да ақтап алдым. Бізді қойшы, қазақтың дара да әулие перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың да басына бұлт үйірілді. Керемет басшы, тамаша ұйымдастырушы Асанбай Асқаров сотталып, түрмеге жабылды. Күннің көзін алақаныңмен көлегейлей алмайтының секілді, тарихта болған нәрсені де жауып-жасырып ұстау мүмкін емес. Қанша жыл өтсе де, шындық әйтеуір бір жарыққа шығады, сол кезде кімнің кім екеніне ұлы уақыт, кейінгі ұрпақ баға береді. 

Асекең істі болып жатқанда Николаев, Давидов сияқты хатшылар Мәскеуден келген тергеушілердің алдында оған түрлі өтірік жала жауып, теріс мінездеме берген. Оларға кезінде Асекеңнің шапағатын көп көріп облыстық партия комитетінің хатшылығына дейін көтерілген, ақырында өзіне қамқорлық жасаған жанның жағасына жармасып, балағына жабысқан, қиын-қыстау кезеңде өз басынан қорқып, бар шағым мен жаланы оның басына үйіп-төккен бір бауырымыз бар. Ол сен болатынсың – Уәлихан! Бұл туралы 2007 жылы «Елнұр» баспасынан жарық көрген «Судьба» атты кітапта мынадай жайт жазылған: Мемлекеттік айыптаушы  Б.И.Романюк Асанбай Асқаровқа жала жауып, оның ішінде Асқаровтың облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезде барлық билікті өзіне қаратып алғанын, әсіресе кадрлық саясатқа қатысты шешімдерді өз бетінше шешіп келгенін айтқан. Асқаровтың өзі бұл жөнінде былай жазған: «Бұған ешқандай дәлел жоқ. Алайда, бұл айыптаулардың негізгі эталоны ретінде обкомның бұрынғы мүшелері Давыдов Н.Б. Николаев пен Сүлейменовтің ойдан құрастырылған, жалаға толы түсініктемелері қолданылды». 

 Кадрлық саясатқа қатысты қабылдаған кейбір шешімдерді түсіндіре келе А.Асқаров   Бекжановтың бұған дейін де облыстық партия комитетінің аппаратында жұмыс істеп келгенін, яғни, үлкен тәжірибесі барын, осы кандидатураны  Давыдов пен Шаймерденовтің ұсынғанын айта келе былай деп жазады:  «Мен бюроның ең ықпалды екі мүшесіне неге сенбеуім тиіс? Қазір олар және Сүлейменов те бұрынғы сөздерінен жалтарып отыр. Өздерінің ар-ұяты білсін. Олар енді тек бастарын алып қашуда. Ешқандай принцип жоқ екен оларда. Бекжановтың кандидатурасына кім күдік келтіре алар еді? Ал енді барлығы Бекжановтың қызметке ұсынылуын түсінбегенін  қайталап отыр. Біздің әдетіміз ғой, қызметінен кеткен адамның соңынан тас лақтыру».

Міне, сол қасіретті жылдардың ащы шындығы... Міне, Уәлихан, сенің жоғарыдағы азаматтармен неге әңгімеңнің жараспайтыны, неге бір дастарханда бас қосып, кездесуден қашқақтайтының... Сен «жұдырық үстіне жұдырық болып» Асқаров ұсталып жатқан кезде оған теріс мінездеме бердің. Ал, енді құдайшылығын айтшы, осыдан кейін сенің Асанбай Асқаров атындағы қордың төрағасы болуға қандай моральдық құқың бар? Осының өзі-ақ сенің ақтар келсе ақ шәпкі киіп, қызылдар келсе қызыл шапкі киіп, белсеніп жүре беретін «қасиетіңнің» өте күшті екенін әшкерелеп тұр емес пе?

1985 жылы аты шулы «Мақта ісі» бойынша бірнеше хатшылар мен мақта тресінің, мақта зауыттарының басшылары жазықсыз қамалды. Бірнеше жауапты басшылар мал шаруашылығын қожыратқан, төлдерді асыра көрсетуге қатысқан деген айыппен жауапқа тартылды. Енді осындай дүлей дауылдан, ауылшаруашылығына қатысты жауапқа тартылғандар мен қамалғандардың ішінде сен, Уәлихан, болған жоқсың. Білген адамға сол кездегі ауылшаруашылығындағы кемшіліктердің бәріне осы саланы басқарып отырған хатшы сен жауапты болуға тиіс емес пе едің? Сенің сол жолы жауапкершіліктен құтылып кетуіңнің астарында талай құпия жатқаны анық. 

Уәлихан!

Сен қартайғанда жазушы атандың. Ешқандай қызғанышым жоқ. Бірақ, сөз бен қаламның киесі бар екенін сен ұғындың ба? Әй, қайдам... «Кешегі ауылшаруашлық маманынан қартайғанда сөз киесін ұғатын жазушы қалай ғана шыға қалды?!» деген әңгімені екінің бірі айтып жүр. Жазушылығыңды сынайтындар жетіп артылады. Сен қартайғанда шежіреге де қол арттың... Жазған шежірең әбден сыналып, жазған өтірігің шыжғырып бетіңе басылғаны елге жасырын емес. Тегінде «көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген бекер айтылмаған ғой. Қарттық – абырой, адал іс, жағымды қылық, жарасымды сөз, орынды уәжбен шектеледі. Сөз соңында айтарым, Асқаровпен сырлас, жақын қызметтес болған, ең бастысы жанын түсіне білген, сенімді серіктесі болған адамдар арамызда әлі көп. Асанбай Асқаровтың есімі аңызға айналып кеткелі қашан. Асқаровпен жақын араласқандар сенің несібеңді жеп кетпейді. Ілгеріде қариялар біреуге қатты нала болса «өмір бойы ақылың кірмей өтсін» деп қарғаушы еді. Мен сені қарғамаймын. Дегенмен жасың жетпістен асып, толысқан шағыңда айналаңа бір көз тастап, тобаңа келсең болар еді. Обкомның хатшылығы уақтысында екінің бірі қол жеткізе алмайтын қызмет-тұғын. Сен жеткенсің оған. Енді осыған шүкіршілік жасап, сол биігіңде қалсайшы, Уәлихан! 

Сәлеммен, Ошақбай КӨЛБАЕВ,

еңбек ардагері, Төлеби және Мақтаарал аудандарының Құрметті азаматы. 

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Президенттің кітабын мәжбүрлеп сатуға көшті
Шардара су қоймасындағы тағы да шарасыздық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу