Кәрім Мәсімов сиқыршы емес

Oinet.kz 15-04-2019 1079

Screenshot_6.jpg  

 Қазақстандықтар премьер-министрсіз-ақ өмір сүруді әдетке айналдырған секілді.  Теледидардан К. Мәсімовтың жүзін, газеттен суретін, радиодан дауысын естімегелі көп айдың жүзі болды. Әйтеуір, үкімет жетекшісі баспасөз бетінде біраз уақыттан бері  сиқыршы секілді жоғалып кетті. Оның не істеп, не тындырып жүргенін қарапайым адам білмейді. 

Дегенмен, Кәрім Қажымқанұлына елдің сенімі бөлек екен. Сақал-мұртын он екі айда бір рет көрсететін қиялдағы Аяз Атаға жазғандай оған да құшақ-құшақ хат жазуын тоқтатар емес. 

Премьер-министрдің блогына кіріп, қарапайым тұрғындардың Кәрім Қажымқанұлына жолдаған өтініштеріне аз-кем шолу жасағанды жөн көрдік. 

Сонымен, өтініштер санын саусақпен санауға келмейді. Мазмұндық жағы әркелкі. Мемлекеттік сатып алу қиянаты, жер дауы, балабақша кезегіне дейінгі әлеуметтік тақырыптарды түгелдей дерлік қамтыған. 

Мәселен, астаналық Гүлнар есімді  тұрғын мектептегі оқулық тапшылығын жіпке тізіп, білім басқармасы «Атамұра» мен «Алматыкітаптың» оқулықтарын әр жерде әр қандай жолмен сатып алуға міндеттеп жатқанын ашына жазыпты. «Ұшақтар мен планшеттерге Ұлттық қордан мол ақша табылғанда мектеп оқулықтарын 100 пайызбен қамтамасыз ететін қаржыны табу соншалықты қиын болғаны ма»,– деп үкімет жетекшісіне мәселені қабырғасынан қояды.  «Мемлекеттің ақшасына салынған Жастар сарайы, «Алау» спорт кешендерінде жаттықтырушылар бюджет есебінен айлық алады. Соған қарамастан, осындай орындарда баланы тегін үйірмеге жазу мүмкін емес» – деп, осындай түйіткілді мәселе Кәрім Мәсімовтің үкіметке қайтып келуінен шешілер деп үміттеніпті Гүлнар. 

Ал, Атырау облысының тұрғыны Еркебұлан «Жайықмұнайгаз» компаниясына жұмысқа тұрғызып беруге өтініш жасапты. Жұмыссыз жігіттің тағдыры аянышты. Көлік апатынан әкесі мен әкпесі көз жұмып, жан жары мүгедек болып қалыпты.  Шиттей балаларын бағып, жарым жан жарына қарау үшін істеп жүрген жұмысынан шығып, үйде отырып қалған. Төрт балаға берілетін азын-аулақ жәрдемақы ештеңеге жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Өзі мұнайшылар әулетінен болған соң оқымаса да диполомы барлардан мұнай саласын артық біледі екен. Тұрақты жұмысқа тұрып, отбасын асырау үшін «Жайықмұнайгаздың» басшысына өтініш берген екен, екі жылдан бері одан шыққан нәтиже жоқ. Еркебұланның ендігі үміті премьер-министрде. 

Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының тұрғыны Марина жергілікті дәрігерлердің салғырттығын ашына жазып, 65 жасқа келген әкесін емханаға қарата алмай әуреге түскенін баяндапты. 

Өзінің ұлты қазақ, әйелінікі ұйғыр екенін ашып жазған Алматы облысының тумасы Мұхит Корей еліндегі Чунг-Анг ауруханасында ауыр қалде жатқан ұлдарына қаржылай  көмек көрсетуді сұрапты. 

Алматы қаласындағы нөмірі 4-ші емхананың бір топ қызметкері  болса,  «Біз өзіміздің емханадағы кейбір қызметкерлердің домалақ арыздарына жазбаша түрде қарсылық танытамыз» – деп,  сөз бастапты.  – Соңғы кезде біздің емханада ұжымның атынан жоғарғы жақтағыларға домалақ арыз жазушылар көбейіп кетті. Олар әрине, өздерінің мақсатын жүзеге асырмақ. Бірақ, сол әрекеттерінің арқасында мекемеде жоспардан тыс тексерістер көбейіп, қалыпты жұмыс ырғағы бұзылып, ұжымдағы ақуалға әсер етуде. Біз домалақ арыз жазушылардың бұл әрекеттеріне қатты қапалымыз. Бас дәрігер Ағыбаева Фарида Әубәкіровнаның үстінен бұған дейін де домалақ арыздар жазылған. Сондағы айтатындары Фарида Ағыбаева келгелі 4-ші емхананың жұмысы бір орында тоқтап қалды-мыс. Шындығын айтқанда Ф. Ағыбаева осы қызметке келгелі 4-ші емханада тәртіп орнап, жұмыс жүйеленіп, ілгері басты– деп жалғайды. Сосын, емхана жұмысының жетістіктерін теріп шығып, хаттың соңында премьер-министрден қолдау сұрайды. «Кәрім Қажымқанұлы, бізді қолдаңыз, бізге Фарида Ағыбаева секілді басшы керек. Одан біздің әлі үйренеріміз көп», – деп аяқтайды.  

Астаналық Жанар есімді тұрғын маңдай терімен тапқан ақшасына екі пәтер сатып алыпты. Бірақ, алаяқтардың жемі болғанын кейіннен бір-ақ білген. Дау сотта қаралып, шешім  шыққан. Дегенмен, Жанардың айтары көңілге қонымды. Жалған құжат жасауға белсене атсалысқан Әділет департаментінің қызметкерлері жеңіл-желпі жаза алған. Ал, жәбірленушінің шығынын өтеп беру ешкімге жүктелмеген. 

Ал, Тараз қаласының ұсқынсыздығына қапаланған Ерлан орталық көшедегі ескі бағамшамдарды ауыстыруға жәрдем сұрайды.

Бір жасқа дейінгі балаларға тегін берілетін «Нересте» жасанды сүтін емханаларда бермей жатыр дейді және бір ата-ана. «Емханадағылар «жылдың соңын дейін бұл сүт берілмейді. Себебі, мемлекеттік дотация жоқ» депті. «Бес жанды үйде жалғыз өзім жұмыс істеймін, тапқанымды жеткізе алмаймын» деген хат жазушы премьер-министрден сүтке қатысты мәселені дереу қолға алып, дұрыстап шешуді өтініпті.    

Шенеуніктердің жауапкершілік пен жұмысты бір-біріне сілтей беретін әдетін жақсы білетін болса керек, «Сізге бірден хат жазуымның себебі, министрліктегілер мен департаменттегілер сырғытпа, сілтеме хат жазумен ғана айналысып, мәселені шешпейді. Сондықтан, өзіңіздің назарыңызға  мына жайтқа аңғартсам деймін. Әңгіме бала-бақша кезегі жайында. Мені алаңдатыны: неге біз 2,5 жастағы аяғы жаңа шыққан баланы кезекке қоямыз? Ол бәрібір балабақшаға бара алмайды ғой. Есесіне, кезек толтырып, бес жастағы баланың жолын бөгейді. Ал, бір-екі жылда мектепке баратын, дайындықтан өтуі тиіс 5 жастағы баланың жолын 2,5 жастағы бала орайды. Осы жүйесіздікті реттеуге болмай ма? Екінші мәселе, қаладағы балабақша тәрбиешілері 30 мың ғана теңге айлық алатынын білесіз бе? Бұл ақшаға қалай өмір сүруге болатынын түсінесіз бе? Осы сұрақтарыма жауап берерсіз деп сенемін. Және осы хатым аздаған адамдардың өмірін жақсартуға сеп болса, ризашылығымда шек болмайды» деп жазыпты. 

Нүргүл, Мұхит, Марина, Еркебұлан, Гүлнар секілді үшбу хат жазған ағайынның зор бақытына әлде, қалың сорына қарай, премьер-министр Кәрім Мәсімов бәріне бірдей былай деп жауап беріпті: «Сіздің өтінішіңіз тиісті орынға жолданды!»

 Жасұлан Ақкер 

Мұрағаттан: 11.09.2014


Александр Лукашенконың «қанатты» сөздері
Қазақстанда сайлаудан кейін девальвация болуы мүмкін бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу