Аурудың атын жамылып ақша табуға бола ма?

Oinet.kz 01-05-2019 988

b5ea1661abf8fe3e91b3305d37d7b611_L.jpg

СПИД, ВИЧ десе өре түрегелмейтін адам жоқ. Ал, Оңтүстікте ғасыр індеті саналатын дерт туралы айтылса, көз алдыңызға тағдыры талқан болған жазықсыз сәбилердің елестейтіні рас. Дәрігерлердің салақтығынан айықпас дертке шалдыққан оңтүстікқазақстандық бүлдіршіндер, ақ халаттыларға қатысты сот процесі, темір торға қамалған дәрігерлер...бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдымызда. Егер байқасаңыздар, сол 2006 жылдан бергі аралықта Оңтүстікте ВИЧ-ке қатысты дау-дамайлар ақпарат құралдарында үнемі көтеріліп келеді.Міне, тағы бір түңлігі түрілген кезекті дау... 

Алдымен аталған дертке қатысты қысқаша статистикаға тоқталайық. Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандардың саны 100 мың тұрғынға шаққанда 68 адамды құрайды. Ал республикалық көрсеткіш 132,4.  Біздің облыс көрсеткіштер бойынша тоғызыншы орында тұр. 2015 жылдың 1 маусымына дейінгі мәлімет бойынша облыста  ВИЧ індетін жұқтырған 2644 адам есепке алынған. Мұның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың саны –252, ал аты жаман ауруға шалдыққандардың 94,3 пайызын 20 мен 49 жас аралығындағы еңбекке белсенді халық құрайды. 2000 жылдарға дейін ВИЧ дертіне шалдыққандардың денін нашақорлар құраса, 2008 жылдан бастап дертті жыныстық қатынас кезінде жұқтырғандардың саны көбейген. Дәрігерлер ВИЧ-пен күрес тек медицина қызметкерлерінің міндеті емес, бұған басқа да мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды да жұмылдыру қажет дейді. Жұмылдырылып та жатыр. Осы мақсатқа қомақты қаржы да бөлінеді. Бірақ одан келіп жатқан нәтиже бар ма? Кезекті дау-дамай осы мәселенің төңірегінен шығып отыр. 

Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күресу орталығының бас дәрігері Талғар Мейірхановтың айтуынша Шымкентте ғасыр дертіне шалдыққандарға көмек көрсетеміз, осы саладағы жағдайды оңалтамыз деп, халықаралық ұйымдардың грантын ұтып алған үкіметтік емес ұйымдар ақшаны игеруде заңға қайшы келетін әрекеттерге жол беруі даудың туындауына себеп болып  отыр. Т.Мейірханов орталық пен үкіметтік емес ұйымдар арасында текетірестің барын және оның ақыры негізсіз қаралауға, арыз жазуға апарып соққанын да ашық айтты. 

--Үкіметтік емес ұйымдар өз қызметтерін Ғаламдық қордан ұтып алған гранттың ақшасымен жүргізеді. Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күресу орталығы осы жұмыстады үйлестіретін мекеме болып табылады. Гранттың талабы бойынша үкіметтік емес ұйымдар 2015 жылдың 15 ақпанына дейін бізбен келісім-шарт жасасуы тиіс еді. Алайда олар келісім-шарттың жобасын бізге 2015 жылдың 28 мамырында алып келді. Бірінші тоқсанның есебін де біздің талап етуімізбен осы кезде тапсырды. Ал тәртіп бойынша оны 1 сәуірде тапсыруы тиіс болатын. Берген есептеріндегі мәліметтердің шынайлылығына күмәнданған соң, біз республикалық СПИД орталығының бас директоры Б.Байсеркинге және «Жолдас» қауымдастығының төрағасы Б.Тұрғынбаевқа хат жолдап, келісім-шартқа тапсырылған мәліметтердің рас-өтірігін анықтау мәселесін енгізуді ұсындық. Осы жерде айта кетейік, орталық үкіметтік емес ұйымдардың қаржы-шаруашылық ісіне араласуды мақсат тұтқан жоқ. Бізді берілген мәліметтердің шынайы жағдаймен қаншалықты сәйкес келетінін анықтау ғана қызықтырды. Б.Байсеркин ұсынымызды қолдап, үкіметтік емес ұйымдарға қажетті мәліметтерді беру туралы нұсқау жолдады.

Енді күдік-күмәнға тоқталайық. Расында да тексеруге түрткі болған бұл қандай күдік. 

-- «Жолдас» СПИД-сервистік ұйымдары қауымдастығының, «Үміт» қоғамдық бірлестігінің және «Сергали-Шымкент» қоғамдық бірлестігінің облыстық СПИД орталығына берген мәліметтерінде достық кабинеттеріне есірткі заттарын тұтынатын 515 азаматтың келгені,  372 азаматтың ВИЧ-ке тест тапсырғаны жазылған. Алайда күні бүгінге дейін облыстық СПИД орталығының достық кабинеттеріне жоғарыдағы ұйымдардың жолдамасымен бірде-бір адам келмеген, бірде-бір адам ВИЧ-ке тест тапсырмаған. Яғни, Ғаламдық қордың ақшасымен қаржыландырылып отырған ұйымдардың мәліметі шындыққа жанаспайды. Турасын айтқанда олардың қазіргі әрекеті ғасыр індетінің атын жамылып ақша сауу ғана. Осыдан кейін ұйымдардан қалыптасқан жағдайға түсінік беруді талап еткенбіз. Оған күні бүгінге дейін жауап жоқ. Алайда қол қусырып отыр деуге де болмайды. Менің үстімнен Денсаулық сақтау министрлігіне, облыс әкімдігіне, Елдік үйлестіру комитетіне арыздарды қарша боратып жатыр.  Сонда мұны қалай түсінуге болады?

Өздерінің жалған мәліметтерін жасырып, жағдайды басқа арнаға бұру үшін маған қара күйе жаққандардың әрекетіне тосқауыл қою үшін мен республикалық СПИД орталығынан төрелік сұрадым. Төрағадан тексеру комиссиясын жіберуді өтіндім.  15 маусымда құрамында Елдік үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Н.Аманжолов, ВИЧ бойынша Ұлттық үйлестіруші, Ғаламдық қор жолбасын жүзеге асырушы топтың жетекшісі Т.Давлетғалиев, Ғаламдық қордың жергілікті агенті, бағдарлама сарапшысы Т.Мойченко бар комиссия келді. Комиссия тексеруден кейін үкіметтік емес ұйымдардың бірінші тоқсан бойынша берген мәліметтері шындыққа сәйкес келмейді деген қорытынды берді. 

Алайда арызданушылар бұдан кейін де өзара түсіністік орнатқылары келмеді. 

Жоғарыға шағым жазу, маған қара күйе жағуға тоқтам болмады. Жазған арыздарға мейлінше салмақ қосып, адам санын көбейту үшін бас-аяғы 12 үкіметтік емес ұйымның жетекшісі қол қояды. Алайда 12 ұйымның 11-і Б.Тұрғынбаев төрағалық ететін «Жолдас» қауымдастығының мүшелері.  Олардың тек үшеуі ғана Ғаламдық қордың грантын ұтып алған. Кейбір үкіметтік емес ұйымдар мүлдем жұмыс істемейді, ал олардың мүшелері басқа ұйымдарда қызмет етеді. Арыздарға қойылған қолдарға да адам түсініп болмайды. Бір арыздағы фамилияның тұсына қойылған қол келесі арызда дәл сол фамилияға қойылған қолмен сәйкес келмейді. Үкіметтік емес ұйымдардың өз арасында да береке болмай тұр. «Жолдас» қауымдастығына қарайтын кейбір ұйымдар әлеуметтік тапсырыстарды орындап жатқан өзге ұйымдардың жұмысына негізсіз араласады, заңсыз тексерулер жүргізеді, бейнекамераға түсіреді, арыз жазады,--дейді Талғар Мейірханов. 

 Бас дәрігер осыған байланысты «Жолдас» қауымдастығына қарайтын үкіметтік емес ұйымдарының әрекетіне құқықтық баға беруде СПИД орталығына өтірік мәлімет берген ұйымдарға қатысты  облыс прокурорына И. Иманов басқаратын құзырлы мекеме әділ баға беретініне зор үміт артып  отыр. Облыс прокуроры И.Имановтың бұл мәселе бойынша нендей шара көретінін тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық. Бұл мәселе қалай шешілеріне ақпарат құралдары үлкен қызығушылық танытуда. 

Әрине, бұл жерде дәрігерлер ВИЧ-ке қарсы күресте үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жоққа шығарып отырған жоқ. Мәселе бөлінген қаржының қаншалықты мақсатты жұмсалғанын саралау, кем-кетікті дер кезінде анықтап, оған алдағы уақытта жол бермеуде ғой. Ал қарсы тарап бұған не дер екен? Жоғарыда аттары аталған үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері өздерінің уәждерін білдіреміз десе, олардың да ой-пікірлерін тыңдауға даярмыз.    

Жәнібек Тархан,

Мұрағаттан, 2015 ж

Бектаевты Қаныбеков алмастыра ала ма?
Пәкеев проблемалардың бар екенін жасырған жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу