Құлыбаевтың «атжалмандары» ұрлаған активтер қайда?

Oinet.kz 07-12-2023 629

64a9116d81863305270987.jpg 

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи депутаттық сауалында активтерді қайтару жөніндегі комитеттің әлі күнге дейін қол қусырып отырғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, сайланғанына осы қарашада бір жыл болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 7 жылдық құзіреті аясында атқарылуы тиіс программалық міндеті ретінде әлеуметтік әділеттілік орнату басты бір бағдарламалық бағыты болатынын алғашқы жолдауында жария еткен. Президенттік парызды орындау – заңсыз жылыстатылған активтерді елге қайтаруға тікелей байланысты екенін де мемлекет басшысы өз аузымен айтқаны белгілі.

«Міне осы аса ауқымды міндетті орындау үшін президент өз жарлығымен уәкілетті орган – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрығанына кеше 5 желтоқсанда екі ай болды. Сол екі айдың ішінде бұл Комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Комитеттің қызметінен Қазақстандық қоғам мақұрым. Сондықтан активтерді қайтару жөнінде заң қабылдаған депутаттардың Асылов пен Сүйіндіков мырзалардан мынау сұрақтардың жауабын білгісі келеді:

 - Ел президенті белгілеген тапсырмаларды орындау бағытында Комитет қандай күштік-структуралық құрылыммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде Комитеттің құрамында қанша қызметкер бар? Еске салайын, президент алғашында Комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді.

 - Комитеттің шетелдік юридикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкен жұмыс істейді?

 - Осы өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Соңғы бір ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жәмішевтің «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгені малданып отырған жайларыңыз бар сияқты.

 - Сіздер қоғам алдында комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция беретін уақыт болған жоқ па?», - деді депутат.

Ермұрат Бәпи ұрланған активтердің елге қайтарылуын бағып, қазынаға қанша қаржы түсерін бағып, құзырлы органдардың іс-әрекеттерін бақылап отырған қоғам бар екенін ұмытпауды еске салды.

«Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз! Президенттің пәрменін, қызмет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бүгінгі бір өлшем – ұрланған активтерді елге қайтару екенін сіздерге ескертіп қойғым келеді!

Ал енді Бас прокуратура мен оның Комитеті жым-жырт жатқан кезде, «ескі Қазақстанның» клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасауда. Осы орайда менің қолыма жеткен инсайдерлік ақпаратты (көрсету) депутаттар алдында жария етіп, «ескі Қазақстанға» қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымгер азаматтарға ескерту жасағым келеді. Жекелеген фигуранттардың аты-жөнін атамай, бұл ақпаратты қаз-қалпында оқып берейін:

Міне, ұрланған активтерді елге қайтарады деп, біз сенім артқанКомитет ырғалып-жырғалып жүргенде, «ескі Қазақстанның» өзі бірте-бірте елге қайта бастаған сыңайлы.

Ал Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпаратты сіздің өзіңізге қосымша жолдап жіберемін (көрсету). «СК Петролиум» серіктестігінен келіп түскен «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» концорциуымынан (директоры Талғат Жұмаділдаев пен оның ұлы Абылай Жұмаділдаевқұа қатысты) ұрланып, шетелге тығылған 300 млн доллар активті іздеп қиналмайтын боласыздар! 

Сөз соңындағы сұрағым: құрметті Берік Ноғайұлы және Нұрдәулет Мықтыбекұлы! Жылыстатылған активтерді қайтару заңын қабылдаған депутаттардың алдында сіздер қашан есеп бермек ойларыңыз бар?», - деді мәжіліс депутаты.

 


Нұрбол Тұрашбеков: Сенімгерлікке берілген нысандар мемлекет меншігінде болады
Ғ.Сыздықбеков топырақ жолдардың мәселесін жаңа технологиямен шешпек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу