Түркістанда «пара алмайтын» аудиторға сот үкімі шықты

Oinet.kz 18-03-2024 928

 65140baf73c3b731350337.jpeg 

Түркістан облысында елді шулатқан «Бухгалтерлер ісі» бойынша соттың алғашқы үкімі шықты. Жоқ, сот үкімді бюджеттің миллиардттарын жоқ қылған есепшіге емес, бір мектепте анықталған қаржылық былық-шылықты жабу үшін 26 миллион теңге пара алды деген Тексеру комиссиясының аудиторына шықты. Бірақ үкім бойынша ол ешқандай да пара алмаған. Аудитор мектептегі қаржылық қитұрқылықтарды жауып-жапқанымен, ол қызметі үшін ешқандай ақы дәметпеген болып шықты. Қысқасы, кемшілікті жарияламай,  жасырып қалатын,  еңбегін бұлдамайтын нағыз жанашыр тексеруші болып тұр ғой. Сот та оған кеңпейілдік танытып, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындады.

Естеріңізде болса, былтыр шілдеде антикор облыстардағы білім саласында қаржылардың ұрлануына қатысты қылмыстық істер бойынша таратқан мәліметтерінде Түркістан облысында мемлекеттік ревизор - облыстық Тексеру комиссиясының бас инспекторының парақорлықпен әшкереленгенін жариялаған болатын.

-Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды,-делінген еді ресми ақпаратта.

Жуырда Түркістан қалалық сотында Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірін тексеріп, анықталған қаржылық заңбұзушылықтарды жасырып-жапқан Түркістан облысы бойынша Тексеру комиссиясы  Мемлекеттік аудит бөлімінің бас инспектор - мемлекеттік аудиторына үкім шықты.

Істің мән-жайына қарағанда, 2022 жылғы наурызында Тексеру комиссиясының екі аудиторына Сарыағаш ауданында мектептерде қаржылық тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылған. Екі аудитордың бірі Г.Бегалиева №60 жалпы орта мектебін тексеруге кіріскен. Аудиторлық іс-шараның тексеру кезеңі 2021 жылды қамтыған. 2 наурызда аудиторлар Сарыағаш қаласына келіп, тексеріс жүргізуге қажетті құжаттарды  тапсырмада көрсетілген мектептерден сұратып, оларды тексеруді қаладағы мектептердің бірінде отырып жүргізген.

Тексеру кезінде Г. Бегалиева №60  мектепте бас есепшісі мен есепшісінің 2021 жылы ақпан және желтоқсан айлары аралығында мектеп қызметкерлерінің аты-жөнін және өздерінің жеке карточкалық есепшоты мен жеке сәйкестендіру нөмірі  мәліметтерін көрсетіп, өздеріне артық жалақы ретінде жалпы 63 489 474 теңге ақша қаражатын аударғанын, яғни мемлекет қаражатын жымқырғанын анықтайды. Бұдан кейін аудитор бұл туралы аталған мектептің бас есепшісіне, кейіннен мектеп директорына  айтқан. Бас есепші мен директор қаржылық жымқыру актіге енген жағдайда қылмыстық жаупкершілікке тартылатынын түсінген. Оқиғаның одан арғы беталысы үкімде былайша жазылған:

-Өз кезегінде олар орын алған қаржылай заң бұзушылықтар тексеру актісінде көрсетілген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ұғынып, бұл мән-жайларды аудиторлық актіде көрсетпеуді Г.К. Бегалиевадан сұранып, өтінген.  Осы орайда, соңғылардың өтініштерінен кейін Г.К. Бегалиевада мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттіктерін қайшы пайдаланып, аудиторлық іс-шара барысында анықталған мемлекетке тиесілі 63 489 474 теңге ақша қаражаттарының негізсіз аударылғаны туралы заң бұзушылықтарды қорытындыға көрсетпей, өзінің қызметтік өкілеттіктерін басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу туралы қылмыстық ойы туындаған.

Қысқасы, аудитор бас есепші мен директордың өтінішін қабыл алған. Анықталған заңбұзушылықты өзінің есебінде көрсетпей, жасырып қалған. Әрине, мұндай өтініштің тегін болмайтындығы айтпаса да түсінікті ғой.  Бірақ үкімде Бегаливаның пара сұрағаны немесе алғаны туралы ешнәрсе жазылмаған. Сонда бұл қалай? Антикор 26 миллион теңге параны қайдан алған? Оның аспаннан түспегені немесе ойдан шығарылмағаны айдан анық қой. Әу баста сондай бір күдік болса керек. Бірақ ол тергеу барысында дәлелденбегенге ұқсайды. Басқаша қандай болжам жасауға болады?!

Айыпталушы аудитор тергеу барысында жасаған қылмысын толығымен мойындап, прокурормен процестік келісім жасасқан. Осы келісімнің нәтижесінде Бегалиева Қылмыстық кодекстің лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану (361 бап) бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3  жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім жуырда заңды күшіне енді.  

Естеріңізге сала кетейік, былтыр желтоқсанда антикор Сарыағаш пен Шардара аудандық білім бөлімінде 2,6 миллиард теңгенің жымқырылғанын жариялаған болатын. Бұл іс бойынша  17 адам жауапқа тартылып жатыр.

P.S. 63 миллион теңгені жымқырды деген  жоғарыда мектептің бас есепшісі мен есепшісінің ісі қазір Сарыағаш аудандық сотында қаралуда. 

 

 


Путин 87 пайыз дауыспен жеңіске жетті
Тоқаев Путинді президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу