Шөкеевтің тағдырын Қарашөкеев қайталай ма?

Oinet.kz 28-08-2024 301

 EQx8OcF545W2AEW63ELeUbFfSoNHGXFhXzANGNa2.jpg_width=1200Xheight=autoXtype=1.jpg

Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлықтың «қарыштап өсіп» кеткені соншалықты шенеуніктер ар-ұятты жиыстырып қойып, тек ақша жеумен айналысуға көшкен сияқты. Бұл бұрыннан келе жатқан «дәстүр» ме әлде ала жаздай салқын кабинетінен ұзап шықпаған Ербол Қарашөкеев келгелі Әулие ата өңірінде тәртіп жағы босаңсып кеткен бе? Әйтеуір тегін емес.

Мәселен Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін уақытша атқаруға тағайындалған азамат креслоға отырған бойда қарамағындағы қызметкерден пара алған.  

Әлі заңды күшіне енбеген сот үкіміне қарағанда, биыл Мойынқұм ауданының әкімі қызметінен кетіп, Сәбит Төлегенов 4 мамырда аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалған (ол бұған дейін аудан әкімінің орынбасары болып істеген). Қызметіне кіріскен бойда ол қаржы бөлімінің басшысы Танат Әділбаевтың қыр соңына түскенге ұқсайды. Бөлім басшысының жұмысына қайта-қайта сын айтады, әйтеуір атқарған тірлігін жаратпаған. Ал Әділбаев  Төлегеновтың ойында не барын, оның нені ишаралап жүргенін әрине, жақсы түсінген. Ақыр аяғында оған 400 мың теңге көлеміндегі параны кабинетіне апарып береді. Осыдан кейін и.о. әкім де тыныш, бөлім басшысы да тыныш болған ғой.  

Мойынқұмдағы сыбайлас жемқорлық қылмыс мұнымен бітпейді. Жоғарыдағыларға беруді жақсы білетін Әділбаев төмендегілерден алуды да қатыратын болып шықты.  Биыл наурызда аудандағы Мойынқұм ауылдық округі әкімдігі мердігермен жол жөндеу жұмыстары бойынша келісім жасаған. Оған қаралған қаражат 6,7 миллион теңгені құраған. Ұзын сөздің қысқасы Т.Әділбаев осы ақшаны кедергісіз аударып бергені үшін мердігер компаниядан аудандық спорт бөлімінің бас маманы Ақылбай Шубаев арқылы 600 мың теңге пара алған.

Сот үкімімен Т.Әділбаев 18 миллион теңге, ал С.Төлегенов пен   А. Шубаев 12 миллион теңге айыппұл төлеуге сотталды. Сот барысында сотталушылардың барлығы өздеріне тағылған айыптарды бұлтарусыз мойындаған.  Бұл деген сөз олардың тарапынан сот үкіміне апелляциялық шағым берілмеуі мүмкін.

Айтпақшы, осының бәрін құзырлы органдар қайдан біліп жүр дейтін шығарсыз? Сот үкіміне қарағанда, аудан әкімі мен бөлім басшысының кабинетіне тыңдағыш құралдар қойылған. Бейнежазбалар сыбайластардың қылмысын ешқандай дау айтпайтындай мойнына қойып бергенге ұқсайды.

Енді сот үкімі күшіне енсе, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 10 күн ішінде Президенттің атына отставкіге кету жөнінде арыз жазуы керек. Рас, бұл жерде бір мәселе бар--Төлегенов аудан әкімі емес, әкімнің міндетін атқарушы болып тағайындалған шенеунік. Алайда қалай десеңіз де  бәрібір ол облыстық әкімдікке тікелей бағынатын ауданның бірінші басшысы болып істеді емес пе?  Оның үстіне Төлегеновтың кандидатурасын бекітер кезде Қарашөкеевтің келісімі алынбады дегенге кім сенеді?

Осыдан дәл екі жыл бұрын Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа шығарылған үкім күшіне енген соң Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкіге кеткен еді. Енді Шөкеевтің тағдырын Қарашөкеевтің қайталауы мүмкін бе? Күтіп көрейік.

Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі лауазымына былтыр қыркүйекте тағайындалған болатын.


Қосқан да, бөлген де бір әкім... Немесе Түркістанның туризмінен не күтуге болады?
Ермек Маржықпаев, Туризм және спорт министрі: Дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу