Ермек Маржықпаев, Туризм және спорт министрі: Дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты

Oinet.kz 29-08-2024 266

d0c141945b554ffd262ba9035f95af8f_1280x720.jpg 

«Дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты». Туризм және спорт министрлігінің Париж олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында  министр Ермек Маржықпаев осылай деді.

--Өздеріңіз білесіздер, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиада жүлдегерлерімен кездесті. Спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Спортқа жүйелі қолдау көрсетіп, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар,-деді министр.

Ермек Маржықпаев өңірлердің жағдайына тоқталды.

«Ұлттық құрамаға 17 өңірдің спортшылары кірді. Алматы (17), Астана (14) және Шымкент (12) өкілдері көп жолдамаға ие болды. Ал Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының спортшылары бірде-бір лицензия алған жоқ. Жүлдегер спортшылар келесі облыстардан шықты: Жамбыл облысы (алтын – Е.Сметов.), Алматы қаласы (күміс – Н. Құрбанов, 3 қола: Ғ. Қырғызбаев, Н. Қызайбай, И. Сәтпаев және А. Ле), Астана қаласы (күміс –Н.Оралбай), Алматы облысы (күміс – Д. Жадыраев)», - деп атап өтті министр.

Ермек Маржықпаев міндеттемелерге сәйкес еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды. Тіпті медаль жеңіп алу жағынан ең сәтсіз деген Токио Олимпиадасында қола медаль болған еді.

«Тарихта тұңғыш рет әйелдер күресінен спортшылар Ойындарға қатысқан жоқ. Бұрын бізде дәстүрлі түрде жақсы позициялар болған», - деді министр.

 


Шөкеевтің тағдырын Қарашөкеев қайталай ма?
Солтүстікке қоныс аудару—қолайлы мүмкіндік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу