Тұяқбаев не дейді, Тұрбеков пен Т. Елғонов не дейді?

Oinet.kz 09-07-2019 1080

Screenshot_5.jpg

Тағы да шаруларды шырылдатқан шегірткенің шырылы. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары Сапарбек Тұяқбаев таяуда журналистермен жүздескенде Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік испекция комитетінің ОҚО аумақтық инспекциясы мен Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының қателіктерін жіпке тізгендей етіп жайып салды. Ол соның салдарынан шаруалар зиянкестерден жапа шекті деп есептейді. Аты аталған құзырлы мекемелер Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. 

Сапарбек Құрақбайұлы бұған дейінгі брифингтегі  облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысы Серік Тұрбековтің бірқатар сөзін жоққа шығарып бәрін табиғатқа жаба салумен келіспейді. Өйткені оған қатысты әрі жауапты мемлекеттік мекемелер бар, министрлік, әкімдіктер, арнайы болжам орталығы, инспекция, басқарма жұмыс істейді. Оның айтуынша, Шымкент қаласының өзінде өткен жылы саяқ шегірткелер жауын-шашын көп болмаса да тұрғындарға ыңғайсыздық тудырған.  Сол кезде кейбір шаруалар зиян шеккен де екен. Былтырғыдан секем алып қалған билік биыл үйірсіз шегірткелерді улауға жергілікті бюджеттен 48 миллион теңге қарастырған.

– Негізгі кінә  - Ауыл шаруашылығы министрлігінде қарасты инспекцияда. Олардан келген комиссияның алдын ала растаған деректеріне сәйкес, 40 мың гектарға қателескен. Үйірлі шегірткенің басым көпшілігі осы өңделмеген жерден тараған. Оның үстіне саяқ шегірткенің қаупі бар деген 28 мың гектардың 8 мыңы ғана расталып отыр. Яғни, 20 мың гектардан шегіртке шыққан жоқ. Бұл да қателік, бар жерді жоқ деп, жоқ жерді бар деп. Сосын өкінішке қарай, инспекция тарапынан жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстары 17 мамырдан кейін басталды. Негізі үйірлі шегіртке 29 наурыздан бері  көбеюге көшті. Шардара, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласында 5 мамырдан бастап күшейді. Бұл кезде де ескерткенбіз. Тағы бір қателік, жер үсті техникасымен 15 мың гектарға дәрі бүрку қажет болса, оның 10-ақ мың гектары өңделген. Авиациямен атқарылатын жұмыс 10 мың гектарға жуық болса, оның 4,5 гектарына пестицид себілген. Мердігерлердің де көп кемшіліктері анықталды,- деді С.Тұяқбаев. 

ОҚО аумақтық инспекциясы өсімдікті қорғау бөлімінің басшысы Т.Елғонов мұның алдындағы брифингте  өздеріне шаң жуытпай, шегірткенің ошағына барып бақша екті деп диқандарды сынаған болатын.  «Испекцияның шаруалар шегірткенің ошағына барып бақша дақылдарын екті дегенімен келіспейміз. Егер ол жер шынымен де зиянкестердің ошағы саналса, егін егуге болмайтынын диқандарға барып айту – инспекцияның міндеті. Жазбаша түрде шаруаларға немесе әкімдікке ескертуі керек еді. Өкінішке қарай  ондай ақпаратты шаруалар да, біз де алған жоқпыз» деді әкімінің орынбасары.  

  «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, жұрт өздерін қоса кінәлайтынын  біліп алған әкімдік  енді министрлік жауапты деп қарап отырмай солардың құрылымдарымен бірлесіп облыс бойынша талдау жұмыстарын жүргізбек. Бұл топқа ауыл әкімдері енеді және шаруалармен кездесу күтілуде. Себебі қай жерде зиянкестердің қандай түрі барын шаруалардан артық ешкім білмейді. Ал зерделеу жұмыстары аяқталған соң екі-үш айда зиянкестер туралы толық ақпарат облыс шаруаларына түгелдей түсіндіріліп таратылмақшы. Өйткені техникалық талаптарға үнемі сай  келе бермейтін, жұртты әбден мезі еткен мердігерлердің мүмкіншіліктеріне сеніп қалуға тағы болмайды. 

Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті №24-25, 23 маусым 2016 жыл

Ауыл шаруашылық басқармасы аумақтық испекцияны, ал олар ауа-райын кінәлап әлек
Оңтүстікті басқарған тоғыз әкім туралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу