Жапаров Ақаевтың басты қателігін атады

Oinet.kz 27-09-2024 242

image.jpg 

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында Асқар Ақаевтың билігі кезінде жіберген қателіктері туралы айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Қырғызстан басшысының айтуынша, елдің тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың басты қателіктерінің бірі — елдегі жекешелендіру үдерісін бақылай алмағаны.

— Қолында ақша мен билік барлар халықтың мүлкін талан-таражға салды. Жұмыс істеп тұрған зауыттар мен фабрикалар жойылып, станоктар шетелге сатылды, — деді ол.

Садыр Жапаров құлдыраған ауыл шаруашылығы мәселесін де атап өтті.

— Ауыл шаруашылығы мәселесінде Ақаев кінәлі емес, себебі ол агроном емес, ғалым. Ауыл шаруашылығының жойылуына біліксіз демагог министрді кінәләу керек. Бұл салаға марқұм Жұмғалбек Аманбаев сияқты мықты министр тағайындау керек еді. Осылайша Асқар Ақайұлы кадр таңдауда қателесті, — деді Садыр Жапаров.

Асқар Ақаевтың үшінші басты қателігі — ол халықты ақыры өзін қуып жіберетін дәрежеге жеткізгені.

— Елді 10 жыл басқарған соң абыроймен кетуі керек еді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, адам президент болып ұзақ қызмет етпеуі керек. Егер Асқар Ақаев қуып жіберуге жеткізбей, орнын босатқанда оның тұңғыш президент және экс-президент ретіндегі портреттері қазір барлық жерде ілулі тұрар еді. Егер сіз 99 жақсылық жасап, бір қателік жасасаңыз, халық оны кешірмейді. Адамдардың табиғаты сондай, оған ренжудің қажеті жоқ. Жақсылық тез ұмытылады, ал жамандық ешқашан ұмытылмайды,-- деді Қырғыз басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстанның бұрынғы мемлекет басшысы Асқар Ақаев ел парламентіне экс-президент мәртебесін қайтаруды сұрап хат жолдаған болатын.

5 қыркүйекте өтініш Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылыс, сот-құқықтық мәселелер және регламент комитетінің қарауына жіберілді.

Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсаловтың айтуынша, Асқар Ақаевтың хаты дұрыс мекенжайға бағытталмаған.

Кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Асқар Ақаевтың үндеуіне жауап берді.

24 қыркүйекте Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі комитеті А.Ақаевтың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Бір күн бұрын Жогорку Кенеш отырысында депутаттар экс-президент мәртебесін қалпына келтіруге қарсы дауыс берген болатын. 

 


Шымкенттік студент Францияда өткен чемпионатта жүлдегер атанды
Президентке қастандық жасамақ болған кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу