«Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?

Oinet.kz 01-10-2024 282

Шекараның арғы жағында еліміздің мүддесін ілгерілетіп, күллі қазақтың атынан сөз сөйлеп жүрген елшілердің арасында мансап жолымен сатылап көтерілген кәсіби дипломаттар ғана емес, талай кресло көрген мүйізі қарағайдай саясаткерлер, бір-бір саланың тізгінін ұстаған бұрынғы министрлер, аймақтарды басқарған атышулы әкімдер де бар, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ulysmedia.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап. 

Screenshot_3.jpg

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАНША ЕЛДЕ ЕЛШІСІ БАР

ҚР СІМ мәліметінше, әлемнің әр бұрышында еліміздің 104 шетелдік мекемесі – 66 елшілік, 5 тұрақты өкілдік, 2 дипломатиялық миссия, 18 бас консулдық, 11 консулдық, 1 елшілік бөлімшесі және 1 ҚР СІМ паспорттық-визалық қызметі (Үрімші қаласында) жұмыс істейді. Қазақстан 63 елде кеңселік үй-жайларды жалға алып отыр. Ал Түркия Республикасы, Литва Республикасы, Қырғыз Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Сауд Арабиясы Корольдігі, Италия Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия Федеративтік Республикасы, Украина, Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Өзбекстан Республикасы сияқты елдерде елшіліктердің арнайы ғимараттары салынған. Олардың бәрі – Қазақстанның меншігі.

«Дипломатиялық қызмет туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекеттің өзге елдердегі елшілері, Қазақстанның халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдері үшін бес жылдан аспайтын жұмыс мерзімі белгіленген. Алайда қажеттілік туған жағдайда президент олардың жұмыс мерзімін ұзарта алады.

ЕЛШІ МЕН КОНСУЛДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Дипломатия туралы сөз қозғалғанда бұл саладан хабары аз адамдарды қызықтыратын негізгі сұрақтардың бірі – шетелдегі елшілік пен консулдықтың айырмасы қандай?   

Елшілік – бір мемлекеттің екінші мемлекеттегі елшісі басқаратын дипломатиялық өкілдігі. Елшілік құрамына елшіден басқа ресми дипломатиялық қызметкерлер және қызметшілер енеді.

Елшілікті төтенше және толық құқылы елші басқарады. Ол – хаттамалық қатынас бойынша ең жоғарғы дәрежедегі дипломатиялық өкілдіктің басшысы. Елшіні мемлекеттердің өзара келісімімен тағайындалады. Ол өзін аккредиттеуші мемлекетпен оның азаматтарының мүддесін қорғауға, өзі орныққан ел өкіметімен келіссөздер жүргізуге, аккредиттеуші мемлекет пен өзі орныққан мемлекет арасында өзара достық қарым-қатынасты дамытуға міндетті.

Консул – басқа мемлекетте өз мемлекеті мен оның азаматтарының заңдық және экономикалық мүдделерін қорғау істерін орындау үшін тұрақты өкіл ретінде тағайындалған лауазымды адам. Консулды тағайындаған мемлекет оған жеке басын куәландыратын патент береді және ол өзі қызметке келген мемлекеттің рұқсатынан кейін ғана міндетіне кіріседі. Консул тағайындалған елінде өз мемлекетінің заңды тұлғалары мен жекелеген азаматтарының экономикалық және құқықтық мүдделерін қорғайды, төлқұжаттар мен кіру-шығу рұқсатнамаларын береді, нотариалдық қызметтер, т.б. атқарады. Консулдық мекеме басшылары өздері басқаратын консулдықтың класына қарай Бас консул, консул, вице-консул, консулдық агенті болып 4-ке бөлінеді.

“ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАН” ЖҰМАҒАЛИЕВ ПЕН НҰРТАЕВ

Пәлен елге түгенше елші болып тағайындалды деген ақпарат Ақордадан жиі тарайтындықтан, осы күні жұрт мұндай жаңалыққа аса елеңдей қоймайды. Тек танымал саясаткерлерге қатысты ауыс-түйістерге ғана құлақ түреді.

Мәселен, жақында Тоқаев Қазақстанның Нидерланд және Швециядағы елшілерін ауыстырды. Швецияда елші болған Сергей Нұртаев пен Нидерланд Корольдігінде қызмет еткен Асқар Жұмағалиевті жұмысынан босатты.

Елшілікке дейін талай кресло ауыстырса да, Жұмағалиев коронавирус пандемиясы кезінде төрт қабырғаға қамалған халыққа жібі түзу интернет ұсына алмаған министр ретінде жұрт жадында жатталды. Цифрландыру саласындағы жұмыстарға салғырт қарағаны үшін Тоқаевтан  сөгіс алғаны да көптің есінде. 2020 жылдың шілдесінде қызметінен қуылып, тура екі айдан кейін Нидерландқа жөнелтілген еді.

Бір кездері тіпті, журналистерді де басқарған (Байланыс және ақпарат министрі) Асқар Жұмағалиев Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы, Бас прокурор, Сенат төрағасы болған Қайрат Мәмидің қызына үйленген. Белгілі болғандай, Мәми ҚР экс-президентінің бұрынғы жары Сара Назарбаеваның анасы жағынан жиені.

Ал Сергей Нұртаевқа келсек, ол Президент Әкімшілігінің алғашқы басшысы болған Нұртай Әбіқаевтың ұлы. Әбіқаевтың өзі Қазақстанның  Ұлыбритания, Швеция, Норвегия және Ирландиядағы, сондай-ақ Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған. Ұлттық қауіпсіздік қызметін де басқарды. 2018-2022 жылдары "Отандастар қорының" президенті болған. Содан кейін Әбіқаев “саясат сахнасынан” жоғалып кетті. Ұлы Сергей де әкесінің ізімен ұзақ жылдар елші болған. Дәлірек айтсақ, 22 жыл Еуропаның түрлі елдерінде (Грекия, Италия, Мальта, Швеция, Дания) осы қызметтің тұтқасын ұстаған. 

«КЕТЕМ» ДЕП ШУЛАТҚАН КӘЛЕТАЕВ

Жұмағалиевтің түйдей құрдасы, Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев та талай министрлікті басқарған тәжірибелі саясаткер. Негізгі мамандығы – тарихшы. Кейін ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Саяси ғылымдарының докторы.

Тоқаев Кәлетаевты Украинаға 2020 жылдың ақпанында жіберді. Оған дейін ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ол бұл лауазымға 2019 жылдың наурызында, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келген кезде тағайындалған еді. Бір айта кетерлігі, Дархан Кәлетаев дәл осы қызметті 2007-2008 жылдары да атқарған. Одан кейін жеті жыл табан аудармай «Самұрық-Қазынада» Басқарушы директор болды. 2018-2019 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі, ҚР Қоғамдық даму министрі болды. Одан соң аз уақыт Премьер-министр кеңсесін басқарды.

Өткен жылы әлеуметтік желілерде Дархан Кәлетаев өзінің дипломатиялық миссиясын аяқтағаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген елші:

«Жоқ, әзірге өз орнымдамын. Агреманға жаңа елшінің өтініші қазір Украина СІМ-де қаралып жатыр. Бұл ресми рәсім бір айға созылуы мүмкін», – деген болатын.

Алайда одан бері бір ай емес, тұп-тура бір жыл өтті. Кәлетаев әлі орнынан қозғалған жоқ. 5 айдан кейін Украинадағы жұмыс мерзімі аяқталуы тиіс. Тоқаев оны Астанаға қайта жайғастыра ма, әлде әрі қарай да жырақта ұстай бере ме?

«АДАЛДЫҚТЫ» СҮЙЕТІН КӨЛГІНОВ

Елшілердің арасында экс-әкімдер де аз емес. Мәселен, 3 жыл Батыс Қазақстан облысын, 3 жыл Астананы басқарған Алтай Көлгінов қазір Эстонияда қызмет етіп жүр. Елшілік қызметке кіріскеніне небары жарты жыл болды. Үкіметтегі алты ай істеген соңғы қызметі – вице-премьерліктен босатылғаннан кейін көрінбей кеткен Көлгінов Тоқаевтың пәрменін көп күтті. Президент оған қандай қызметті лайық көрер екен деп 9 ай бойы Ақорда жаққа елеңдеді. Биылғы наурызда Тоқаевтың жарлығы шығып, экс-әкімнің шекара асатыны белгілі болды.

Алтай Көлгінов жайлы сөз болғанда оның «Болашақ түлегі екені, Ұлыбританияның белді университетінде оқығаны айтылмай қоймайды. Алайда елге оралған соң озық елдің тәжірибесін қызметте қолдана алмағанын да жұрт жиі айтады. 2012-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысын, 2013-2016 жылдары Орал қаласын басқарғанда бүлдірген былықтары талай жылдан кейін ашылып, даулы істер әлі шешімін таппай келеді.

Астана әкімі болған тұста да халықтың алғысын ала қойған жоқ. Талдыкөл дауы да Көлгіновті көпке «жағымсыз кейіпкер» етті. Үлескерлер мәселесі, LRT жыры, су тапшылығы бар – бас қалада әкім шеше алмаған мәселе көбейген соң Тоқаев Көлгіновті орнынан алып тастады.

Президенттің де, халықтың да үдесінен шықпаған экс-әкім қызметіне қатысты сынның көптігіне қарамастан адал жұмыс істедім деп есептейді.

Өткен жылы үкімет кулуарында журналистердің бірі бұрынғы әкімнен Астана тұрғындары оны «Көлгінов 20%» деп атайтыны жайлы пікір білдіруін сұраған. Бұл сұрақты естіген Алтай Көлгінов ашуға мінді. Ол өз жұмысын жақсы орындағанын және мұндай шабуылдар тапсырыспен жасалғанын айтты.

«Сіз мемлекеттік қызметшіні қоғам алдында айыптап тұрсыз. Бұл үшін  жауап бересіз. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты осындай шабуылдар бар. Бұл тапсырысмен жасалған. Мен әкім ретінде адал жұмыс істедім», – деп шамырқанған еді.

«МҰНАЙШЫ» НОҒАЕВ

Көктемде Каспий жағалауындағы «кадрлық тазартудан» кейін қызметінен қағылған Нұрлан Ноғаев та қазір елші. Үш ай бұрын Түрікменстандағы жұмысына кіріскен ол – әкімдік тәжірибесі көп саясаткер. Төрт жыл Батыс Қазақстан облысын, үш жарым жыл Атырау облысын, үш жылға жуық уақыт Маңғыстау облысын басқарды. Мұнай-газ саласында да 10 жылдан аса еңбек етті. 2019 жылдан 2021 жылға дейін – дәл пандемия және әлемдегі экономикалық дағдарыс кезінде энергетика министрі болды.

Сол тұста Ноғаевтың елге «қара аққулар» – майнерлерді кіргізуі үлкен наразылық тудырды. Олар елдің энергия ресурстарының едәуір бөлігін «жеп қойды», салдарынан 2022-2023 жылғы жылыту маусымында Екібастұз және еліміздің тағы бірнеше қаласы жылусыз қалғаны белгілі. Майнерлер елде электр энергиясының бағасын төмендетті. Нәтижесінде біздің еліміз биткоин өндіру бойынша әлемде үшінші орынға шықты, ал қазақстандықтар жылу мен жарық тапшылығын тарта бастады.

Экс-министр Маңғыстауды басқарған уақытта да көп проблемаға тап болды. Бітпейтін еңбек жанжалдары, мұнайшылардың Жаңаөзенді қойып, Астанаға келіп ереуілдетуі, МАЭК-тегі апат, аймақтағы су тапшылығы – мұның бәрі Ноғаевтың әкім креслосында ұзақ отырмайтынын ұқтырған. Оның лауазымынан босайтыны жайлы ақпарат 15 мамырда тарады. Бірақ әкімдік өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, «облыс әкімі жұмыс орнында» деп шыр-пыр болды. Алайда әкім орнында болмай шықты.

Ноғаев әкім кезінде де, министр болғанда да халықпен тіл табысуға тырысты немесе сондай сыңай танытты. Көбіне әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жасауға әуес болды. Бейнежолдауларында жұртты сабырға шақырып, мәселені шешуге уәде беретін. Бірақ мұнысы халықшыл әкімнің емес, пиаршыл әкімнің әрекетіне көбірек ұқсайтын.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде маңғыстаулықтар уәдешіл әкімнің сөзіне құлақ асқан жоқ.  Газ бағасының шарықтағанына наразылық білдірген жаңаөзендіктер 2 қаңтарда ереуілге шыққан. 3 қаңтарда Маңғыстау әкімі Ноғаев наразы топпен кездесуге барды. Бірақ жиналған жұрт оның уәдесіне сенбей, «шаруа шешпейтін әкімнің керегі жоқ. Кетіңіз!» деп қуып жіберген-ді.

Осыған қарамастан былтыр күзде Әлихан Смайылов үкіметі отставкаға кететіні жайлы әңгіме көбейгенде үкімет басшылығына Ноғаев келеді деп көріпкелдік танытқандар аз болған жоқ. Бірақ Смайыловтың орны оған бұйырған жоқ.

Дәуір желімен жарысқан саясаткер Түрікменстанда қанша уақыт да дамылдары белгісіз. Мансап жолы жат жұртта тәмамдала ма, әлде елде тағы да жұмсақ кресло бұйыра ма – уақыт көрсетеді.

ТАСАҒА КЕТКЕН АТАМҚҰЛОВ

Дамылдау демекші, экс-министр Бейбіт Атамқұлов та екі жылдан бері елдегі саясат сахнасынан демалып жүр. Жұртқа әкім және министр ретінде жақсы таныс саясаткердің еңбек жолы металлургия саласынан, нақтырақ айтқанда, мыс зауытында балқытушы қызметінен басталғанын біреу білсе, біреу білмес. Үлкен саясатқа дипломатия арқылы сүрлеу салған. 2006 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа орналасып, әуелі Қазақстанның Ресей Федерациясындағы және Иран Ислам Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі, 2008-2010 жылдары – Франкфурт-Майндағы Бас консул болды. Одан кейін еліміздің Малайзиядағы және Индонезия Республикасындағы, Бруней-Даруссаламдағы және Филиппин Республикасындағы елшісі қызметін атқарды.

2012 жылы үкіметтегі қызметі басталды. Әуелі екі министрлікте жауапты хатшы болды. Арасында бір жыл Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып келген соң Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Сыртқы істер министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметтерін атқарды.

2022 жылдың күзінен бері Өзбекстанда. Жақын көршімен қарым-қатынасымызда қиындық жоғын ескерсек, Ташкент – Атамқұловтың дипломаттық потенциалын немесе саясаткерлік  салмағын көрсететін жер емес. Демек, зейнетке дейінгі жылдарын көптің назарынан тасада, тыныштықта өткізуі өзі үшін де, Тоқаев үшін де қолайлы шешім болған сыңайлы.

КРЕМЛЬГЕ ҰНАҒАН АБАЕВ

Ташкент жайлы тұжырымымыздан кейін қазақ дипломатиясында елшінің кәсіби потенциалы мен саяси салмағының құны жоқ деген пікір тууы мүмкін. Бұл – жаңсақ ой. Дипломатиялық қарым-қатынас шиеленіскен, алыс-беріс ақсаған немесе құндылықтар мен ұстанымдар қайшылығы туған кейбір мемлекеттерге таңдаулы елшілер жіберіледі. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев та сол таңдаулылардың бірі. Соғыс жүргізіп жатқан, жаппай санкцияға ұшырап, әлемдік қауымдастықтың қаһарына іліккен мемлекетпен әрі қарайғы әріптестікті «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» принципімен жүргізу үшін тіс қаққан дипломат керек болғаны белгілі. Оның үстіне, елшіні тағайындау үшін үміткерді екінші тарап – яғни қабылдаушы мемлекет те құптауы шарт. Тағы бір айта кетерлігі, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ, Ресей секілді Қазақстанның ірі серіктестеріне аттанатын елшілер – сыртқы істер министрі деңгейіндегі адамдар. Таңдау Абаевқа түскеніне қарағанда ол осы ұғымға сай келген болуы керек.

Қазақстанның мәдениеті мен спортына жауапты болған экс-министр – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Лейден университетінің түлегі.

Еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратынан бастап, кейін Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы және Нидерланд Корольдігіндегі елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарған. 2011-2016 жылдары Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі болды. Одан кейін үш министрлікті басқарды: ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі.

2023 жылдың наурызында ТМД Бас хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалса, сол жылдың шілдесінде Мәскеуге «жолдама» алды.

Қалай болғанда да, оның қазіргі креслосының бұрынғылардан бәсі биік. Мәскеуден межелі міндетін орындап қайтса, Абаев анау-мынау қызметті місе тұта қоймас. Одан бұрын Ресейде елші болған Ермек Көшербаев ШҚО тізгінін алғанын, Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ-да бас хатшы боп отырғанын ескерсек, Дәурен Абаев та жақсы орын дәметері анық.

«ЕЛШІ БОЛУ – ТӨМЕНДЕУ»…

Жанат Момынқұлов, Саясаттанушы:

- Қазақстанда үлкен саяси қызметте жүріп, басқа елге елші болып тағайындалып кету – негізі бірнеше мағынаны білдіреді. Біріншісі – төмендеу. Яғни, ол Ақордаға жақын, сол жағалауда үлкен мүмкіндіктер орталығынан жырақта, шет жақта қалу дегенді білдіреді. Сондықтан, көп жас саясаткерлер өзіне елшілік лауазымы ұсынылған кезде көп ойланады. Сапырылысып тұратын «үміткерлер колодасынан» шығып қалам ба деген үрей болады. Өзім де сондай жағдайға бір рет куә болғанмын. Үлкен саяси перспективасы бар жас саясаткерге Таяу Шығыстағы бір лауазым ұсынылған кезде көп ойланып, бас тартты. Сөйтіп, Астанада қалды да, қазір өсіп жатыр. Бұл бір.

Екіншіден, Ескі Қазақстанға жақын кейбір фамилиялар – Абаев, Кәлетаев секілді адамдар бір жағынан демалысқа кеткендей болып отыр. Яғни, қысқаша айтқанда, елші болып тағайындалу зейнеткерлер үшін, үлкен қызметтен өтіп, ары қарай қалған өмірін рахатта, тыныш жерде өткізудің бір жолы деп ойлаймын немесе үлкен саясаттан ығыстырудың тәсілі де болуы мүмкін.

Бұрын елші болып, кейін сол жағалауға қайтқандарға келер болсақ, ондай кісілерді есіме түсіре алмай тұрмын. Қысқаша айтқанда, елші болу – төмендету деп есептеймін. Әрине, өзін көрсеткісі келетін жас саясаткерлер үшін ол үлкен мүмкіндік. Мысалы, бізде бірнеше жыл оппозицияда жүргендейсіп, әртүрлі еркін саяси ойларымен танымал Расул Жұмалы Ливанға елші болып кетті. Сол сияқты кезінде Польшада елші болған қазақ дипломатын тағы бір елге елші қылып жіберді. Қайрат Әбдірахманов сияқты кезінде өте мықты, болашағынан үлкен үміт күттірер дипломаттар Ескі Қазақстанның мүшелері ретінде бір елшіліктерде қалып, аты көмескіленіп қалды.

Елші қылып жіберу – өсіп келе жатқан кейбір жас саясаткерлердің ындынын басу үшін басқа жаққа жіберу немесе сынап көру әрекеті болуы мүмкін. Сонымен қатар, қауқары қайтқан, кәрі саясаткерлерді шет жаққа жіберу әрекеті де болуы ықтимал. Одан бөлек, болашағынан үміт күттірер ықпалды тұлғаларды да Ескі Қазақстанның тұлғалары сияқты басқа елдерге жіберіп, ықпалын бейтараптандыру, оларды ұмыттыру әрекеттері болуы мүмкін деп ойлаймын.

Әрине, орталықта жүру, көзге көріну, Ақордаға жақын болу – өсудің гарантиясы. Ал қандай елге елші болып барады, стратегиялық маңызы бар елге ме, әлде жай қатынастағы көп елдің біріне бара ма? Ол да өте маңызды.

Тоқаевтың жаңа командасының көбі сол дипломаттардың арасынан қалыптасып жатқаны белгілі. Көбінесе, орталықта жұмыс істегендер де жақсы өсіп жатыр.

Тағы бір мысал келтірер болсақ, кейбір министрлікте істеген, кейін елші болған, одан кейін Қазақстанға келген соң үлкен ұлттық университеттерге ректор ретінде тағайындау тәжірибесі де бар. Қанша дегенмен олар – Қазақстанның кадрлары. Олардың әлеуетін қолдану – саяси жүйе үшін тиімді. Белгілі бір колода бар. Соларды сапырылыстырып, араластырып отырады. Оған жас буыннан да қосып отырады. Кәрілер кете береді. Ауысым жүйесі жұмыс істейді. Бірақ бізде өте жай істеледі. Саяси арпалыстың, күрестің көрінісі де осы елшіліктерге тағайындаудан да байқауға болады. СІМ-нің сыртқы саяси зерттейтін институтта мәселен, тәжірибелі әрі зейнеттегі үлкен қарт кісілер жұмыс істеп жатыр. Олардың тәжірибесі құнды. Дегенмен, ондай институтта үлкен кісілердің шоғырланып отырғаны тиімді ме деген сұрақты туындатады.

Сол сияқты күш құрылымдарында және басқа да әскери мәртебесі бар тұлғалар да мемлекет қаржыландыратын әртүрлі институттарға ғылыми сарапшы ретінде тарту тәжірибелері бар. Қысқаша айтқанда, бұрынғы дипломаттарды осылай пайдалану, оларға қызмет беру, олардың зейнетақысымен қосымша қызмет беру дәстүрі бізде қалыптасқан.

«САЯСИ СЕНІМ ДЕГЕН ТҮСІНІК БАР...»

Ғазиз Әбішев, Саясаттанушы:

- Біріншіден, бұл әлемдік практикаға қарама-қайшы емес. Мәселен, осыдан біраз бұрын Біріккен Ұлттар ұйымында АҚШ-тың өкілі ретінде Никки Хейли барды. Ол қызметке Хейли Трамп әкімшілігіндегі штат губернаторы лауазымынан барған. Көп жағдайда америкалықтар сондай қызметке дипломатиялық корпустан тыс азаматтарды қояды. Бұл әйгілі практика.

Әрине, мемлекеттің сыртқы істер министрлігі құрылымында көбінесе кадрлық дипломатиялық қызметкерлер еңбек етеді. Олар әдетте, дипломатиялық академияны бітіреді де, өмір бойы сондай қызметте жүреді. Ол санаттағы адамдар дипломатиядан тыс адамдардың өз қатарына келгенін құптамайды. Өйткені ол жақта әр орын үшін талас, ішкі интрига, ерегес көп. Ал елші болу – өте абыройлы қызмет.

Саясат жүйесінде «саяси сенім» деген түсінік бар. Ол жақта тағайындаудың саяси критерийлері белгіленген. Егер ол азамат елде көп жыл қызмет атқарып, мемлекеттік тілді білсе деген біліктілік талаптары қойылған. Алайда кімді қайда тағайындауды айқындайтын мемлекет билігінің адамдарына ең бастысы ол адамның дипломат болуы емес, саяси әдіс-тәсілді меңгерген, өз тәжірибесіне, сол қызметке сай болуы маңызды. Әр мемлекетпен қарым-қатынас әрқилы. Міне, сондықтан, осындай шешімдер қабылданады. Егер биліктегі бір адам белгілі бір елмен жақсы қарым-қатынаста болса, оны сонда жібереді. Сол арқылы байланысты реттеу мақсаты көзделеді. Өйткені сол елдің басшыларымен баратын адамның жақсы қарым-қатынасы жолға қойылған.

Мәселен, Иманғали Тасмағамбетов комсомол белсендісі әрі сол ұйымға әрдайым жақсы қараған. Сондықтан, оны ҰҚШҰ-ға жіберді. Тасмағамбетов Ресей элитасымен жақсы қарым-қатынас құра алады. Дәурен Абаев кезінде «үңгірдегі ұлтшылдық» туралы айтты да, оны да сол жаққа жіберді. Егер сіз баратын елде саяси салмағы жоқ немесе ол жақта өзіне дұрыс қарамайтын адамды сол елге жіберсеңіз, ол функционалды түрде сізге қажетті пайданы әкеле алмайды. Демек, барған елімен қарым-қатынасты реттеп, керек кезде қажетті саяси қысымды жасап, қажетті ақпаратты ала алмайды. Демек, саяси салмақ бұл жағдайда көп маңызға ие. Кейбір жағдайда саяси байланыс, салмақ адамның дипломатиялық біліктілігінен де зор рөлге ие.

Кейбір тағайындаулар «өзгерген коньюктураға» байланысты басқа елге елші болып кететіндер бар. Бірақ оның қандай да бір «күнәлі» істерден ақ болса ғана. Оған «қандай лауазымға барғың келеді?» деп сұрайды. Ол өзі таңдап, «мен осындай бір жақсы елде, Батыстың бір жып-жылы елінде елші болсам деп едім» деп таңдауын жасайды. Тағы бір жағдайда қандай да бір адамды «қазіргі саяси жүйеден аластату» үшін де ықпалын азайту мақсатында орталықтан алыстатып жатады. Мұндай жағдайлар да бар.

Қай елде болмасын мұндай ауыс-түйіс мемлекет басшылығының дәңгейіндегі іс. Ол (мемлекет басшысы) өз таным-түсінігіне сүйеніп, құрған стратегиясына байланысты шешім қабылдайды.

Шымкентте бас маман аса ірі көлемде алаяқтық жасаған
Түркістанға жаңа әкім тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу