Түркияда төңкеріс, Францияда террор, Арменияда...

Oinet.kz 10-08-2019 1120

 Screenshot_4.jpg

Әлем тосыннан келер табиғи апаттан емес, тосыннан тап берер екі аяқтыдан көбірек қауіптенетін болды. Соңғы күндердің өзінде-ақ, әлемнің әр бұрышында жұртты үрейлендірген бірнеше қанды оқиға орын алды. Францияда террор, Түркияда төңкеріс, Ереванда қарулы топ полиция бөлімшесіне басып кіріп, ондағы адамдардың барлығын тұтқынға алды. Яғни, бейбіт жұрттың берекесін кетірді. Тыныштығын бұзды. Қайғысыз, бейбіт өмір сүру үшін өзектінің бәріне қажет нәрсе – тыныштық екені дүниежүзі халқына мәлім. Тыныштықта жеген қатқан нан мен қайғысыз жұтқан қара судың өзі бақыт екенін де білмейтіндер жоқ шығар. Ал, бейбітшілік пен тыныштықты қамтитын қауіпсіздік, яғни әлемдегі тыныштықтың бәрі осы қауіпсіздікке мұқтаж. 

Бүгінде бұл оқиғалардан бүкіл жұрт хабардар. Еске алудың өзі ауыр. Францияда жүк көлігі Бастилияны алу күніне орай отшашуды көруге жағалауға жиналған адамдарды баса-жаншып өткен. Тоқтамастан, адамдарды екі шақырым бойында қағып жүрген Тунистен шыққан 31 жастағы Мохамед Лауэеж Булел Ницца тұрғыны және тасымалдау қызметінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Үш баласы бар екен. Лаңкестің немере інісінің айтуынша, Мохаммед ислам ұстанушысы болмаған. "Керісінше ішімдік ішіп, шошқа етін жеп, есірткі қабылдаған. Мешітке бармаған, намаз оқымаған және өз әйелін жиі ұрып-соғатын", - дейді көзі жойылған лаңкестің туысы. Ниццадағы теракт орнында төрт қазақстандық болғандығы хабарланды. ҚР СІМ-нің хабарлауынша, Қазақстан азаматтары - Панченко Любовь (1956), Панченко Марина (1983), Панченко Сильвия (2013) мен Отто Наталья (1959) Ниццадағы лаңкестіктің құрбандары болды. Алдыңғы үшеуі Павлодар облысының тұрғындары, бір отбасыдан. Соңғы ақпарат бойынша, террорлық шабуылдан қаза тапқандардың саны 84-ке жеткен және де ауруханада 18 адам ауыр халде жатыр. 

Франциядағы осы оқиғадан бір күн кейін Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды. Түрлі мәліметтер бойынша қаза болғандардың саны 190-ға жеткен. 1400-ден астам адам жараланды. 6 мыңнан астам бүлікші ұсталған, бүлік барысында 100-ге жуығы өлтірілді. Тайип Ердоған бүлік шығарды деп әскерилерді айыптап, ел азаматтарын көшелер мен алаңдарға шығуға шақырды. Тергеу аясында 2,8 мың адам қамауға алынды. Сонымен қатар, бес генерал мен 29 полковник, 8 мың полицей қызметтен босады. Түркия билігі мемлекеттік төңкеріс жасауды іске асыра алмаған 1563 әскериді қамауға алды. Төңкеріс туралы түрлі болжам айтылды. «Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс әрекетін ел президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі қасақана жасаған», - деп жазады The Independent ағылшын басылымы. "Кейбір шолушылар бұл төңкерістің Ердоғанға армиядағы қарсыластарын жойып, Түркиядағы билігін күшейту үшін қасақана жасалған болуы мүмкін екендігін айта бастады", - деп жазады басылым. Ал, Еуропалық журналистердің бірі шыққан бүлікті биліктің өзі жасады деген тоқтамға келеді. "Біз мерзімінен бұрын болатын сайлауға куә болатын шығармыз, бұл сайлауларда Түркия президенті дауыстың басым бөлігін жинап алуға тырысады", - деп жазады "Политико" тілшісі Райан Хис. Бұл пікірді Ердоған бүлік шығаруға Пенсильваниядан бұйрық берді деп айыптаған ислам уағызшысы Фетхуллах Гүлен де айтып отыр. Оның пікірінше, Түркияда мемлекеттік төңкерісті билік басындағылар өздері ойлап тапқан. Керісінше, Ердоған бүлік шығарды деп Фетхуллах Гүленді айыптады. Ол, президенттің айтуынша, Пенсильваниядан бұйрық беріп отырған. Фетхуллах Гүлен "Хизмет" қозғалысын басқарады. 

"Түркиядан келіп түскен ақпараттар көп адамды таңғалдыра қоймаған болар, себебі түрік қауымында Ердоғанның саясатын қолдамайтындар аз емес. Белгілі бір деңгейде жалпы сол елдегі ахуалдың нәтижесінде болған дүние. Әскери көтеріліс іске 

аспағанның өзінде де бұл - халықтың және де элитадағы қауымның Ердоғанның саясатына деген наразылығының көрінісі. Көтерілістің іске аспау себебі Ердоғанға қарсы барлық әскери бөлімдердің шықпағандығы. Қастандық жасаушылар ретінде әскери бөлімнің бір ғана тобы шыққан, олар жоғары қызметтегі адамдар болмауы да мүмкін. Себебі соңғы жылдары Ердоған өз билігін нығайту мақсатында елдегі әскери элитадағы адамдардың көзін жойып отырған, себебі осындай әскери көтерілістің болуынан қорыққан", - деп пайымдайды саясаттанушы Е.Карин. Түрік қоғамының арасында осыдан бірнеше жыл бұрын азаматтық белсенділер Ыстамбұлда Ердоған саясатына қарсы шыққан болатын. Алайда, сол кезде мемлекет мұның алдын алып, Ердоғанды жақтаушылардың басым екендігін көрсеткен. Саясаттанушының айтуынша, соңғы жылдары Ердоғанның жақтаушылары азайып бара жатқандығы байқалады. «Алдыңғы жылы Ердоғанның "Әділет және даму партиясы" парламенттен бірден басымдыққа ие бола алмады, себебі ол басқа да партия лидерлерімен келісе алмады. Жағдайды пайдалана отырып, өз партиясының позицияларын әзер сақтап қалған болатын. Алайда жарты жыл өткен соң "Ақ партия" басшысы Түркия премьері ауысқан, содан кейін Ердоғанның өз арасында сенімсіздік пайда болуына себеп болған. Бұған қоса оның алдында Ердоғанның жақтастары мен бұрыңғы ел президенті Абдулла Гүлдің жақтастары арасында бөлінушіліктер жүрген. Осының өзі-ақ Ердоған жақтастарының арасында қарама-қайшылық пайда болып, ол бірте-бірте үлкейе берген", - дейді ақпарат құралына берген сұхбатында Е.Карин. Түркияда түнде болған көтерілістің себебі көп: елдегі экономика жағдайы, күрдтер мәселесі және түріктердің ішкі саясаты - ел ішінде осы іспеттес қақтығыс пайда болып, қоғамның бөлінуіне әкелген. "Бүгін, сөзсіз, Ердоған жеңді, себебі жағдай соның қолында. Бұл жағдайда көпшіліктің қолдауымен оған белгілі бір уақытқа дейін ел лидері болуына септігін тигізеді. Алайда бұл алдамшы жеңіс, себебі адамдар көшеге Ердоғанды жақтау үшін емес, елдегі саяси құрылымды сақтау үшін және Түркия демократиясын қорғау үшін шыққан. Көтерілістің беті қайтарылғанның өзінде де көпшілік арасында келіспеушілік әлі де бар. Бұл бөлінісуді ары қарай күшейтуі мүмкін. Сондықтан, әрине, Түркияның алдында бұдан да қауіпті қатерлер болуы мүмкін, себебі қазірдің өзінде ДАИШ лаңкестері мен күрд содырларының шабуылы болып жатыр сол елде. Бұл да қауіпті жағдай", - дейді саясаттанушы. 

Апта басында Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык қазақстандықтарды Түркиядағы бүлікті Ердоғанның өзі ұйымдастырған болуы ықтимал деген ақпаратқа сенбеуге шақырды. «Бұл лаңкестік ұйымның әлемде кең құрылымы бар. Өкінішке орай, оларда «теріс үгіт-насихат» жасауға және қоғам пікіріне ықпал етуге қабілеттері бар. (...) Бауырлас және дос мемлекеттерге келетін болсақ, Қазақстан және Қазақстан халқы біздің елге қатысты айтылып жатқан мұндай «қара пропагандаларға» сенбейді деп үміттенеміз», - деді елші Астанада өткен баспасөз мәслихатында. 

Мұрағаттан, 2016 ж

«Тоқтар Төлешов президенттi тақтан тайдырмақ болған»
Мырзахметовтың істегенін істеме...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу