Түркістандық шенеуніктерді не түлен түртті? Елді алдап, көзбояушылық жасап...

Oinet.kz 13-11-2024 343

Халықты жұмыспен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Мұны Президенттен бастап ауылдың әкіміне дейін айтады.  Расында да атқамінерлердің басты міндеті инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу. Бірақ өкініштісі сол, шенеуніктердің құжаттарындағы мәліметтер мен шынайы өмірдегі жағдайдың арасы көбіне жер мен көктей болып жатады.

Screenshot_5.jpg

Өткен аптада «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының фракциясы «Жол картасының» іске асырылуы мәселесін талқылаған жиын өткізді. Партияның облыстағы филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев жүргізген, облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қатысқан жиында  облыстағы туризм саласындағы түйткілді мәселелер көтерілді. Айталық...

Түркістан түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы болып жарияланған. Бұл мәртебе дүркіреп атап өтілудің орнына ешқандай көзге көрінерлік іс-шара өтпегені өкінішті. Көне шаһарға түркітілдес елдерден лек-легімен ағылған туристерді көрмедік.

2021 жылы киелі шаһарда көптеген туристік нысандар мен демалыс орындары іске қосылды. Мәселен, сол кезде Премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен «Turkіstan Tourіsm Cіty» компаниясы іске асырған «Керуен сарай» туристік кешені іске қосылды. «Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс»,-деген мәлімет таратқан еді сол кезде облыс әкімдігі.

Алайда бүгінде Орталық Азияда теңдесі жоқ деген «Керуен сарайда» тұрақты 4 мың жұмыс орны бар дегенге сенуге бола ма? Депутаттар шенеуніктерге осы сауалды көлденең қойды. 

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары аталған кешенде мың шақты ғана адамның жұмыс істейтінін айтты. Бұл деректің өзі күмәнді. Сонда көпшілікті алдап, көзбояушылыққа бару кімге керек болды?

Оңтүстік өңірдегі туризм мәселесін қозғағанда Төле би ауданындағы Қасқасу тау шаңғы базасының жобасын айтпай кетуге болмайды. Төлеби – туризмнің үлкен ошағына айналғалы тұр. Ауданда жүздеген демалыс орындары жұмыс атқарып келеді. Біраз жылдан бері Қасқасуда теңдесі жоқ тау шаңғы базасының құрылысы қолға алынғаны мәлім. Дегенмен, осы өңірде туристік жобаларды ойдағыдай іске асыруға бірқатар кедергілер қолбайлау болып тұр.

Жуырда Түркі әлемінің рухани астанасы, қала берді биыл  Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдердің ұйғарымымен Түркі әлемінің туристік астанасы деп жарияланған Түркістан елімізде туристерді ең көп қабылдаған өңірлердің бестігіне де енбей қалды.  2021 жылы сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев елордада өткен брифингте алдағы 5 жылда облысқа келуші туристердің  санын 2,5 миллион адамға жеткізу жоспарланғанын, тіпті болашақта Түркістан әлемдік туризмнің ордасына айналатынын да айтқан еді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта Түркістан облысы әлемдік деңгейді былай қойғанда ішкі туризмнің де орталығына айнала алмай тұр.

«Желге ұшқан миллиардтар»: Ел шуласа да Мықтыбеков мыңқ етпей отыр
1,5 млрд теңгені жымқырған. Еріктілердің белсендісі Перизат Қайрат ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу