«BІ Group» білгенін істеуде - Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Асылов ай қарап жүр ме?

Oinet.kz 12-02-2025 387

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің заңсыз құрылыстарды бұздыруға қатысты бастамаларына қолдау білдіргені өткен қаңтар айының аяғындағы хит тақырып болды.

Screenshot_2.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шымкентте жер телімдеріне байланысты күрделі мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. Заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан өткен жылдан бері заңсыз тұрғызылған нысандарды сүру жұмыстары қолға алынды. Бұл әрекеттердің кейбірі сынға ұшырағанымен, шегінудің қажеті жоқ. Себебі әкімдік бұл жұмысты заң аясында атқарып жатыр»,– деді.

Иә, заңның алдында бәрі бірдей. Біреудің құқығы біреуден артық емес, біреудің мүддесі біреуден жоғары емес. Бірақ Шымкентте  шын мәнінде солай ма? Шымбайға батар шындықты айтсақ, «BІ Group» компаниясының баршаға ортақ заңға бағынбай білгенін істейтініне қарап Президенттен мақтау естіген әкім Ғабит Сыздықбековтің батыл әрекетіне бас имеуі былай тұрсын, тіпті, қабағы қату Үкімет жетекшісі Олжас Бектеновтің де беделінен қаймықпайтын қадамдарына еріксіз қайран қаласың.

Рас, үшінші мегаполисте соңғы бір жылдың көлемінде уақтысында әрқилы жолдармен жекешеленіп кеткен көптеген нысандар, жер телімдері мемлекетке қайтарылды. Осы жуырда ғана әкімдік 2011 жылы әлдебір серіктестікке өтіп кеткен «Қиял әлемі» саябағын сот арқылы қайтадан коммуналдық меншікке алды. Мұның алдында «Кең баба» саябағының біраз жері жекеменшіктен мемлекетке өткен болатын. Мегаполисте заңсыз салынған нысандар бұзылуда. «Рейтинг» газетінде бірнеше дүркін жазылған, Рысқұлов пен Адырбеков көшелерінің қиылысындағы «Ұтан» сауда үйін де әкімдік жермен жексен етті. Не деген мықтылық десеңізші?! Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының таратқан мәліметіне қарағанда, қалада былтыр  сот шешімімен 4 құрылыс нысаны бұзылған, биыл  тағы 8 нысанды бұзу туралы сот шешімі шыққан.

Алайда Шымкентке «заңның алдында бәрі бірдей» деген қағида барлық уақытта жүре бермейді. Соттың да, әкімдіктің де, бақылаушы, қадағалаушы органдардың да шамасы  жетпей отырған алпауыттар баршылық. Мәселен, бүгінде үшінші мегаполисте тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізіп жатқан «BІ Group» компаниясын айтуға болады.

Естеріңізде болса, Қаңтар оқиғасынан кейін Мәжілістегі депутаттар «BІ Group» компаниясына берілген айрықша артықшылықтар туралы мәселе көтерді. 2019-2022 жылдары Түркістан қаласында осы компанияның мемлекеттен  әрқайсысының құны 10 миллиард теңге тұратын нысандардың құрылысын тендерсіз ұтып алғаны айтылды. Осы жылдары «BІ Group»-тың Шымкенттің қақ ортасында жер телімдерін де айырықша артықшылықтармен иеленіп кеткені енді белгілі бола бастады. Күлбілтелемей, мәселенің турасына көшейік.

Былтыр мамырда Мәжіліс депутаты, «Аманат» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек Шымкенттегі Назарбаев пен Бәйтереков көшелерінің қиылысындағы «BІ Group» компаниясы салып жатыр деген «Ұлы дала» тұрғын үй кешеніне қатысты заңсыздықтарды жария етті. Шымкентке арнайы келіп кеткен депутаттың фейсбук парақшасындағы жазбасына қарағанда, 2022 жылы  Мұрат Әйтенов басшылық ететін Шымкент қалалық әкімдігі әдеттегіше, 2,2 гектар жерді «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берген. Әдеттегіше инвестициялық жобаларды іске асыру үшін деген желеумен. Ал корпорация сол баяғы сценарий бойынша оны «BІ Group»-тің афилирленген компаниясы – «ШығысМонтажСтрой» ЖШС-ына сатып жіберген.

Жалпы, аталған көп қабатты үйді тұрғызу Жер кодексінің 48-бабы мен Кәсіпкерлік кодексінің 276-бабына сәйкес инвестициялық жобаға кірмейді, көп қабатты тұрғын үй бұл инвестициялық жоба болатындай өнеркәсіп өндіріс ошағы емес, сондықтан Шымкент қаласы әкімдігі аталған жерді Жер кодексінің 48-бабындағы негіздерді ескере отырып аукционға шығаруы тиіс еді. Бірақ, Шымкент қаласы әкімдігі мен СПК “Shymkent” іс-әрекеттерінде жер заңнамасы мен Кәсіпкерлік кодексі талаптарын қатаң түрде қасақана бұзу орын алғандықтан 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап арызын жолдады. Шымкент қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 17 мамыр 2023 жылғы шешімі мен Шымкент қалалық сотының 31 тамыз 2023 жылғы  қаулысына сәйкес Шымкент қаласы әкімдігінің қабылдаған қаулысы  заңсыз деп танылған. Соттың шешімі заңды күшіне енсе дағы, «ШығысМонтаж-Строй» ЖШС-ның құрылыс жұмыстарын тоқтататын түрі жоқ, Шымкент қаласы ГАСК басқармасы, Әділет департаменті, қала прокуратурасы, Шымкент қаласы әкімдігі және басқа да билік органдары тоқтатуға қауқарсыз болып отыр.  Жергілікті биліктің қауқарсыздығын пайдаланып заңды белшесінен басып жүрген «BІ-Group»-тің іс-әрекетін жақын арада екінші рет көтереміз!, – деген болатын Мәжіліс депутаты.

Дәлірегі, Шымкент қаласының экономикалық соты 2023 жылдың 17 мамырда шығарған шешімімен «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «ШығысМонтаж-Строй» ЖШС арасындағы барлық келісімшарттардың күшін жойған. Яғни, серіктестік заманауи тұрғын үй салып жатқан жерінен толығымен айырылған. 

Сот мұндай шешімге жердің компанияға сауда-саттықтан тыс, яғни аукционсыз сатылғанын негіз етіп алған. Жерді компанияға бәсекесіз, ашық саудасыз берудің арғы жағында біраз күдікті жәйттардың құлағы қылтияды. Осының түбінде жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың жатпағанына кім кепіл?! Алайда заңды күшіне енген сот шешіміне қарамастан  «BІ-Group»-тің афилирленген компаниясы «ШығысМонтаж-Строй» серіктестігі құрылыс жұмыстарын тоқтатпайды.

Осыдан кейін жоғарыда аталған Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа екінші қайтара арызданады. Бұл жолы тұрғын үй құрылысын тоқтатуды талап етеді.  Сот бұл талап арызды  да толық көлемде қанағаттандырады.

«Жауапкер «ШығысМонтаж-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кадастрлық №22-330-051-179 жер телімінде құрылыс жұмыстарын жүргізуі тоқтатылсын», – делінген былтыр 26 қаңтарда шыққан Шымкент қаласы экономикалық сотының шешімінде. Бірақ құрылыс бұдан да тоқтамаған. «ШығысМонтаж-Строй» ЖШС былтыр ақпан айында нысанды «Umіt Qala»  деп аталатын серіктестің меншігіне өткізген (шамасы бұл да «BІ-Group»-тің афилирленген компанияларының бірі болса керек).

Ал енді мына қызықты қараңыз: Жуырда компания жоспар бойынша бірінші кезекте  салынып жатқан пәтерлердің құрылысын аяқтап, оны пайдалануға берген.  Кешегі күні біз «BІ Group»-тің телеграмдағы бот каналы арқылы Шымкенттегі «Ұлы Дала» тұрғын үй кешеніне қатысты мәліметтерді сұраған болатынбыз. Оператордың берген жауабына қарағанда, кешеннің бірінші кезегінде салынған бизнес кластағы пәтерлер бір жарым ай бұрын, нақтырақ айтқанда 28 желтоқсанда пайдалануға берілген. Олардың бағалары шаршы метріне қарай, 35 392 500 теңгеден - 103 294 360 теңге  аралығында болып шықты. Екінші кезеңдегі пәтерлерді биыл желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Олардың бағалары 25 949 250 теңге мен 57 448 440 теңге аралығында. 

Сонда қалай? Былтыр ақпанда сот шешімімен тоқтатылған тұрғын үйдің құрылысы желтоқсанда қалайша пайдалануға берілген. Мәжіліс депутатының шырылдауы, сот шешімі далада қалған болды ғой. «BІ Group»-тің артында тұрған тіреуі мықты екен.

Біз мәселенің анық-қанығын білу үшін    Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және  бақылау басқармасының (ГАСК) басшысы Мерлан Керімжановқа сұрақ қойдық. Алайда ол аталған мәселеге жауап беру  басқарманың құзырына кірмейтінін  жеткізді. 

Бұдан соң біз көкейдегі сауалымызды қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловқа газет арқылы қойғанды жөн көрдік:

– 2022 жылы «Ұлы дала» кешені салынған 2,2 гектар жерді айрықша артықшылықтармен иеленген «BІ Group» (дәлірегі оның афилирленген «ШығысМонтаж-Строй» ЖШС) осы жер үшін бюджетке қанша қаражат төледі? Яғни, жер қанша теңгеге сатылды? Бұл бірінші сұрақ.

– Екіншіден, тұрғын үй кешені салынған жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылды, құрылысты ары қарай жалғастыруға тыйым салынды. Алайда осыған қарамастан компания пәтерлерді пайдалануға қалай берген? Шымкенттің бақылаушы органдары оған қалайша жол берді?

– Үшіншіден, «Ұлы дала» кешенінің ендігі тағдыры қалай шешіледі? Ғимарат бұзылады ма, әлде қайта заңдастырылады ма? Егер заңдастырылса, ол қандай жолмен жүргізіледі?

Қуаныш Асыловты арнайы атап отырғанымыз бекер емес. Қала әкімінің  бірінші орынбасары – үшінші мегаполистегі құрылыс саласын қадағалайтындықтан әрі қала құрылыстық кеңесінің төрағасы болып табылатындықтан сұрақтарымызға жауап беруге құзыры жететін бірден-бір шенеунік. Яғни, аталған мәселе бойынша  дабыл қағатын, нақты әрекеттердің қолға алынуын қадағалайтын лауазым иесі нақ өзі. Сот шешімінің шыққанына бір жыл уақыт өтсе де, қазірге дейінгі әрекетсіздіктің сыры неде екенін біз де, оқырман да білгісі келеді. Бір сөзбен айтқанда Асылов сот шешімінің орындалуын қадағаламай, жүзеге асыруға бел шешіп кіріспей ай қарап жүр ме?

P.S. Реалистік тұрғыдан қарағанда «Ұлы дала» кешені бұзыла ма?» деген сауал қоюдың өзі де қисынсыз шығар, сірә. Рас, тәртіп бойынша заңсыз алған жерге құрылыс салған адам сол құрылысты өз есебінен бұзуға тиіс. Алайда «BІ Group» бұл нысанға миллиардтаған теңге қаражат салғаны айтпаса да түсінікті. Оның арғы жағында жүздеген үлескер, пәтер иелері тұр. Ешкімнің тісі батпайтын, соттың да құзыры жүрмейтін компания оны бұздыра қояды дегенге сену қиын.

Егер солай болса, «BІ Group»-тің салған нысанынан заңсыздық анықтау, соттасу, жерді мемлекетке қайтару сияқты «спектакльдер»  не үшін, кім үшін қажет болды? Оның арғы жағында қандай ойын бар?

Сіз қалай ойлайсыз?

    Рейтинг қойған сауал: 

    Мерлан Керімжанов: Мақсатымыз – ғимараттарды бұзу емес, талапқа сәйкестендіру

Мәсімовтің зәулім үйі сатылымға шығарылды
Мерлан Керімжанов: Мақсатымыз – ғимараттарды бұзу емес, талапқа сәйкестендіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу