«Қазақстан азаматтығынан бас тартамын!». Ғ.Жұмашевке сот үкімі шықты.
Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашевқа және онымен бірге істі болып жатқан бұрынғы прокурор Нұрсұлтан Тілешовтің ісі бойынша үкім шықты. Істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот Ғалымжан Жұмашевты 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ал Нұрсұлтан Тілешовті 2 жыл 8 айға бас бостандығын шектеді. Бұл туралы Курсив порталы хабарлады.
Ғалымжан Жұмашев Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен кінәлі деп танылды. «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабы негізінде Шымкент қаласы Достық ықшам ауданындағы «Жаннұр» жекеменшік мектебі мен ондағы жер телімін мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Сондай-ақ оны өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.
Іс бойынша жәбірленуші деп танылған Элмира Дүйсенқызы үкімді тыңдауға келмеді. Сот Жұмашевты жәбірленушіге 2 ай ішінде 67 млн теңге қайтаруға міндеттеді. Оның үкім күшіне енгенге дейінгі қамауда отырған бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелетін болды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Сот Жұмашевпен бірге «Алаяқтық» бабымен айыпталған Тараз қалалық прокуратурасының бұрынғы прокуроры Нұрсұлтан Тілешовтің бас бостандығын 4 жылға шектеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа сай оның жазасы 2 жыл 8 айға қысқарды.
Сот үкім оқып, түсіндірген соң, Жұмашев «Қазақстан азаматтығынан бас тартамын!» «Мен заң үстемдігі жоқ, жемқорлық жайлаған, жемқорлықпен күрескендерге құқыққорғау органдары қолдан қылмыстық іс қозғайтын, ҰҚК бейберекетсіздікке баратын елде тұрғым келмейді!» деген жазуы бар қағаз ұстап тұрды.
Ол үкіммен түбегейлі келіспейді.
«Үкіммен келіспеймін. Әншейін сөзбен айтылған айып, факт жоқ. Каспи банк арқылы аударылған ақша дейді. Эльмира Дүйсенқызы маған қарыз. Қолымда қарыз алғаны жөнінде қолхаты бар. Соны сотқа ұсынсам алмады. Сол 68 миллионды мойныма іліп жатыр. Эльмира Дүйсенқызы менің қарызымды төледі. Қарызымды каспиіме аударып отыр. Мемлекеттік қызметте істеп отырып жемқорлықпен алған ақшаны өз шотыма аудартам ба? Банкпен алам ба? Ақымақ емес шығармын», – деді Жұмашев Kursiv.Media-ға.
Жұмашевтың сөзінше, жәбірленуші Эльмира Дүйсенқызымен туыстық қарым-қатынасы жоқ. Бірақ 17 жылдан бері отбасымен бірге араласқан. Той-жиындарына барған.
«Мынадай заңсыздықтармен келіспеймін. Мен және менің отбасым бұл елде тұрмаймыз. Жаңа Қазақстан болатын болса жаңа көзқараспен қарау керек еді. Жәбірленушінің ақша бердім деп қолмен көрсеткенімен қамалып отырмын. Апелляциялық шағым түсіремін. Жоғарғы сотқа дейін барамын. Соңына дейін барамын. Ақталып шықсам да Қазақстан азаматтығынан бас тартамын. Өйткені бұл әділетсіздік», – деді Жұмашев.
Жұмашевтың туыстары сот үкіміне қарсылық білдірді. Зейнет жасындағы анасы басындағы орамалын шешіп: «Аналық жүрегіммен, мінекей шашымның ағыменен айтайын. Қолдайтын ешкімі жоқ болған соң соттап отыр. Баламды жазықсыз соттағандардың жазасын берсін! Қарғыс атсын!», – деді.
Қылмыстық істің сотта қаралып жатқанына 4 айдан асты. Алғашында Тілешовке Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен, Жұмашевқа дәл осы бапқа қоса «Пара алу», «Пара беру» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен айып тағылған. Прокурор жарыссөзде соттан дәлелін таппаған соң, Жұмашевтан «Пара беру» және «Пара алу» бабын алып тастауды сұраған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде Жұмашев пен Тілешовке тағылған бірнеше эпизод айыбы сот тергеуі кезінде өз дәлелін таппады. Айыпталушы Жұмашов пен Тілешовке тағылған айып бойынша әр эпизодқа жеке дара қарауыңызды сұраймын» деген еді прокурор жарыссөзде.