4 миллиард теңгені жымқыру... Елге «аңыз-ертегі» айтқан Қалқаманов тағы құтылып кете ме?

Oinet.kz 23-07-2025 173

Screenshot_3.png

Биылғы жаз Түркістан облысында  аптап ыстықпен, сонымен бірге білім саласы қызметкерлеріне шығарылған сот үкімдерімен есте қалайын деп тұр.  Облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Ғалымжан Жұмашевтың аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен 7,5 жылға бас бостандығынан айырылғанын бұған дейін жазғанбыз. Кешегі аптаның соңында біраз үзілістен кейін білім саласына бөлінген қаражаттарды жымқырды деген айыптармен тағы бір ауданның қызметкерлері әртүрлі жазаларға кесілді.

Бұл жолы үкім Жетісай аудандық білім бөлімінің басшылары мен есепшілеріне шығарылды. Бұл істің  бұған дейінгілерден көп ерекшелігі бар. Талан-таражға түскен қаражаттың көлемі 4 миллиард теңгеден асады, сотталушылар бас-аяғы 46 қызметкерді құрайды. Осы себепті шығар, іс ауданда емес, Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Тергеу, сот барысында талан-таражға түскен 4 миллиард теңгенің 800 миллионы қайтарылған. Қалған ақшаның ендігі тағдыры не болары белгісіз.

Естеріңізге сала кетейік, «бухгалтерлер ісі» деген атпен танылған қылмыстық істер бойынша бұған дейін Сауран, Созақ, Сарыағаш, Келес аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне үкім шыққан болатын. Аталған аудандардағы қылмыстық істер бойынша келтірілген материалдық зиянның көлемі 40–800 миллион теңгенің арасында еді. 4 миллиард теңге дегеніңіз қайда жатыр?! Бұрын-соңды облыста осыншама қаражатқа қатысты сот процесі өткенін еске түсіре алмадық. Рас, қазынаға түсуі тиіс ірі көлемдегі мемлекет қаржысын ұрлаған кеденшілер, көлік рәсімдеумен айналысатын ішкі істер органдарының қызметкерлері сотталған. Бақсақ, аудандағы білім саласының қарапайым есепшілерінің қолынан да миллиардтарды жоқ қылу келе береді екен. Бұл мемлекеттік бақылаудың әлсіздігі ме, әлде заң мен тәртіптің әлсіздігі ме?

Апта басында біз жоғарыдағы үкімге қатысты Түркістан облыстық сотынан мәлімет алдық. Осы мәліметке қарағанда, сотталушылардың арасында аудандық білім бөліміне басшылық еткен екі қызметкер бар. Ол екеуі және бөлім есепшісі, сонымен бірге 43 есепші Қылмыстық кодекстің  189-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену) айыпталған. Мұның ішінде бір бөлім басшысына «аса ірі көлемде пара беруге айдап салу», бөлім есепшісіне «аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру» баптары қосылған.

«Сотталушылар – Жетісай аудандық білім бөлімінің лауазымды қызметкерлері (М. және Ш.), сондай-ақ 44 есепші адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы мектептерде жұмыс істемейтін таныстары мен туыстарының банктік есеп шоттарына негізсіз ақша қаражаттарын жалақы ретінде аударып, бюджет қаражатын иемденген. Нәтижесінде, сотталушылардың 2021-2023 жылдар аралығындағы қылмыстық іс әрекеттері салдарынан мемлекетке 4 млрд теңгеден астам шығын келген»,– делінген мәліметте.

Сот жарыссөзінде прокурор  40 сотталушыға 7 жылдан 14 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру, ал 6 сотталушыға 2 жылдан 3 жылға дейін мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Сотта бөлім басшылары өздеріне тағылған айыптаулармен келіспеген, қалғандары кінәларын мойындап, келтірілген шығынның біразын өтеген көрінеді.

 Сотталушыларға жаза тағайындау кезінде олардың отбасылық жағдайы, жасы, кәмелетке толмаған балаларының болуы,  ақшалай қаражаттың бір бөлігін қайтарғаны, бұрын сотты болмағаны, кінәсін мойындауы, жүктілігі, мүгедектігі, сондай-ақ қылмыстық істің ашылуына және басқа сыбайластардың әшкереленуіне жәрдемдескені ескерілген. 43 сотталушы (мектеп бухгалтерлері) мемлекетке жалпы 800 млн теңгеден астам шығынды қайтарған.

Іс алқа билердің қатысуымен қаралды. Сот үкімімен бөлім басшысының біріне – 9 жыл,  екіншісіне 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Алайда бір бөлім басшысының кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 5 жылға шегерілді. 

«2 сотталушының әрекеті ҚК-нің 371-бабының 1-бөлігіне (салғырттық) қайта сараланып, оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. 34 сотталушыға ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен жалпы 5 жылдан 8 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Оның ішінде: 12 сотталушыға нақты мерзім тағайындалса, 4 сотталушының жазаны өтеу мерзімі кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты 5 жылға кейінге қалдырды; 18 сотталушының жазасы шартты деп есептелді.  Ал қалған   8 есепші 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.  Шығынды өндіру және оның мөлшерін анықтау, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібіне қалдырылды»,– делінген облыстық соттың мәліметінде. Айта кетері, үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылардың апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар. 

Байқағандарыңыздай, «бухгалтерлер ісіндегі» бұған дейінгі тәжірибеге сәйкес жазаның ең ауырын аудандық білім  бөлімінің басшылары алды. Олардың қаржы жымқырғаны қаншалықты деңгейде дәлелденді? Үкіммен толық таныспай жатып,  бұл туралы әзірге біржақты пікір айту қиын. Айта кетері, сот бірде-бір сотталушыны ақтаған жоқ.

Бірде-бір сотталушы Ата Заңның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа іліккен жоқ. Бұл келтірілген материалдық зиянның толық өтелмегенімен байланысты болуы мүмкін.

Осы жерде қарапайым математикалық есептеулер жүргізіп көрейік: 4 миллиард теңгені әр сотталушыға шағар болсаңыз, шамамен 100 миллион теңгені құрайды.  Есепшілер мұншама қаражатты қайда жасырды? Тергеу орындары мұны толық анықтай алмаған сияқты. Өйткені жоғарыдағы мәліметтерден байқағандарыңыздай, «қылмыстық жолмен тапқан қаражатты заңдастырды» деген айып тек бір сотталушыға (бөлім есепшісіне) ғана тағылған. Ал енді тергеу кезінде табылмаған қаражатты кімнің төлейтінін азаматтық сот қалай анықтап береді?

 Үкімге қарағанда, қаржы жымқыру 2021-2023 жылдар аралығында орын алған. Бұл облыс әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Сәкен Қалқамановтың мектеп пен балабақшадағы сыбайлас жемқорлықты аңыз- ертегіге теңеген, облыстық білім басқармасының сол кездегі басшысы Дінислам Болатханұлының «жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіп жатырмыз» деп есеп берген кездерімен сәйкес келеді екен. Атқамінерлер жемқорлықпен күресті қағаз жүзінде жүргізбегенде, жауырды жаба тоқымағанда бәлкім бәрі басқаша болар ма еді?! Білім саласындағы қаражаттардың дәл қазір де ұрланып жатпағанына кім кепілдік бере алады? Ал елге «аңыз-ертегі» айтқан Қалқаманов сияқты шенеуніктер жауаптан осылайша құтылып кете бере ме?

Бір ауданда 4 миллиард теңге қаражаттың талан-таражға түскені уақтысында қадағалаушы органдардың: ішкі аудит пен тексеру комиссиясының назарынан қалайша тыс қалды? Облыстық білім басқармасындағы есеп-қисапқа жауапты мамандар қайда қарап отырды?  Бұл сауалдарға жауап беру әрине, соттың құзырындағы мәселе емес.  

Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, жақын  күндері Шардара аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне үкім оқылады. Бұл аудандағы ұрланған қаражаттың көлемі де миллиардтап саналады. Әліптің артын бағып көрейік.

P.S. Қалқаманов туралы әңгімеге қайта оралсақ. Естеріңізде болса, сол жылдары Қалқаманов бақылау жасаған облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов қаржы жымқырды деген айыппен сотталған. Жүнісов тергеу кезінде ақпарат құралдары арқылы ұрланды деген қаражаттарға Қалқамановтың қатысы барын айтқан. Бірақ ол бұл іске куәгер ретінде де қатыстырылған жоқ.

«Рейтинг» газеті, 23 шілде 2025 жыл.


Перизат Қайраттың артында ықпалды адамдар болуы мүмкін
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу