Шымкентте тағы да кадрлық кризис басталды
Шымкенттің білім басқармасында тағы да кадрлық кризис басталды. Басқарманың басшысы болып биыл наурызда тағайындалған Гүлназ Сүлейменованың өткен аптада қызметінен кеткені белгілі болды.
Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Шымкенттің бас ұстазы, жұртшылық білім саласын жайлаған жемқорлық пен былық-шылықтан тазартады деп үміт артқан Нұргүл Шәмшиева да дәл осылайша ойда-жақта креслосымен қош айтысқан. Ол Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы лауазымын бір жыл ғана атқарды. Өз саласының нағыз маманы деген Гүлназ Сүлейменованың Шымкенттегі карьерасы жарты жылға әзер жетті.
Соңғы жылдары Шымкентте білім саласына басшы тағайындауда жергілікті мамандарды сырып қойып, кадрларды сырттан әкелу тәжірибесінің кеңінен қолданылғаны жасырын емес. Бұл тәжірибе өзін-өзі ақтамады десек артық айтқандық емес. Енді жоғарыдағыларға Шымкенттің бас ұстазы болуға лайықты басшыны шетелден әкелу ғана қалып тұр.
Гүлназ Сүлейменова қызметінен кеткенін өткен аптада әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, жұртшылықпен қоштасты.
«Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы ретіндегі қызметімді аяқтай отырып, баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. ...Екі мың жылдан астам тарихы бар, еліміздің ең көрнекті қаласы – Шымкенттің білім саласына жетекшілік етуде оқушыларымыздың білім сапасын арттыру, ұстаздарымызға қолайлы жағдай жасау, педагогтердің сапалық құрамын жетілдіру бағытында жинаған білімім мен тәжірибемді қолдана отырып, білім саласын жүйелі жолға қоюға бар күш-жігерімді арнадым»,– деп жазған экс-басшы.
Гүлназ Сүлейменова білім саласында отыз жылға жуық тәжірибесі бар маман. Соңғы жылдары Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, Атырау облысы бойынша білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы, бұдан кейін білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған. Бәрі де «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» деген мәтелді еске түсіреді. Жоғарыдағы басшылар өзіне үлкен үміт артып, алыстан аттай қалап шақыртқан кадрдың қызметінен жарты жылға жетер-жетпес бекер кетіп қалмайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Бұл кадрлық ауыс-түйістің арғы жағында бір гәптің бары анық.
Босап қалған креслоға өткен аптада жаңа басшы, дәлірегі басшының міндетін атқарушы тағайындалды. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, жаңа басшы – Қуаныш Ысқақов Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан және Халықтар Достығы университеттерінің түлегі екен. Бірақ қандай мамандықтың иесі екендігі туралы мәлімет жоқ. Шамасы қаржыгер болса керек. Өйткені Ысқақов еңбек жолында Шымкент қалалық әкімдігі мен Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігіне қарасты мекемелердің қаржы саласында еңбек еткен. Бертінде Шымкент қаласы әкімдігінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары, «Қуатжылуорталық» кәсіпорны директорының орынбасары болған. 2021 жылдан бастап Кентау қаласы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы мәдениет басармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Егер жаңалыспасақ, ол Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары болып осы жуырда ғана тағайындалған болатын. Байқағандарыңыздай, ешқандай педагогтік стажы жоқ, өмір бойы қаржы, коммуналдық шаруашылық салаларында жүрген шенеунік. Мұндай басшыны білім басқармасына қандай тәжірибе, қандай идеяның алып келгенін жоғарыдағылардың өздері айтпаса біз түсіне алмадық. Әлде ол мегаполистің мектептері мен балабақшаларын қысқы жылыту маусымына дайындау үшін келді ме? Ысқақов уақытша басшы ма, әлде әкімдіктегі «көкелерінің» сенім-үмітін арқалап келген шенеунік пе, оның дәурені қай уақытқа созылады? Бәрін уақытында көре жатармыз.
Жалпы Шымкенттің білім басқармасына соңғы жылдары кадрлардың тұрақтамай тұрғаны рас. Бұған дейін жазғанымыздай, Әбдірахымовтың тұсында мегаполистің білім басқармасының басшылығына «Болашақтың» түлегі Ақерке Абылайхан тағайындалып, жаңа басшы елді біраз шулатқан. Шымкентте бос тұрған мектеп директорларының орнына өткен конкурстардан шу шықты. Ақыр аяғында Шымкенттің білім саласында өзгеріс жасаймын деген Ақерке Абылайханның орынбасары парамен ұсталған соң, қызметінен кетіп тынғаны есте қалыпты.
Бұдан кейін білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған Айгүл Текебаева сотталып кетті. Қылмыстық іс «ауадан оқушы жасаған» жекеменшік мектепті бюджеттен қаржыландыруға қатысты қозғалды. Өзінің міндетіне салғырт қарағаны үшін Текебаеваға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, артынша рақымшылыққа ілікті.
Шымкенттің бас мұғалімі лауазымына осыдан кейін тағайындалған Жанат Тәжиева жасыратыны жоқ, мектеп пен балабақшадағы былық-шылықтарды реттеуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін біршама жұмыстар атқарғанын мойындау керек. Басшының бастамасымен антикор білім басқармасын толығымен тексерді. Оның қорытындысы бойынша қылмыстық істер қозғалып, біраз қызметкер сотталды.
Нұргүл Шәмшиева Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы лауазымына 2023 жылдың қазанында тағайындалған болатын. Оған дейін Шымкентте білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жетекшілік еткен. Еңбек жолында Қызылорда облысының білім мекемелерінде, министрлікте жұмыс істеген. Басшылық қызметте жинаған тәжірибесі бар. Оны Шымкенттің бас мұғалімі лауазымына тағайындау кезінде осы тәжірибесінің ескерілгені анық. Қызметіне тағайындалған бойда Шәмшиеваның Шымкенттің білім саласын шырмаған сыбайлас жемқорлықпен күресуге білек сыбана кіріскені, алайда қызды-қыздымен, науқаншылықтың буымен тәжірибесі мол, білім саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген біраз кадрларға қырғидай тиісіп жатқаны айтылды. Ақыр аяғында бір жылдан асар-аспас қызметінен кетті. Оны шығарып салу шарасы білім басқармасында емес, қаладағы мектептердің бірінде өткені, оған әкімнің білім саласына жауапты орынбасары Сәрсен Құранбек емес, бірінші орынбасар Қуаныш Асыловтың келгені көпшілік арасында түсініксіздік тудырған болатын. Шәмшиева мен Сүлейменованың арасында білім басқармасын уақытша Тоғжан Манкешева басқарды.
Шымкенттің білім саласы әлі де сол түсініксіздіктен арылмай тұр. Сыбайлас жемқорлыққа да тоқтам болмады. Бюджеттің қаржысын жегені үшін басшылардың, есепшілердің, балабақша меңгерушілерінің сотталғанын біз өткен нөмірлерімізде жазған болатынбыз.
Айтпақшы, биыл ақпанда өткен брифингте Шымкент білім сапасы бойынша республикада өңірлер арасында ең соңғы, 20-шы орында тұрғаны, 70 мектептің 52-сі аттестациядан өте алмағаны, 20-35 жылдық тәжірибесі бар 130 мұғалімнің 55-і сынақтан құлағаны айтылған болатын. Сол кезде басшылар бұл жылдар бойы қордаланған проблемалардың салдары екендігін, білім берудің сапасын көтеру үшін ең алдымен мұғалімнің білімі мен біліктілігін арттыру керектігін айтып еді.
Өкінішке қарай, білім саласындағы айтылған сөз әзірге нақты іспен үйлеспей тұр.
«Рейтинг» газеті, 24 қыркүйек 2025 жыл.