Марапатты майшелпекке айналдырған ұйымдарға тосқауыл бар ма?

Oinet.kz 23-01-2026 158

image_750x_6374a4198ed17.jpg

Марапатты майшелпекке айналдырған  ұйымдарға тосқауыл бар ма? Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға азаматтарды марапаттау ережелерін пысықтау туралы депутаттық сауал жолдады. «Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды?» дегенді алға тартқан халық қалаулысы соңғы жылдары атақ пен марапаттың құны түсіп, оны заңсыз әрі негізсіз үлестіру белең алғанын, тіпті  аты белгісіз қоғамдық ұйымдардың медаль мен ордендерді  ашық түрде саудалап жатқанын тілге тиек етті. Депутаттың айтуынша, бұл мәселе, әсіресе, білім беру саласында ушығып,  мұғалімдер арасында атақ алу жарысқа айналып барады.  

Осы тұста  мемлекеттік наградалар туралы заң нормалары дұрыс орындалмай отыр ма, әлде мүлдем бақылаусыз кетті ме деген ой туады. Сұраныс бар жерде сауда бар. Демек, бүгінгі қазақ қоғамында атақ, орденге деген сұраныс «жоғары».  Ал шынайы еңбек, шынайы құрмет қайда қалды?  Адамның еңбегі, өнері «темір-терсек»,  атақ, шенмен өлшенетін қоғам қалай дамымақ? Бұл үрдіске тұсау бар ма? Шешімі қайсы? 

811ac0ec36bb01d6cc769931bd568b55.jpg

Бекарыс ШОЙБЕКОВ,  айтыскер ақын, Мемлекеттік  «Дарын» сыйлығының иегері:  

Біз атақ-даңқ,  шен дегенге өте құмар халықпыз    

«Марапат саудасын» шектеу керек дегенге, әрине қосыламын. Дегенмен барлығы заң, құқықтық жағынан шешілуін қарастыру керек. Ешкім біреуді марапаттауға, сыйлауға тыйым сала алмайтын шығар. Әсіресе қоғамдық ұйымдарға. Көпке топырақ шашуға болмас, дегенмен көптеген қоғамдық ұйымдар марапатты саудаға айналдырғаны жақсы үрдіс емес. Бұл, әсіресе, білім саласын жаппай жаулап алды. Білім басқармасы, білім бөлімдерінің мамандары қазіргі таңда қоғамдық ұйымдар тарапынан берілген марапаттар ештеңеге жарамайтынын, оның мұғалімнің деңгейін көтермейтінін, айқындамайтынын және категорияға ешқандай үлес қоспайтынын ұстаздар қауымына айтып, түсіндіріп жүр. Біз де жүрген жерімізде айтып жүрміз. Бірақ сонда да бұл мәселе тоқтар емес.  Бұл проблеманың тоқтамай тұрғанының тағы бір себебі  – біз  қызылды-жасыл дүниеге,  атақ-даңқ, шен дегенде өте құмар халықпыз. Сол медальдің түкке жарамайтынын біліп тұрып алатындар да бар. Ол аз десеңіз медалін ағайын-туысқа «жуып», той жасайтындар да кездеседі. Жиналған жұрт жарыса құттықтап, оның бөркін одан сайын аспандатып жатады. Түптеп келгенде бұл халықтың интеллектуалдық деңгейіне қатысты мәселе болып тұр.  Егер арзитын дүние болса, бәріміз де қолдар едік. Кезінде тәуелсіз «Тарлан» деген сыйлық болды. Бұл үлкен меценаттар ұйымдастырған марапат болатын. Түрлі жанрлардағы ең мықты жазушыға, әртіске, көркем туындыларға берілетін. Ол елдің интеллектуалдық деңгейін көтеретін салаларға тағайындалатын және мықты қазылардың шешімімен берілетін. Қазір осындай деңгейі жоғары, салмағы бар, шынайы марапаттар азайды.  

Ал қоғамдық ұйымдардың бұл тірлігі – «жабайы атақ саудасы». Себебі олар мемлекетке салық та төлеп жатқан жоқ шығар. Қоғамдық пікір тудырып, мәселені көтергені үшін Мақсат Толықбайға рахмет айтуымыз керек. Әрине, оның сөзінде артық, кем тұстары бар шығар. Ендігі жұмыс атақ-даңқ саудасын тоқтатып, бір ізділікке түсуіне қоғам  және мемлекет болып атсалысуымыз қажет деп есептеймін.  

5acc3d7447d76.jpeg

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,  Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі, қоғам қайраткері: 

Бұл мәселені  10 жыл бұрын көтергенмін 

Мақсат Толықбай бұл мәселені 10 жылға кешігіп көтеріп отыр. 2015 жылы мен фейсбук парақшамда мұғалімдер арасында марапат алу бизнеске айналып бара жатқанын айтып, ұстаздар бұл қадамға санат көтеру үшін барып жатқанын жазған болатынмын. Ал санат көтерілсе, педагогтердің жалақысы да көтерілетіні белгілі. «Ханның айтқанын қара да айтады, аузының дуасы болмайды» дегендей алғаш дабыл қаққан қарапайым мұғалімнің сөзі сол кезде елеусіз қалып еді, бұл қазір мемлекеттік проблемаға айналды.  Осыдан 12-13 жыл бұрын қоғамдық, жекеменшік ұйымдар  пайда болды. Олар мектептерді аралап, білім ошағының басшыларымен келісіп, шатаспасам  «Құрметті ұстаз» деген медальді  сата бастады. Директор мұндай атаққа  жеке басының көзқарасымен «лайықты» деген мұғалімдерді   ұсынып отырды. Сөйтіп кеудесінде «темір-терсегі» толған ұстаздар көбейді. Сол жылдары мұғалімдер алатын грамоталар да көбейіп кетті. Бұл мәселеге алаңдаған мен сол кезде фейсбукте беріліп жатқан әрбір алғыс хат  басқармадағы не болмаса аудандық білім бөліміндегі шығыс-кіріс журналына тіркелу керектігін жазған едім. Себебі  марапат иесіне ол алғыс хат  шынымен басқармадан берілді ме, әлде әдіскер алғыс хатты өзі әзірлеп, мөрді тығылып  басып, сатып жатыр ма кім білсін? Мұндай жағдайлар қоғамның жылтыраққа, атақ-даңққа деген әуестігін одан сайын қоздырып жіберді. 2019 жылы Шымкент қаласында педагогтердің біліктілігін айқындайтын санатты сатқандар әшкереленді. Сонда бір әдіскер өзінің сыныптас қыздарының, достарының әйелдеріне кәдімгі категорияны оңды-солды сатқан. Кейін кінәлі адам сотталды. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағасын  2018 жылы елде «Қазақстанның құрметті азаматы» деген атақ қосылды. Оның құны 1,5 миллионнан саудаланды. Сол кезде  осы атақты  сатып алып, әлеуметтік желіде «мен Қазақстанның құрметті азаматы  атандым» дегендерді де көрдік.  Мұның бәрі мемлекет тарапынан бақылаудың, шектеудің жоқтығынан орын алып отыр.   

Мұндай масқараға билік тарапынан тоқтау қою керек. Марапаттау жұмыстары жеке адамдардың емес, тек қана мемлекеттік органдардың құзіретінде болу керек деп есептеймін.     

Экс Оқу-ағарту министрі Ғани  Бейсембаев зейнет жасына жеткен мұғалімдердің бәрін төсбелгімен марапаттау керек деген бұйрық шығарған болатын. Сол кезде мен қарсы шыққанмын. Мектептерде  жанын салып жұмыс істейтін ұстаздар қаншама, бірақ 40 жыл құр кеудесін сүйретіп  жүргендер де бар.  Кеудесін сүйретіп жүргендер төсбелгі  алып  жатса, жан-тәнімен жұмыс істеп жүрген ұстаздарда мотивация қалмайды ғой. Сондықтан бейберекет марапаттың да кері әсері бар. Қай салада болмасын атаққұмарлықтың  зардабы өте ауыр болады.  

Бір жағдайды айтайын, бірақ шағымданып жатыр деп есептемеңіздер. Өткен жылы  қаламыздың 6-7 мектебі мені «Шымкент қаласының құрметті азаматы»  деген атаққа ұсынды. Бірақ маған бермеді.  «Кешігіп қалдыңыз» деген сөздерден соң мұның  жәй желеу екенін ұқтым. Менің сол кезде көзімнің жеткені атаққа ие болу үшін тек қана сенің еңбегің емес, басшылармен қарым-қатынасыңның  да рөлі бар болу керек секілді (тамыр-таныс, рушылдық). Ортада жүрген делдалдардың да септігі бар болуы мүмкін. Әкімнің құлағына «анау жақсы жігіт»  деп сыбырлап кетеді де, ортадан марапаттан жұлып әкетеді. Марапат төңірегіндегі проблеманы депутат Мақсат Толықбай кеш те болса көтерді. Енді мұны  мемлекет, қоғам болып түзетуіміз керек.  

yJccdD3oPkTHTZGowoqg6PMCDCi1fgXlqJTpgiyx.png_width=1200Xheight=autoXtype=1.jpg

Баян ЖАНДОСОВА,  «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің филиалы – Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы: 

Әр марапат иесін табуы керек 

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп қазақ бекер айтпаған. Әр саланың жетістігі мен кемшілігін сол саланың қазанында қайнап жүрген жандар жеткізсе жарасымды тірлік. Ал енді аты мен заты белгісіз қоғамдық ұйымдардың марапатты үлестіріп жүргеніне мен де қайран қаламын. Сол ұйымның қызметкерлері айталық медицина мамандарына, дәрігерлерге марапатты қандай критериилерге сүйеніп беріп жатыр екен. Сол ұйымда медицинаны білетін, дәрігердің жұмысын бір күн болсын істеп көрген жан  бар ма? Қалайша бөтен ұйымдар дәрігерлер немесе мұғалімдердің еңбегін бағалай алады.  Әр саланың өзінің жауапты министрлігі, басқармасы бар емес пе. Міне, осы тиісті басқармалар өздерінің мамандарының еңбегін елеп, марапаттап жатса құба-құп. Мейлі спорт, жол-көлік, құрылыс саласы болсын,  өзіне түк қатысы жоқ ұйымдардың алғыс хат, медаль, ордендерді оңды-солды беруіне қарсымын.  

Өз басым марапаттан кенде емеспін. Білім саласында 40 жылдай еңбек еттім.  Мені бұл марапаттарға еңбегімді бағалай алатын, қызметімді түсінетін және осы салаға жауап беретін орган ұсынды.  Яғни  марапатты ұсынатын, беретін адамның өзі сол саланы бүге-шүгесіне дейін білетін  маман болғаны дұрыс. Әр марапат иесін табуы керек. Бір мысал айтайын, өңірді Бердібек Сапарбаев басқарып тұрған тұста мен басшылық еткен №9 мектептен 4 бала алтын белгіге бітіріп шықты. Сонда Бердібек Машбекұлы «бір мұғалімді марапаттайық, кімді ұсынасыз?» деді. Көп ойланбастан қазақ тілі пәнінің ұстазын ұсындым. Себебі расымен де оның еңбегі зор, нағыз маман еді.  Қарапайым мұғалім пәтер жалдап тұратын. Сөйтіп еңбегі еленіп, екі бөлмелі пәтер берілді. Сол кезде «неге ол» деген әңгіме айтылған жоқ. Себебі ол ұстаз марапатқа расымен де лайықты жан болды. Мұндай марапат, мұндай сыйлық бұрын-соңды ұстаздарға берілмеген. Қайбір жылы қаланың бұрынғы әкімі Дархан Амангелдіұлы да шетелдің мықты деген 40 университетіне шақырту алған шәкіртті оқытқан ұстазға көлік сыйлады емес пе? Айтпағым, марапат сол салаға қатысты орган тарапынан берілсе және медаль шынайы өз иелеріне тапсырылса,  марапатты қызғанып неміз бар?   

Мәселенің бұлай ушығып кетуіне, білім саласында «жалған» марапаттардың көбеюі меніңше, кейбір нормативтердің жүйесіздігінен деп білемін. Мысалы, мұғалімдер аттестациядан өткен кезде оның білімі, тәжірибесімен қатар атақ, марапаттарына да назар аударылады. Карьера үшін ұстаздар бір жапырақ қағаз бен алақандай темірге ұмтылып жатқаны содан.  Сол себепті аттестация нормативіне мұғалімнің шынайы жетістігіне, оқушыларының біліміне, сайыстардағы белсенділігіне баса мән берілсе деймін.  Қысқаша қайырсам, белгісіз ұйымдардың  марапатты үлестіруіне  тосқауыл қою керек.  

"Рейтинг" газеті

БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіреді. Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне не үшін мүше болды?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу