Тоқаев шенеуніктерді «қорқыныштан қалтырамай, нақты жұмыс істеуге» шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген Үкімет отырысында мемлекеттік органдарды батыл шешім қабылдап, жауапкершіліктен қашпауға үндеді, деп хабарлайды Оinet..kz.

Мемлекет басшысы жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңдегі негізгі жобаға айналуы тиіс екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қала Smart City қағидаттарына сай дамып, барлық салада озық инновациялар, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар енгізілуі қажет.
— «Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет. Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды.Маған Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы баяндалды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді», - деді мемлекет басшысы.
Президент қазіргі кезең нақты әрекет етуді талап ететінін атап өтті.
«Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман», - деп атап өтті президент.
Сондай-ақ Президент Алатау қаласының дамуы – ел үшін бірегей жоба екенін атап өтіп, Үкіметке оны артық бюрократиясыз, кідіріссіз және сапалы түрде іске асыруды тапсырды.


