Парламент өкілеттігі қашан тоқтайтыны белгілі болды
Мемлекет басшысы 11 ақпанда 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Референдумда жаңа Конституция жобасы халықтың талқысына ұсынылады.

12 ақпанда «Egemen Qazaqstan» газетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының толық мәтіні жарияланды. 96 баптан тұратын құжатта елдің саяси жүйесіне қатысты бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Жобаға сәйкес, егер референдумда қолдау тапса, жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған қолданыстағы Конституцияның күші жойылады.
Құжаттың «Қорытынды және өтпелі ережелер» атты XI бөліміндегі 95-бапта қазіргі Парламенттің өкілеттігіне қатысты норма көрсетілген. Онда 1995 жылғы Конституция негізінде қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтататыны жазылған.
Сондай-ақ Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Президент Құрылтай сайлауын жариялауы тиіс. Сайлау екі ай ішінде өткізіледі.
Бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Президент Құрылтайдың келісімімен Вице-президентті тағайындайды. Осы мерзім аралығында Конституциялық Соттың төрағасы мен судьялары да тағайындалуы қажет.
Ал 1995 жылғы Конституцияға сәйкес тағайындалған Конституциялық Сот төрағасы мен судьялары жаңа құрам жасақталғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды.


