Ералы Жұмаханбетов сот шешімін сыйламай ма?

Oinet.kz 05-09-2019 2491

Screenshot_1.jpg

Фотода Ералы Жұмаханбетов

Жуырда Шымкент қаласының прокуратурасы биылғы жылдың 6 айында қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке алу-тіркеу тәртібіне жүргізілген тексеру нәтижелерін талқылау бойынша алқа мәжілісін өткізді. Құзырлы органның таратқан мәліметіне сенсек, тәртіп сақшылары қылмысты есептен жасырып қалу сияқты ескі аурудан әлі айықпаған. Атап айтқанда, қалалық полиция органдарымен есептен жасырылған 46 қылмыстық құқық бұзушылықты және өздерінің ведомстволық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында дерекқорға қоғамдық орында, бұрын сотты болғандармен мас халде жасалған қылмыстарды енгізбегені және ауыр қылмыстарды жеңіл санаттағы қылмыстарға қайта дәрежелеу деректері анықталған. Бұған таңқалатын ештеңе жоқ сияқты. Егер Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі, дәлірегі мегаполистің бас полицейі Ералы Жұмаханбетовтің өзі сот шешімін орындамай отырса, ал оның орынбасары мен қарамағындағы қызметкерлері сотқа қолдан жасалған құжат ұсынып, үстерінен іс қозғалып жатса, қатардағы полицейлерден не күтуге болады? 

Мұндайда атам қазақ «балық басына шіриді» демеуші ме еді?  Былтыр Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Шымкентке  республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген кезде мекемелер арасында қайта құрылымдау шаралары жүргізілді. Сол кезде жоғарыдағы басшылар облыс пен қаланы бөлу барысында ешкімнің жұмыссыз қалмайтынын, барлық адамның мүддесі қорғалатынын айтып еді. Алайда Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетовке тәртіп сақшыларының құқығы, мүддесі дегеніңіздің құны бір тиын сияқты. Ол осындай өтпелі кезеңде қызметкерлердің бірін жұмыссыз қалдырса, бірін орнынан ай-шайға қаратпастан алып тастаған. Біразы сотқа арызданып, жұмысқа қайта орналасу жөнінде шешім алып келген. Алайда бас полицейге «бір қойың екі сом» болып тұр. «Рейтинг» газетіне арызданып келген  Шымкент қалалық ішкі істер басқармасында бастықтың кадр жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Алдабергеновтің мүддесін сотта қорғап жүрген адвокат Сәбит Жүсіповтің айтуынша, Жұмаханбетов тіпті бәрінен жоғары тұрады деген сот шешімін де сыйламаған.  

Е.Жұмаханбетов Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің бастығы лауазымына  былтыр облыс пен қала бөлініп, абыр-сабыр болып жатқан кезде тағайындалған болатын. Қайта құрылымдаудан кейін Жұмаханбетовтің орынбасарлары, аудандық ішкі істер басқармаларының бастықтары өз орындарында қалды, бірқатары басқа жұмысқа ауыстырылған. Айталық бұрынғы бастық Арман Бейсенбаев бірінші орынбасар, ал бастықтың орынбасары Алмас Мырзахметов әл-Фараби аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары лауазымына бекітіледі.  Ал Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының кадр жөніндегі орынбасары Бауыржан Алдабергенов мүлдем жұмыссыз қалған. 

Қызметке алғаш келген кезде Алдабергеновтің жұмысына жоғары баға, жақсы мінездеме берген Жұмаханбетов кейінірек күрт айныған сияқты.  

- Заң бойынша департамент басшылары Алдабергеновке былтыр 28 тамызда жұмыс тауып беруі тиіс еді. Алайда ешқандай жұмыстың болмағанына міне, бір жылдан асты. Ресейде өте беделді саналатын Свердлов заң институтының түлегі, өте тәжірибелі полицей, одан қала берді отбасының асыраушысы, бес баланың әкесі үйде жұмыссыз отыр. Департамент бастығының кадр жөніндегі орынбасарлығына Алмас Әмзеев деген азамат тағайындалып кеткен.  Осы аралықта Алдабергенов Ералы Жұмаханбетовтің өзіне отызға жуық мәрте баянат берген. Жауап жоқ. Ішкі істер министріне сегіз мәрте хат жазады. Ол жақтан да бірде-бір мәрте жауап келмеген. Президенттің сайтына да көмек сұрап, екі мәрте өтініш жазған. Ол жақтан да  жәрдем болмаған соң сот төрелігіне жүгінген,- деді адвокат. 

Департамент басшылары бұл сотта өздерінің жеңіліп қалуы мүмкін екендіктерін алдын ала білген-ау және олардың қалайда жеңілмеуге тырысып, түрлі айла-амалдарды қолданып баққаны байқалады. Сол амал-айланың бірі - қолдан құжат жасау болған сияқты.  Адвокаттың айтуынша, сот барысында Шымкент қалалық полиция департаменті кадр саясаты басқармасы тарапынан 2018 жылдың 20 қарашасында толтырылған акті ұсынылады. Бұл актіде Алдабергеновке Абай аудандық полиция басқармасынан тылды қамтамасыз ету бөлімінің бастығы лауазымы ұсынылғаны, алайда Алдабергеновтің бұл ұсыныстан бас тартқаны жазылған. Бір парақ актінің соңына бірқатар лауазымды қызметкерлер қол қойған.  Алдабергеновтің қорғаушысы бұл құжаттың кейінірек толтырылып, сотқа арнайы  дайындалғанын, шын мәнінде департамент басшыларының Алдабергеновке ешқандай жұмыс ұсынбағанын айтып отыр. Сонда қалай болғаны? Полийцейлер сотқа қолдан жасалған құжат ұсынып, масқара тірлікке барды дегенге сенуге бола ма?  

Айта кетері, Алдабергеновпен бір мезгілде сотқа департаменттегі қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы лауазымын атқарған Бақтияр Баянов та арызданған. Ол да облыс пен қала бөлінген кезде жұмыссыз қалған. Басшылар оған да ешқандай жұмыс тауып бермеген.  Департаменттегі лауазымды қызметкерлер оның сотына да уақтысында қызмет ұсынғаны, алайда оның одан бас тартқаны жөнінде акті алып келген. Кейіннен құзырлы органдарға жазылған арыздардан кейін сотқа айғақ ретінде табыс етілген осы екі актінің қолдан жасалған деген күдік туындаған. Адвокаттың сөзіне сенсек, департамент пен Абай аудандық полиция басқармасының бас-аяғы жеті лауазымды қызметкерінің үстінен  қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта оны өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатқан көрінеді. Айтпақшы, құжатты қолдан жасады деген күдіктілердің ішінде Жұмаханбетовтің кадр саясаты жөніндегі орынбасары Алмас Әмзеев те бар көрінеді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары тез арада біте қойса жақсы. Сәбит Жүсіповтің айтуынша, өзіндік қауіпсіздік басқармасы Жұмаханбетовтің қол астындағы құрылым. Басқарманың тергеушілері өз басшыларының қылмысын әшкерелейді дегенге сенуге бола ма?  Осыған байланысты адвокат қазір істі Ұлттық бюроға беру жөнінде өтініш жазып жатыр екен.  Енді сотқа қайта оралсақ.  

Біз Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының 2019 жылдың 20 маусымында шығарылған шешімімен танысып көрдік. Сот Алдабергеновтің бос жүрген уақтындағы жалақысы үшін 295 мың теңгені өндіру және өзін департамент бастығының орынбасары лауазымына тағайындау жөнінде шешім шығарған. Заң бойынша еңбек дауларына қатысты сот шешімдері күшіне енбей-ақ бірден орындалуы тиіс еді. Алайда Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылары сот шешімін орындауға асықпапты.  Жылы орнын кім оңайлықпен босатып береді дейсіз. Тіпті сот шешімін орындамағаны үшін сот орындаушылары жоғарыда аты аталған орынбасар А.Әмзеевтің үстінен әкімшілік іс қозғаған. Ақыр аяғында іс қалалық соттың апелляциялық алқасында қаралады.  

Апелляциялық алқаның 9 тамыз күні шығарған қаулысына қарағанда, сот мәселенің мән-жайын толық зерттемеген сияқты. Ол тек департамент басшысының орынбасары Ішкі істер министрінің бұйрығымен тағайындалатынын, ал іске министрліктен ешқандай өкілдің қатыспағандығын алға тартып, істі қайтадан қарау үшін әл-Фараби аудандық сотына жолдаған.  

Сонда мұны алғашқы сатыдағы сот неге ескермеген? Неге байқамаған?  Адвокаттың айтуынша, департаментте бастықтың орынбасарын ішкі істер министрі тағайындамайды, ол тек келісімін береді. Олай болса сот жаңылысып отыр ма?  Заң біреу, бірақ мұны әр судья неге әрқилы қолданады? Осы жерде жоғарыда аты аталған Бақтияр Баяновқа қатысты сотқа да тоқтала кетейік. Әл-Фараби аудандық соты оның талап арызын қанағаттандырып, жұмысына қайта орналасу жөнінде шешім шығарған. Облыстық соттың апелляциялақ алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған. Шешім бойынша оған бос жүрген уақтысындағы жалақысы ретінде өндірілуі тиіс қаржының көлемі 1 миллион 700 мың теңгеге жуық. Алдабергенов пен Баяновтың талап арыздарының мазмұны, мәні бірдей. Бірақ соттардың бұл іске қатысты екі түрлі төрелік айтқаны түсініксіз. Егер соттарда әділдік болса, әл-Фараби аудандық соты Алдабергеновтің талап арызын тағы да қанағаттандырады деген сенім бар. Бірақ алғашқы сот өзінің төрелігін айтып, ол апелляциялық алқада қаралып шыққанша қаншама уақыт өтіп, қаншама жүйке тозады десеңізші. Бәлкім біреулерге керегі де осы шығар.  Адвокаттың арызынан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетовке қатысты біраз сауалдар туып отыр. Біз осы сауалдарды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қойып, жауапты да осы құзырлы органнан күткенді жөн санап отырмыз. Сонымен...  

Біріншіден, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысына кез-келген кадрды орнынан алып, кез-келгенін тағайындай беретіндей, сот шешіміне мойынұсынбайтындай, ешкімнің обал-сауабынан қорықпайтындай ерекше құқықты кім берген? Ішкі істер министрлігі ме? Жұмаханбетовтің әрекеттері облыс пен қаланың бөлініп жатқандығын пайдаланып, кадрлық бизнес жасау емес пе? Мұның ақ-қарасын тексеріп, тиісті бағасын беретін кім бар?  

Екіншіден, бұрынырақта прокурорлар «басшының шығарған заңсыз бұйрығынан келтірілген шығынды сол басшы өз есебінен төлейді» дегенді жиі айтатын еді. Сот шешімі бойынша бос жүрген кезіндегі жалақысы үшін  Бақтияр Баяновқа 1 миллион 700 мың теңгеге жуық қаржы, ал Бауыржан Алдабергеновке 295 мың теңге төленуі тиіс. Енді осы қаржыны кім төлейді? Ералы Жұмаханбетов пе әлде халықтың табан ақы маңдай терінен құралатын бюджет пе?  

Үшіншіден, Ералы Жұмаханбетовтің өзі сот шешімін орындамаса, ал қарамағындағылары қолдан құжат жасады деген күдікке ілігіп, істі болып жатса, мұндай жағдайда Шымкент қалалық полиция департаменті басшылары кімге үлгі, кімге өнеге? Ішкі істер министрлігі бұған көз жұмып қарап отыра бере ме?  

Төртіншіден, жуырда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: 

-Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады.  Белгілі саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екендігін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн, - деді. Жоғарыда адвокат Сәбит Жүсіповтің айтуынша, Бауыржан Алдабергенов осыған дейін Ералы Жұмаханбетовке отызға жуық мәрте баянат жазса, ал өзіңізге сегіз мәрте хат жолдаған. Олардың бірде - біріне жауап берілмеген. Өз қызметкерлерінің арызына,  талап-тілегіне тыңдауға құлықсыздық танытқан Шымкент қалалық полиция департаменті қарапайым халыққа  қалқан бола ала ма?  

Әлде Президент Тоқаев та айта бере ме?  

Бақытжан  ӘБДІРАШҰЛЫ

"Рейтинг" газеті, №34, 5 қыркүйек, 2019 ж

Депутаттық қызметке тағайындалған Нұрлан Әлімжанов ант беруге неге келмеді?
Қырғызстан соты Атамбаевты тұтқынға алуды заңды деп таныды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу