Шавкат Мирзияев алғашқы сапарын неге Қазақстаннан бастайды?

Oinet.kz 01-10-2018 816

24094739.973471.10.png

Былтыр желтоқсанда Өзбекстанның президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев таяу күндері Қазақстанға ресми іссапармен келеді. Бұл туралы Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов  өткен аптада мәлім етті. Қазір осыған байланысты дайындық шаралары жасалуда. Іссапар болжам бойынша Ұлыстың Ұлы күні қарсаңына жоспарланған. Бұл Шавкат Мирзияевтің президент ретінде шет елген жасаған алғашқы сапары. Оның Қазақстанға жасалуының астарынан саясат іздеуге бола ма? Неге Ресей, Тәжікстан немесе Қырғызстан емес?  Келешекте қазақ-өзбек қатынасы қай бағытта дамиды? Мирзияевтың қазіргі бағыт-бағдары қандай, ол Орталық Азиядағы  тұрақтылыққа қаншалықты ықпал ете алады? Біз осы жөнінде уақтысында Өзбекстанда  лауазымды қызметтерді атқарған, экономикалық және саяси сарапшы Сейіт Иматовпен хабарласып, пікірін сұраған едік.

-Менің ойымша, Мирзияев билікке келген соң Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайтуға басымдық беріп келеді. Саяси, экономикалық және халқының саны жағынан Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекеттер саналады. Қазақ пен өзбектің діні мен тарихы ортақ, тілі, мәдениеті жақын бауырлас халықтар. Орталық Азиядағы   тұрақтылық осы екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Мұны Мирзияев жақсы түсінеді,-деді ол.  -Билікте жүрген азаматтардың айтуынша, өзбек президентінің қазақтарға деген ықылас-пейілі де жақсы. Іссапардың Наурыз мерекесі қарсаңында жасалуы да тегін емес деп ойлаймын. Наурыз жыл басы, жаңарудың басы. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында үлкен жанжалға  алып баратындай дау-дамай болған жоқ, дегенмен Кеңес Одағы ыдыраған соң барыс-келістің бәсеңсігені рас. Өзбекстанның жаңа президенті осы қарым-қатынасқа жаңа серпін беруді жоспарлап отыр. Яғни қазақ-өзбек арасындағы достықтың жаңа парағы ашылғалы жатыр деп айтсақ та болады.

-Қазіргі уақытта Өзекстанда қанша қандасымыз тұрады?

-Ресми деректер бойынша 988 мың деп есептеледі. Сарапшылар 1,5 миллион қазақ бар деп те айтып жүр. Кейде 2-2,5 миллион деген дерек те келтіреді. Мұның қаншалықты дұрыс екендігін білмеймін,  бірақ төлқұжатында ұлты қазақ деп жазылған өзбекстандықтардың саны 1 миллионның төңірегінде.

-Соңғы жылдары қазақ пен өзбектің арасында салқындықтың болғаны рас. Мұны Ислам Каримовтың саясатымен байланыстыруға бола ма?

-Уақтысында шетелдің ақпарат құралдарында Қазақстан мен Өзбекстан басшылары арасында аймақтағы көшбасшылық үшін өзара бәсекелестік бар деп айтылатын. Назарбаев пен Каримовтың кездесуінде осындай мағынадағы сауалдың төтесінен қойылғаны да есімде. Сонда Назарбаев «Бір жағымызда Ресей, бір жағымызда Қытай сияқты державалар тұрғанда өз арамыздағы көшбасшылық туралы әңгіме қозғау артық. Біздің қазіргі мақсатымыз экономикадағы қиындықтарды жеңіп, реформаларды жүргізу» деп жауап берген еді. Дегенмен мұндай әңгімелер бұдан кейін де айтылып жүрді. Қазақстан реформаларды өте жедел жүргізді. Кәсіпкерлікке жағдай жасады. Халықаралық ұйымдар тарапынан нарықтық экономикасы қалыптасқан ел ретінде мойындала бастады. Өзбектің марқұм президентінің Қазақстанның осы жетістіктеріне, көптеген бастамаларына қызғанышпен қарайтыны байқалатын. Каримов Қазақстанның Ресеймен қоян-қолтық араласқанын құптаған жоқ. Ол Ресейдің империялық пиғылынан қауіптенетін. Осындай көзқарас екі ел арасындағы экономикалық байланыстырға кері әсерін тигізді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы төмен деңгейде қалды. Мәселен, қазір басшылар екі ел арасындағы тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткіземіз деп отыр. Менің ойымша егер дұрыс шешімдер қабылданса, оны таяу аралықта 10 миллиард долларға дейін өсіруге болады.

-Мирзияев билікке келген соң кәсіпкерлікке жағдай жасап жатыр. Мұндай қадамды қаржылық дағдарыс кезіндегі мәжбүрлік деп қарауға бола ма?

-Қаржылық дағдарыс, шикізаттық ресурстарға бағаның төмендеуі  Өзбекстанға ғана тән жағдай емес. Өзбекстан экспортқа  мақта, алтын, газ шығарады. Соңғы жылдары аталған тауарларға бағаның төмендеуіне байланысты экономиканы әртараптандыру жүріп жатыр. Бұл Мирзияев премьер-министр болып тұрған кезде басталған.   Мәселен жуырда Қазақстан президенті Н.Назарбаев 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу туралы міндет қойды. Ал статистикалық деректерге қарағанда Өзбекстан бұл межені 2014 жылы бағындырып қойған. Әрине екі ел арасындағы ішкі жалпы өнім әртүрлі. Дегенмен Өзбекстанда кейінгі кездері кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Мирзияев ауыл шаруашылығына да көп көңіл бөлуде. Ауыл тұрғындарына жеке шаруашылықпен айналысуына мүмкіндіктер жасалуда. Бұрын диқандар өз тауараларын шет елге сату үшін сатып алушы алдын ала 100 пайыз төлемақы жасауы тиіс болатын. Мирзияев мұны 30 пайызға дейін қысқартты. Биылдан бастап Өзбекстан Ресей нарығына арзан бау-бақша, көкөніс өнімдерін жөнелтетін болады. Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осы жөнінде Ташкентке келіп уағдаластық жасаған. Бұл сөз өзбектің ауыл шаруашылығын жаңа белесе көтереді. Өзбек диқандары мақта алқаптарын қысқартып, бау-бақша, көкөніс егуге көшеді.

-Ал бұл жағдай Қазақстанға қаншалықты әсер етеді?

-Әзірге Оңтүстік Қазақстан облысы Ресей түгілі Қазақстанның өзін  бау-бақша өнімдерімен толық қамтамасыз ете алған жоқ. Өзбек диқандарының нарыққа кіруі бәсекелестікті күшейтеді. Ал бәсекелестік бар жерде тауардың бағасы арзандайды. Яғни қандай жағдай болса да тұтынушы ұтады. Ал қазақстандық тауарөндірушілерге біраз қиындық туатыны рас. Бұл жағдай қазақ диқандарын ерте тұрып, кеш жатуға,  бір сөзбен айтқанда қатаң бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге үйретіп, сол арқылы ширауына ықпал етеді деп ойлаймын.  

-Өзбекстан жақын арада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып енуі мүмкін бе?

-Өзбекстан бұл тұрғыда бұрыннан ұстанған саясатын жалғастыра береді. Еуразиялық экономикалық одақ әл-әзірге өзінің өміршеңдігін дәлелдей қойған жоқ. Өзбекстан бұл одақтан  Қазақстан, Қырғызстан, Армения мен Беларус елдері үшін тиімді бола қоймағанын көріп отыр. Жуырда Лукашенконың айтқан мәлімдемелерін естіген боларсыздар. Одаққа мүше елдер арасында соңғы жылдары тауар айналымы төмендеп кеткен.  Бұл одақ әзірге тек алып Ресей үшін тиімді болып отыр. Бұл біріншіден. Екіншіден, Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одағына экономикадан гөрі саяси ұйым деп қарайды. Оның мақсаты Кеңес одағын қайта қалпына келтіру, Ресейдің империялық ниетін ілгерлету деп қабылдайды. Ал Өзбекстан өзін одақтардан мейілінше оқшау ұстауға тырысады. Сондықтан жуық арада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып кіруі екіталай.

-Жалпы Өзбекстанда биліктің ауысуы ешқандай дау-дамайсыз, төңкеріссіз жүзеге асты. Бұл немен байланысты? Мирзияевтің әу бастан «мұрагер» ретінде есептелуімен бе?

-Иә. Билік транзиті Өзбекстанда соңғы жылдары көп айтылды. Табиғаттың заңына ешкім қарсы тұра алмайды. Каримовтың денсаулығы нашарлаған кезде болашақ президент ретінде екі адамның кандидатурасы аталды. Оның алғашқысы премьер-министр Шавкат  Мирзияев, екіншісі бірінші вице-премьер әрі қаржы министрі Рустам Азимов еді. Сарапшылар Мирзияевты шығыстық, ал Азимовты батыстық құндылықтарға бүйрегі бұратын шенеунік ретінде білетін. Дегенмен Мирзияевтің мүмкіндігі зор болды. Ол  мүлт жіберген жоқ. Мирзияев шаруаға мығым басшы, 2002 жылдан бергі аралықта табан аудармастан Үкіметті басқарды. Дағдарыс кезінде экономикалық тұрақтылықты сақтап қалды. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің зор екендігін байқатты. Сонымен бірге Мирзияев көпшілік ортаны оншалықты жақсы көре бермейді. Ол өзін саясаткер ретінде таныта алмағанын да мойындау керек. Алайда оның билік басына келуін халық жақсы қабылдады. Сайлау кезінде Мирзияев 88 пайыз дауыс алды. Бұл шынайы көрсеткіш деп ойлаймын. Өйткені сайлауда оған лайықты қарсылас түскен жоқ әрі халық оны Каримовтың орнына отыруға лайықты бірден-бір кандидат ретінде қабылдады.  

-Ақпарат құралдарында Мирзияевтің дөрекі сөздерді көп қолданатыны айтылды. Оның кадрлық саясатына қандай баға беруге болады?

-Бұл қоғам белсенділері, сыртта жүрген оппозиция өкілдері, адам құқығын қорғаушылардың тарапынан осындай сөздердің айтылғаны рас. Бұл мәселенің анық-қанығына жету қиын. Бірақ мұның бәрі кеше болған жағдай. Бағаны бүгінгі жағдаймен берген дұрыс деп ойлаймын.  

Мирзияев өз командасын жасақтауды сайлауға дейін-ақ бастап қойған. Рустам Азимов қазіргі уақытта премьер-министрдің орынбасары лауазымын атқаруда. Жуырда ресми сапармен Түркияға барып Еродағанмен кездесті. Сонда бизнес форум өткізді. Оның биліктегі позициясы біршама әлсіреді деп айтуға болады. Кезінде биліктен қуылған біраз азаматтар қайта оралып жатыр. Мәселен қазіргі премьер-министр Абдулла Арипов Каримовтың кезінде вице-премьер лауазымын атқарған. Кейін қызметтен шеттетілген еді. Оның биліктен кетуі телекоммуникациялар саласындағы бұрмалаушылақтармен байланысты деген әңгімелер тараған. Мирзияев оны премьер-министрдің креслосына әкеліп отырғызды. Мирзияев екі күйеу баласының бірін президент әкімшілігі басшысының орынбасары, екіншісін президенттің күзет қызметі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындағаны туралы бейресми ақпарат бар.

-Біздің білуімізше, Каримовтың кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған әртістер сахнаға оралып, түрмеде саяси себептермен қамалғандардың барлығы босатылып жатыр...

 -Барлығы деп айтуға болмайды. Жуырда 2006 жылдан бергі аралықта жындаханаға мәжбүрлі түрде қамалған Каримовтың немере інісі, журналист Шамшид Каримов бостандыққа шықты. Ол 2006 жылдары Жизах облысындағы атқарушы биліктің жасап жатқан жөнсіздігі туралы шетелдің ақпарат құралдарында материалдар жариялаған болатын. Оның қамалуы осымен байланысты деген ақпараттар тараған. Мұның алдында шетелде жүрген оппозция серкесі Мұхамед Салықтың бауыры бостандыққа шықты. Ол 17 жылдан бері қамауда отырған еді. Жалпы Мирзияевтің билік келуімен Өзбекстанда «әділеттік орнап жатыр, каримовтық зұлмат жылдар артта қалды» деген түсінік қалыптасуда.

-Мирзияевтің жылымығы Сталин өлгеннен кейінгі кезеңді еске түсіретін сияқты. Алайда  өзбектер бұрынғы президенті Каримов туралы жағымсыз әңгіме айтуға құмбыл емес. Керісінше оның туған және өлген күндерін атап өтуді дәстүрге енгізгенін қалай түсінуге болады?

-Әр халықтың қалыптасқан табиғаты бар. Өлген адамның соңынан жаман сөз айтпау  шығыстық менталитетке тән. Қандай жағдай болса да Каримов тұлға болған адам. Тегін адам президент болмайды, елді ширек ғасырдан астам уақыт басқара алмайды.  Өзбек халқы Каримовтың екі еңбегін жоғары бағалайды. Біріншісі, көршілес мемлекеттермен салыстырғанда Өзбекстан белшесінен қарызға батқан жоқ дейді. Екіншісі, халықтың саны өсті дейді. Тәуелісіздіктің алғашқы жылдары Өзбекстандағы халық саны 20 миллион болса, қазір 32 миллионға жетті. Бұл дегеніңіз расында да үлкен жетістік. Халық «Каримовтың заманында жақсы өмір сүремесек те аш жүрген жоқпыз» дегенді көп айтады. Елдің түкпір-түкпірінен Каримовтың Самарқандағы мазарына барып тәу етіп жатқан халықтың нөпірі әлі толастаған жоқ.

-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Бақытжан Әбдірашұлы

Мұрағаттан, 2017 ж

Қуаныш Айтахановтың қызметі кімге бұйырады?
Ерлан Сағадиев – Майлыбаевтың үзеңгілесі ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу