М.Тазабеков: «Обалыма қалдың» деген айтыскерді кездестірген жоқпын»

Oinet.kz 08-11-2018 1131

Мұхамеджан Тазабек.jpg

"Рейтингтің" өткен санында журналист Ерік Рахымның айтыскер ақын Әселхан Қалыбековамен жүргізген сұхбаты жарияланған болатын. Мақалада сұхбат беруші «Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабеков біраз ақынның обалына қалды», «Бекболат пен Мұхамеджанмен бірге умра қажылыққа барған ақындардың бәрі діншіл болып шыға келеді» деген пікірін айтқан. Қоғам арасына қызу талқыланған Әселхан апамыздың осы сөзі еді. Мақаланы республикалық сайттар лезде көшіріп басып, сақал-мұртын тіптен тікірейтіп жіберді.  Рас, айтыскер ақындар арасында намазхандардың көбейе бастағаны, тіпті сақал қойған кейбіреулерінің өнерден қол үзіп кеткені бүгін ғана айтылып отырған мәселе емес. Мәселе мұны айтыстың майын ішіп, жілігін шаққан, Халық ақыны деген атағы бар Әселхан апамыздың аузымен айтылғанында жатса керек. Арқалы апасының ренішіне Мұхамеджан Тазабеков қарап жата алмаған екен. Фейсбуктегі парақшасына мынандай жазба қалдырыпты. Қысқартыңқырап ұсынып отырмыз:

«Әселxан апам - айтыскер ақындардың анасы. Жотадан жол салған жампозы, жорғасынан жаңылмаған жүйрігі. Апаммен саxнада екі рет дидарласыппын. Бірі, ЮНЕСКО деңгейінде тойланған Абай тойының ақтық айтысында, екіншісі, Жамбыл облысының 60 жылдығына арналған Тараз төріндегі жыр додасында. Екеуінде де, Қадыр, Тұманбай, Ақселеу... ағаларымыз бастаған қазылар жеңісті маған беріп жіберді. Қазақи тәрбиемен өскен баламыз ғой... Әлі күнге ыңғайсызданам.

Жарайды, өлеңім өрнексіз емес шығар, тауып айтқан тұстарым да бар болар. Бірақ, жиырмадағы маған бермей-ақ, апамды алға салғанда жарасып тұрар еді-ау, деймін... Қайтем, енді, тағдыр ғой..! Одан соң да, апаммен шәй дескен жеріміз жоқ. Көрген жерде жүгіріп барып, қолын алып, бетінен сүйіп, апалап тұрар балалығымыздан, қол қусырған кішілігімізден жаңылмадық. Енді, әлгі сұxбатта, маған байланысты ренжіңкіреп айтса, солай жеткізген шығар. Арандатушылар кісі сенетіндей қисынды ғып айтқан шығар. Көңілін қарайтатындай, күдік ұялатып, күмән туғызатындай сөзді тауап айтатын ағайынға кенде емеспіз ғой...

Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады. Ол үшін мен неге ренжиін. "Білетін едіңіз ғой, неге өйттіңіз" деп, ренжитіндей, апам менімен көрші тұрған жоқ, ұзақ сапарда болған жоқ, сырымды білетіндей арамызда "алыс-беріс" жүрген жоқ. Алаштың аяулысы, арқалы апам айтты, мен көтеріп алдым.

Менсіз де мешіт салып, бізсіз де қайырым жасап жүрген қайраткерлер көп. Бізді танымай-ақ қажыға барып, көңілі түскенді умраға жіберіп жатқан мырзалар да жетерлік. Сөздің реті кеп қалған жерде, сондай ниеттегі ағаларға "жақын-жуығың мен маңайыңа ғана шуақ шаша бермей, алаштың ақындарын да сапарға шығарып, қасиетті жерде дұға қылуына мүмкіндік туғызсаңызшы" деп өтінгенім рас. Елдің сөзін айтатын ақындар ғой, ел көрсін, жер көрсін, танымы кеңейіп, тамыры тереңдесін дегем. Өкінішке орай, жұрт умраны ғана айтады. Оның үстіне, умраға дейін де намаз оқып жүрген бірлі-жарым танымал ақындар болмаса, Құнанбай қажылық қылған жерге барып, зәм-зәм ішіп, елге тілек тілеп келген айтыскерлердің дені саxнаның үстінде, айтыстың қазанында қайнап жүр. "Сауабымды алдыңыз, отбасыма береке кірді, есерлігім кетіп, есейіп қалдым" деп раxмет айтқан ақындар бар. Бірақ, "обалыма қалдың" деп айтқан айтыскерді кездестірмедім. Жүрсін ағам шырылдап жүргендей, шынында осы айтыскер әріптестерімнің бөркі қисаймағанын, көркін кір шалмағанын қалаймын. Екі ауыз сөздің басын қоса алмайтындар алып жатқан атақ пен абыройдың айтыскерлердің ауылын айналып өтіп жатқаны өкіндіреді. "Ат сүрініп болғанша ақыл тапқан" ақындардың руxани толысу тұрғысынан ғана емес, ер-тұрманының бүтін, арбасының ауыр болуына мүдделімін.

Қазақ айтысында Жүрсін - жалғыз, Әселxан - біреу! Саxнада ғана айтысайық, қалған жерде Қазақ боп өмір сүрейік!

Мұрағаттан, 2017 ж

Жазира Жаппарқұлмен мақтанамын!
Маңғыстау аңыздары. Бекет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу