Ескі Иқанда Сталинның ескерткіші қайта орнатылды

Oinet.kz 24-04-2019 1093

Screenshot_11.jpg

Көрнекі фото

Түркістан қаласына қарасты ескі Иқан ауылында халықтардың көсемі атанған, Кеңес одағының ең қаралы да, қайғылы дәуіріне билік еткен Сталинге орнатылған ескерткіш қалпына келтіріліп, үлкен жолдың бойына қайта орнатылды. Мәссаған! Осы ақпаратты естігенде не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік. Таңқаларлығы сол, ескерткішті қайта орнатқан өзағамдар өзбілермендікке салынған сияқты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында айтылған ұрандар мен жалынды сөздерге рухтанып кетті ме, әлде Кеңес Одағы қайта тіріліп кететіндей күй кешті ме, әйтеуір тұрғындар ескерткішті орнату үшін жергілікті әкімдіктің де, министрліктегі тиісті мекемелердің де рұқсатын алмағанға ұқсайды. Айттым, бітті тірлік болған.

Жергілікті «Отырар» телеарнасының таратқан мәліметіне қарағанда, Сталиннің ескерткіші Ескі Иқанға  1953 жылы жеткізілген. Үш бөліктен тұрған ескерткіштің қайда жасалғаны, кім тапсырыс бергені әлі күнге белгісіз. Тасмүсін қыс бойы совхоздың кеңсесінде жатады. 1954 жылы оны совхоз басшылығы ауыл ортасындағы бау-бақшаның ішіне орнатуға бел буыпты. Бәрін ауыл тұрғындары өз қолдарымен жасаған. Тұғырын да өздері құяды, салмағы пәлен тонналық ескерткішті өздері тіктейді. Тіпті ашылу рәсімін де өткізген. КПСС-дің әйгілі ХХ съезінен кейін жоғарыдағы басшылар ескерткішті бұзып тастау туралы шешім қабылдапты. Сүріп тастауға тракторлар де келген. Алайда ауылдағы соғысқа қатысқан ардагерлер жиналып, «алдымен бізді өлтіріңдер, содан кейін сүресіңдер» деп, ескерткіштің қасына жатып алған. Жұмысшылар майдангерлерге қарсы тұрудың абырой әпермесін білген соң жөндеріне кетіпті. Бір қызығы, тапсырманың орындалмай қалғаны үшін ешкім ешқандай жаза алмапты. Шамасы аудан басшылары ауылдың түкпірінде тұрған ескерткіш үшін шу шығармайық деген сияқты. 

Ескерткішке екінші қауіп тоқсаныншы жылдары төнеді. Тәуелсіздік алған соң жер-жердегі көсемдердің тасмүсіндері орындарын босатып беріп, өздері  Шымкенттегі Металлургтер саябағына «жиналған». Әкімдік қызметкерлері Ескі Иқандағы Сталиннің ескерткішін де сонда апарып қоюды ұсыныпты. Алайда ауыл қариялары алдымен саябақты барып көріп, бастарын шайқаған. Олардың болмайды деген сөзінен әкімқаралар асып кете алмаған сияқты. Осы жылдары жекешелендіру жүріп, ауылдың бау-бақшасы халыққа үлестіріледі. Ескерткіш тұрған орнымен бірге бір тұрғынның меншігіне өтіп кетеді. 

Жалпы Ескі Иқандағы Сталиннің ескерткіші қоғам назарынан мүлдем тыс қалды деуге болмайтын сияқты.  Жер-жерден коммунистер келіп, көсемнің басына гүл шоқтарын қойып отырған. Тіпті ол шетелдік журналистердің де қызығушылығын оятыпты. Ескі Иқандағы Сталинің ескерткішінің қасында суретке түсу сәнге айналған. «Сталиннің ескерткіші Ескі Иқанның атын бүкіл әлемге танытты» дейді осыны өздерінше мақтаныш көрген ауыл тұрғындары. Былтыр 6 маусымда қатты дауылдан ескерткіш жартылай қиратылады. Алайда ауылдың жігіттері бөлік-бөлікке түскен аталарының мұрасын ауыл шетіндегі сарайға апарып сақтап қойыпты.   

Ескерткішті қайта қалпына келтірудің Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұстас келуі кездейсоқтық емес-ау. Қаржы жинау әлеуметтік желілердің көмегімен жүргізіліпті. Қызылордадан келген бір кәсіпкер қаржының басым бөлігін көтереді. Қалғанын ауыл тұрғындары өз қолдарымен жасап шыққан. Бұдан кейін ауылдың белсенді азаматтары ескерткішті үлкен жолдың бойына қою үшін Түркістан қалалық әкімдігіне шапқылайды. Алайда одан нәтиже шықпаған. Мәдениет министрлігінен де көмек сұрайды. Ол жақтан да жауап болмаған сияқты. Ешкімнен ешқандай қайран бомаған соң, әлдебір ауыл тұрғыны үлкен көшенің бойындағы бау-бақшасынан ескерткішке орын ұсыныпты. «Өз жеріме не қойсам да өз еркім» дегенге ұқсайды.  Сталиннің ескерткіші осылайша қайта еңсе көтеріп, үлкен көшенің бойына шықты. Болашақта ескерткіштің орнын ауыл тұрғындары гүлзарға айналдыруды көздеп отыр. Грузияның Гори қаласындағы Сталиннің мұражайы Түркістан қалалық әкімдігіне ескерткішті сақтап қалу туралы өтініш хат жазып жатыр деген ақпарат та бар. 

Ескі Иқандағы өзағамдардың тірлігін қалай түсінуге болады? Бұл аталардан қалған мұраға деген адалдық па, әлде көрсоқырлық па? Жалпы кейінгі кездері Сталинге деген қызығушылық қайта ояна бастаған сияқты.  Әлемде Сталинге орнатылған ескерткіш көп. Қазақстанның өзінде ол үш жерде сақталған көрінеді. Шығыс Қазақстанда, Батыс Қазақстанда және біз әңгіме еткен Оңтүстік Қазақстан облысының Ескі Иқан ауылында. 

Сталин қазақ үшін кім? Ол сөз жоқ, әміршілдік-әкімшілдік жүйенің сиволы. Сталин қаншама жандардың өмірін қыршын қиған жауыз билеуші.  Жез мұртты көсемнің жүргізген солақай саясатының арқасында   қазақ жерінде ашаршылық болып, миллиондаған қазақ қынадай қырылды. 1937 жылғы зобалаңда халқымыздың қаймақтары атылды, олардың әйелдері мен ұл-қыздары қуғын-сүргінге ұшырады. Алысқа бармай-ақ, сол Түркістан өңірінде туып-өскен Нәзір Төреқұлов пен Сұлтанбек Қожанов сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды емес пе? Бірі Қаратаудың теріскейінде, бірі күнгейінде туып-өскен қос алыптың әруағының алдында енді не бетімізді айтамыз? Ескі Иқандықтарға Сталин кім, Төреқұлов пен Қожанов кім? Түркістан қалалық әкімдігі мен облыс әкімдігі бұл жолы үнсіз қала алады ма?

Мұрағаттан, 14.05.2015 ж

Қазақстанда әзілкеш-вайнерлер - саясаткер һәм Президент бола ала ма?
Үндістанның премьер-министрі Моди бала күнінде шәй сатып отбасына көмектескен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу