Қарақалпақстандағы «Жаслық» түрмесі жайында не білеміз?

Oinet.kz 31-05-2015 2688

Без названия.jpg

Елбасы Жолдауы аясында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша елімізде ауқымды шаралар атқарылып жатыр. ҚР Үкіметі тапсырмаларының жүзеге асырылуы аясында осы іс-шараларды қолға алғанда көршілес елдердің тәжірибелеріне де көз жүгіртіп, дұрыс-бұрысын  таразылай білсек бұдан ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Әсіресе, ауылы аралас, қойы қоралас қоныстанған Өзбекстанда бұл ахуал ушығып-ақ тұр. Бұған дәлел ретінде елден естігенімді емес өз көзіммен көргенімді, көкейге түйгенімді көпшілікпен бөлісссем деймін. Адасқан жастарды ақылмен тәрбиелемесек, ауыр жазаға тарту тығырықтан шығармайтынын көрші елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сонымен... 

pic_207a65323fec16cf128818f6a58cdf64.jpg

«Жаслық» түрмесінде  

Қарақалпақстанның «Барса келмес» деп аталатын жеріндегі «Жаслық» түрмесін халықаралық сарапшылар Американың Куба маңындағы әскери-теңіз базасында орналасқан «Гуантанамо» түрмесімен салыстырып жатады. Бұл екі түрмеде де терроризм мен экстремизмге қатысты деп айыпталған адамдар қамалады. Бұл екі түрме де қатыгездік пен азаптаулардың сан түрін қолданатын түзеу мекемесі  ретінде танымал. 2009 жылы Барак Обама екінші президенттік мерзімі басталғанда Американың демократиялық имиджіне нұқсан келтіретін мекеме  ретінде «Гуантанамо» түрмесін жабу жайлы шешімге қол қойған болатын. Бірақ бұл бұйрық орындалмай қалды. Ал Өзбекстанның «Жаслық» түрмесі қазір де терроршы және діни экстремист деп айып тағылып сотталғандар отыратын түрменің функциясын атқарып келеді. Жан түршігерлік азаптаулар мен түрлі діни ағымдарға қатысты үкіметтік шектеулер қандай нәтиже берді? Осы саланың сарапшылары қысымның күшеюі жастардың радикалдануына себеп болып жатқанын айтады. Терроризмге қарсы күрес барысында одақтас болған АҚШ пен Өзбекстанның тәжірибесі осы тұжырымды растап отыр.    

Драмалық шегініс. Бір күні Британияның «Соғыс және бейбітшілік» институтының Ташкенттегі өкілі Ғалима Бұқарбаева хабарласып, желдің өті, жердің шеті саналатын Қарақалпақстанның «Барса келмес» деген жеріндегі  «Жаслық» түрмесіне барып қайтайық» деген ұсыныс айтты. Ғалима Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің Жазаны өтеу бас басқармасымен келісіп, Өзбекстанда тіркеуден өткен халықаралық БАҚ өкілдерінің «Жаслық» түрмесіне сапарын ұйымдастыру мәселесін шешкен екен. «Азаттық» радиосының тілшілері «қазір офисте іссапарға баруға қаржы жоқ» деп сылтауратыпты. Басқа халықаралық  журналистер де бармайтын болыпты. Тек Ғалиманың «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінде істейтін Бағила деген туған әпкесі үшеуміз баратын болдық. Үш қазақтан басқа ешкім «Жаслық түрмесіне» баруға ықылас танытпады. Себебі атышулы «Жаслық» түрмесіне барып репортаж жасау былай тұрсын,  көп журналистер оны атап айтуға да қорқатын. «Жаслық» стансасында бізді  «Жаслық» колониясының бастығы, полковник Әліайдар Құлымбетов деген қазақ күтіп алды. Бұл 2003 жылдың сәуір айы болатын. Ол жерде күн әлі айтарлықтай суық екен. 

«Жаслық» зонасы – Орталық Азиядағы ең атышулы зона. Мұнда негізінен тыйым салынған уақабилер ағымы мен «Хизб ут тахрир», яғни Азаттық партиясының мүшелері отырады. Мен әлгі екі қыздан бөлініп, тұтқындармен жеке өзім кездесуді жөн көрдім. Алғашқы кездесуіме мекеменің түрлі шендегі офицерлері қатысты. Кейін мен бізді «Жаслыққа алып барған  Өзбекстан ІІМ Жазаны өтеу бас басқармасы штабының бастығы Гуревич мырзаға: «Маған тұтқындармен жеке өзімнің кездесуімді қамтамасыз етіңіз, олай етпесеңіз мен Ташкентке қазір жүріп кетемін, барып «Би-Би-Си радиосы  тілшісінің «Жаслық» түрмесінің тұтқындарымен еркін кездесуіне мүмкіндік берілмеді деп мәлімдеме жасаймын» дедім. Полковник Гуревич Құлымбетовқа: «Пусть беседует один на один с заключенными сколько ему влезеть, это же – «Би-Би-Си», их не купишь и не заставишь» деді. Михаил Гуревичпен сапар барысында көп сұхбаттас болдық, сол кезде оған адам құқықтары мен демократиялық құндылықтар жат еместігін, ұзақ мерзімге қамалып жатқан жас жігітердің тағдырына аянышпен қарайтынын аңғардым. Михаил Гуревич өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындайын деді ме, әлде маған іші бұрды ма, әйтеуір саяси тұтқындармен еркін кездесуіме жағдай жасап берді. Осылай әкімшілік өкілдері – бақылаушы офицерлер шығып кетті, ал тұтқындар менімен еркін сөйлесе бастады. Тұтқындардың басым көпшілігіне «конституциялық өкіметті күшпен өзгертіп, ислам мемлекетін құрмақ болды» деген саяси айып таңылып, 16-23 жыл арасындағы мерзімге бас бостандығынан айырылғандар болатын. 

Аяусыз азаптаулар

Зонадағы сұхбаттастарым жазаны өтеу мекемесінің әкімшілігі тұтқындарды азаптаудың жан түршігерлік талай түрін ойлап тапқанын айтты. Мысалы екі тұтқынды – Хусниддин Алимов пен Музаффар Авазовты – үлкен қазанда қайнап тұрған суға тірідей тұншықтырып, пісіріп өлтіріпті. Кейін бұл қатыгездік жайлы ақпарат әлем қауымдастығының құлағына жетті. Тұтқындардың  тоқ ішегіне шараптың  бөтелкесін тығу, ұру-соғу, тырнағының астына біз тығу, діни нанымы үшін қамалғандарды адам өлтірген рецидивистермен бір камераға отырғызып, саяси тұтқындарға психологиялық қысым көрсету, рецидивистерге жеңілдік уәде етіп, оларды саяси тұтқындарға қарсы айдақтау, шығу мерзімі жақындаған тұтқындарға себепсіз сөгіс жариялап, босатылатын мерзімін кейін шегеру  – Өзбекстандағы  жазаны өтеу жүйесінің үйреншікті азаптау әдістері болатын. Көптеген саяси тұтқындар маған осындай азаптауларды басынан өткізіп жатқанын айтты. Бұл адам төзгісіз азаптаулар мәселесі сол кезде түрлі халықаралық ұйымдардың назарына ілікті. Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптау мәселесі бойынша арнайы баяндамашысы Тео Ван Бовен мырза Өзбекстанға жасаған сапары кезінде «Өзбекстанда тұтқындарды азаптау жүйелі сипат алған» деп мәлімдеме жасады. Әлемнің ең абыройлы ұйымының жоғары шенді өкілінің бұлай мәлімдеме жасауы Өзбекстандағы адам құқықтарына байланысты жағдай, тұтқындардың аяусыз азапталуы, күштеу органдарының қолына түскен адамның жағдайы қаншалықты ауыр екендігін аңғартатын.

Қамауда отырған сұхбаттастардан «Президенттің атына хат жазып, кешірім сұрап, сіздерді еркіндікке шығаруын өтінбейсіздер ме?» деп сұрадым. Сол кезде осындай тәжірибе болатын.Тұтқындар: «Біз билікке қарсы шыққан жоқпыз, тек дінімімізді ұстанып келеміз, зұлым биліктен кешірім сұрағанша, осында шаһид болғанымыз артық» деп жауап берді. Сонда қатығездік күшейген сайын, нанымы үшін қамалған тұтқындардың наразылығы өрши түсетінін, ұстанымдары радикалдана түсетінін аңғардым. 

Озбырлық  

Өзбекстанда діни экстремизм мәселесі 1997-19898 жылдары саяси сахнаға шықты. Ферғана аңғарында ІІМ жоғары лауазымды қызметкерлері өлтірілді. Бұл тек діни экстремистердің емес,  халықтың күштеу органдарының озбырлығына, қарапайым адамды шыбын құрлы көрмейтін сорақы әрекетіне қарсы наразылығының бір көрінісі болатын. 

Өзбекстанда алғашқы сот процестері уахабилік ағымының өкілдеріне қатысты процестер болды. Кейін бұл ағымға «Хизб ут тахрир» партиясы қосылды. Өзбекстан Үкіметі бұл екі ұйымның да қызметіне тыйым салды. Бұл ұйымдарға ұйыған, идеяларын қолдаған, шығарған үндеулерін таратқан немесе оқыған  адамдар қатаң жазалана бастады. Осы тыйым салынған ұйымдарға мүше деп айып тағылған жас жігіттер 12-23 жыл аралығындағы мерзімге бас бостандығынан айрылып жатты. Облыстар мен аудандардың соттарында бір уақыттың өзінде ондаған процестер жүріп жататын. Әрбір сот процесінде 18-35 жас аралығындағы 15-20 шақты жігіт ұзақ мерзімге қамау жазасына кесілетін. Бір үйден 5-6 адам қамалған жағдайлар да көп кездесетін. Діни экстремизм бойынша  айыпталып қамалған тұтқындар әсіресе тергеу кезінде көп азапталатын. Адам төзгісіз азаптаулар жүйелі сипат ала бастады. Күштеу органдары адам өлтірген қылмыскерлер мен сотқарларды діни нанымы үшін қамалған азаматтарға қарсы қойып, әдейі өшіктіріп, азаптап, қорлау үшін пайдаланатын. Ресми биліктің мұндай  қатыгездігі жайлы тәуелсіз құқыққорғаушылар мәлімдемелер жасап тұратын. Уақыт өте келе діни экстремизге қарсы күрес Өзбекстан Үкіметінің басты  басым бағытына  айналды. Орталық және жергілікті билік органдары, теледидар, газеттер, махалля институты, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар  – бәрі-бәрі осы тақырып жайлы ой толғап, «діни экстремистерге қосылып кетпеңдер, Отанға опасыздық жасамаңдар» деп, үгіт-насихат жүргізетін болды. Елдегі бар кемшіліктің басты себепшісі діни экстремистер мен терроршылар деп жарияланды. Экономика мен әлеуметтік саланы жөнді реформалай алмаған, елдің қарыштап дамуын қамтамасыз ете алмаған саяси билік өз кемшілігін діни экстремист аталмыш топтарға жауып бақты.  

Бұл тұтқындар негізінен – ислам құндылықтарын қастерлейтін жас намазхандар болатын. Мен олардың көпшілігімен «Жаслық» жазаны өтеу мекемесінде, жер-жерде өтіп жатқан сот процестерінде сұхбаттас болдым.  Конституциялық өкіметті күшпен өзгертпек болды деп айыпталып қамалған 17-18 жасар жігіттер Конституцияның не екенін де білмейтін жастар еді. Ия, олар кейбір намазхандардың жиналысына қатысқан, кейбір нағыз «хизбуттахриршілердің» үгітіне иланып, үндеу қағаздарын таратқан шығар. Бірақ олар 20 жыл жазаға кесілетіндей үкіметке немесе қоғамға қауіп туғыза қойды деуге келмейтін. Көптеген құқық қорғаушылар  «сол жаңылысып, үкіметке қарсы жолға түсіп қалған жас жігіттерге кешірім жасалып, оларға сауатты дін ғұламалары дұрыс жол көрсетсе екен» деген тілек айтып келеді.

Радикалдандырып алмайық

Кезінде Өзбекстанның бас мүфтиі болған марқұм Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф: «Адасқандармен күшпен емес, мағрифат жолымен күресу керек, жастарға шектен тыс қысым көрсету олардың билікке қарсы өшпенділігіне себеп болады, адасқандар да, дұрыс жолдағылар да – бірі бауырларымыз, бір-бірімізді асырай білейік» деген сөздері көпшіліктің есінде қалды.   

Жуырда «Азаттық» радиосында Варшавадағы Шығыс зерттеулері орталығының сарапшысы Йозеф Ланг мырзаның сұхбаты жарияланды. Йозеф Ланг өз сұхбатын: «Тәжікстанда үкімет исламның саяси тұрғыдан дамуына кедергі келтіріп отыр, әрі бұл елде балалардың мешітке баруына тыйым салынған. Бұл діннің одан әрі радикалдануына алып келеді, яғни кері нәтиже береді. Өзбекстанда да жағдай осыған ұқсас. Қалыпты исламға қысым күшейген сайын олардың радикалдану мүмкіндігі арта түседі» деп түйіндепті.

Елбасы Жолдауы аясында да, ҚР Үкіметі тапсырмаларының жүзеге асырылуы аясында да елімізде терроризммен күрес мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ия, әзірге Қазақстанның билік органдары мен діни басқармасы түрлі ағымдармен күрес жүргізуде басымдықты үгіт-насихат жұмыстарына беріп отыр. Тәубе, елімзде көрші елдердегідей бір уақыттың ішінде аясына жүздеген адам тартылған сот процестері өтіп жатқан жоқ. Шектен тыс қатыгездік – мәселенің дұрыс шешімі еместігін көршілер мен халықаралық тәжрибе айқын көрсетіп отыр. Қамау, азаптау, шектеу – қарапайым шешімдер. Ал күрделі,  анығы – сана мен нанымға қатысты болмыспен қара күшпен күресуге болмайды. Билік басындағылар осыны ұмытпағаны абзал. 

Қазақстандағы ең табысты 15 мектеп
Астана ұл ма, қыз ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу