Серік Таласов, режиссер: «Кино – жеке бизнеске айналып кетті»

Серік Таласов.jpg

Фото Серік Таласовтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Өз көрермендеріне тәлім-тәрбие беріп, үлгі-өнеге қалыптастыратын дүниелер жасап шығаруды басты мақсаты санайтын Серік Таласов тұңғыш 2013 жылы «Жаңғырық» атты туындысымен танылған режиссер. Бүгінде ел іздеп көретін «Жанұя», «Гарантия» сынды толықметражды фильмдер мен «Өтелмес борыш», «Байлық», «Әмиян», «Ұстаз» атты қасқаметражды кинотуындылардың режиссерімен әңгімелесудің сәті түскен еді.    

-   Серік Төребекұлы, режиссер неден қорқады?

-  Жеке басымда режиссер ретінде ешқандай қорқыныш болған емес. Мен түсірген фильмдер қоғамды улап жатқан жоқ. Өзінің салар ойы мен жұртқа берер өнегесі бар. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыз айтып кеткен ғой: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», - деп. Менің алға қойған басты мақсатым – тәрбие. Егер сіз бірнәрсені дұрыстауды қаласаңыз, оны фильм арқылы жеткізіңіз. Менің әр туындым жүректен шыққандықтан, өз көрерменін табады. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді», - дейді ғой. Менің туындыларымның көрерменнің көңілінен шығуының себебі осында шығар деп ойлаймын. Көрерменге ой саларлық дүние жасап жатқандықтан, режиссер ретінде менде ешбір қорқыныш жоқ.  

-  Сол көрерменге ой саларлық кинотуындыларға идеяны қайдан аласыз? 

-  Негізгі идеялар кітаптың ішінен туындайды. Өмірде орын алған оқиғалар мен үлкендер айтқан әңгімелер негіз болады. Жалпы, кино - өмірден алынады. Сондай-ақ, өзімнің басымнан өтіп жатқан оқиғалар әсер етеді. Жалпы,  идея деген жетерлік. Тек біздегі қаражат жағына мемлекет тарапынан қолдау болып тұрса... 

-  Ал, «Алимент» әлеуметтік ролигін түсіру идеясы қайдан туындады? Дәл осы қысқаметражды фильмдегі эпизодтарды үнді елі түсірген әлеуметтік роликтен байқап қалдым!.. 

- «Алимент» әлеуметтік ролигіне қалалық белгілі бір басқармадан тапсырыс түскен болатын. Қаржысы өте аз болды. Ал, оған сценарий жазғызатын болсақ, оның өзі үлкен соманы құрайды. Басқарма басшылары мұны ескере отырып, осы идеяны алып келді. Роликті өзіміздің салт-дәстүрге лайықтап жасап шықтық. Бұл менің ойымнан туындаған дүние деп айтпаймын. Аталмыш әлеуметтік роликті түсірген кезде монтажер, оператор, композитор, режиссер жұмыс істеді. Мұнда, сценарист болмады. Егер біз идея авторы Серік Таласов десек ұрлықы дүниеге жатар еді. «Алимент» әлеуметтік ролигін түнгі сағат төртте интернет желісіне салдым. Ертесіне ғаламторды ашып қарасам, өз көрерменін жиып үлгерген, яғни бір күннің ішінде 1 миллион қаралым. Жақсы да жаман да пікірлер айтылып жатты. Бастысы айтар ойымызды жеткіздік деп ойлаймын. Сол кездің өзінде еліміз бойынша 16 222 адам алимент төлемеген екен. Осы секілді қоғам үшін маңызы бар мәселелер түйінінің шешілуіне түрткі болсын деген оймен жасалған дүние бұл.

- Әрбір режиссерді танытатын өз төлқұжаты іспеттес еңбегі болады. Мысалы, Сұлтан Қожықовты – «Қыз Жібек», Абдолла Қарсақбаевты – «Менің атым Қожа» арқылы танимыз. Сізде, сондай дүние бар ма?

- Мына туынды менің паспортым деп айта алмаймын. Әрбір фильм мен үшін қымбат. «Жаңғырық» бастамасы болғаннан кейін кішкене көрсетуге де ұяламын.  Алғашқы туынды болғаннан соң аздап кемшіліктері де бар.  Оның үстіне сомасы 230 мың теңгені құрайды. «Қазақфильмнің» бюджетін қарап шықтым. Бір фильмнің қаржысы кем дегенде 800 мың доллар. Ары қарай фильмге қарай бағасы да көтеріле береді. Егер маған ондай қаражат төленсе мың кино шығарар едім. Кейде коментарийлерді қарап отырсам, менің туындыларымды шетелдік кинолармен салыстырып жатады. Бюджетімнің аз екенін өзгелер қайдан білсін?! Қазақфильмде істеп жатқандардың бір кинодан табатын табысы 4 миллион. 

   Мысалы, Талғат Теменовтің «Махаббат станциясынан» басқа киносын көрген жоқпын, бірақ мен үшін мықты фильм. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдері қазақ фильмінің тарихы болып қалды. Әрине, сол секілді тарих болып қалатындай толықметражды фильмдер түсіру жоспарда бар. Қазір менде 40 фильмнің сценарийі бар. Мұның бәрі маған паспорт болып қалады деген ойдамын. 

-  Режиссерлықтан бөлек қандай жұмыспен айналысасыз? 

- Режиссура толассыз ойды, ізденісті қажет етеді. Үнемі жаңа дүниелер жасауды ойлап жүреді. Тың тақырыпты көтеретін туынды жасау үшін,  сценарий жазамын. Ал, бос уақытымды спортқа арнаймын.

-  Режиссерлардан кімді үлгі тұтасыз? 

- Қазақстандық режиссерларға қарағанда шетелдік режиссерларды көбірек бағалаймын. Мысалы, Камиль Пуасон, Герберт Зельпин,  Вольфганг Петерсен сынды. Себебі, қазақта «Троя» секілді фильм жоқ. Өйткені, ол - әлемдік. Егер де, маған қомақты қаржы берер болса үлкен туындыны өзім түсірмес едім. Шетелдік танымал режиссерді жалдап, кино түсіру барысында қай жерде нені қолданатындығын, қалай жұмыс істейтіндігін үйренер едім. Сондай-ақ, қазақстандық режиссерларды олардан үйренуге шақырар едім. Қазақ фильмінің шетелде танылуы үшін, актерді ғана жалдамай, режиссерді шақырып, қазақы туындының әлемге танылуына себепкер болар едім. Егер де, менде ондай үлкен мүмкіншілік болса. 

- Танымал режиссер Талғат Теменов бір сұхбатында «Кино түсіру вино ішкенмен бірдей болып кетті» деген екен. Бұл тұрғыда сіз қандай пікірдесіз?

- Рас, қазір киноны бизнеске айналдырып жіберді. Ол, жеке басқа, жеке мүддеге арналған дүние емес. Кино бүгінгі күн, ертеңгі тарих. Қазір, кинотүсіргіш жастар да көп. Бір сценарий мен фотоаппаратты алып алады да, түсіріп жатады. Ютуб желісіне кірсеңіз басы бар аяғы жоқ дүниелер жетерлік. Олардың басты мақсаты халыққа тәлім-тәрбие беру емес, ақша жасау. Гитлердің айтқаны бар, «Бір елді жаулағың келсе ол елмен соғыспай-ақ, құр мәдениетін киноға түсіріп жіберсең жеткілікті» деп. Мысалы, бірнеше жылдар бұрын кореяның кинолары отандық арналардан көрсетіле бастады. Көшеге шықсаң жастардың бәрі «корейский». Ал, қазіргі таңда, қазақстандық телеарналардың жартысынан көбін үнді фильмдері жаулап алған. Бүгінгі жастар сол түрік пен үндінің салт-дәстүрін, өз ата-бабасынан қалғандай жатқа біледі. Ютуб желісінен бір видео көрдім. Кішкентай қыз мешітте үнділер секілді сиынып отыр. Елдің болашағы ертеңгі жастарда, болашақ ұрпақта. Ал, біз сенім артатын ұл-қыз өз ұлтының менталитетіне сай өмір сүріп, қазақ елінің шекарасынан ары аспай, ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауы тиіс. Абай атамыз да бұл өмірде болды, өтті. Қазір ұрпағы есіне алып, жырларымен, соңынан қалған шығармашылығымен сусындап, өнеге алып жатыр. Сол секілді, келер ұрпақ біздің де жақсы жағымызды айтып жүрсе. Біз жасаған туындыны жүріп өткен жолдарында үлгі етсе, ол біз үшін үлкен - олжа. 

Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ,

"Рейтинг" газеті, №43, 7 қараша, 2019 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ақан Ақшораев, асаба: «Оңтүстік жұрты тойдан шаршады»
  • Серік Таласов, режиссер: «Кино – жеке бизнеске айналып кетті»
  • Әйгерім Жұмағұлова, «Отырар» медиахолдингінің директоры: «Журналистің көзінде от болу керек»
  • Айдар Құспанов, виоленчельші: «Виоленчель - адамдармен «сөйлеседі»
  • Дінмұхамед Ыдырысов: «Биліктегілерді бизнесіме араластырмаймын»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика