Рахима Тәжиева: «Құлыным Ләззат өмірдің өзі шахмат екенін жиі айтатын»

Oinet.kz 18-12-2014 987

Шахмат ақыл-ойдың гимнастикасы. Шахмат адам ақыл-ойының биік шыңы. Қазақстанда шахмат спорты жақсы дамыған. Оның ішінде әйелдер арасындағы шахматта қазақ қыздары көптеген асуларды бағындырды. Дегенмен қазақ шахматының тарихында есімі алтын әріппен жазылған, көпшілік әлі күнге сағынышпен еске алатын тұлғаларды көп деп айтуға болмайды. Сексенінші, тоқсаныншы жылдардағы осындай жарқын есімдердің бірі Ләззат Тәжиева еді.

image.png

Жұлдыздар із тастап ағады. Ләззат он жеті жасында-ақ шахматтан КСРО спорт шеберлігіне кандидат болды.  КСРО чемпионатының қола жүлдесін иеленді. 1990 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрама командасының тұрақты мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ләззат Тәуелсіз Қазақстанда әйелдер арасында шахматтан өткен тұңғыш чемпионаттың жеңімпазы және бұл атақты бұдан кейінгі жылдары әлденеше рет жеңіп алды.  

Ол Қазақстан ұлттық құрамасының сапында екі рет Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысты. 1992 жылы Филипиннің астанасы Манила қалсында өткен алғашқы олимпиадада Ләззат чех гроссмейстері Москова-Хайкованы, ал Қазақстан-Қытай командалары арасында өткен шешуді партияда қытайдың атақты шахматшысы Ван Пиді ойсырата жеңді. 1994 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік олимпидада Ләззат Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын  екінші рет қорғап қалды. Осы жетістігімен-ақ ол шахмат тарихына өзінің есімін өшпестей етіп жазып кетті...Ләззат тірі болғанда 25 маусымда 44 жасқа толар еді. Спорттағы карьерасын таңдай қақтырарлық жеңістермен бастап келе жатқан шахмат ханшайымы арамыздан тым ерте кетті. Құйрықты жұлдыздай жарық етіп өте шыққан Ләззат туралы біз оның анасы Рахима Омарқызы Тәжиевамен сыр бөліскен едік.

-Ләззат отбасымыздағы тұңғышымыз болатын,--деді Рахима апай.—Оның өмірі үнемі сапырылыста, үнемі жол үстінде өтті. Кейіннен ол қайтыс болған соң есептеп көрсем, Ләззат әрбір бір жарым ай сайын жарыстарға шығып жүрген екен. Ана ретінде ылғи да «Ләззат жарысқа кететін еді, жарыстан келетін еді», деп асығып-үсігіп, соның тілеуін тілеп отыратын едім... Амал қанша, ол күндер енді қайтып келмейді.

Ләззат Шымкенттегі №36 мектепте оқыды. Кейіннен дарынды балаларға арналған физика-математика мектебіне ауысты. Орта білімді осы жерде аяқтады. Алғашқыда жоғарғы оқу орнына түсу үшін Алматы, Мәскеуге бармақ болған. Кейіннен Шымкент педагогикалық институтының информатика-математика факультетін таңдады. Себебі ол өзіне тәлім беріп жүрген жаттықтырушыларынан қол үзгісі келмеді. Осы оқу орнын бітірген соң спорт мектебінде шәкірттерге шахматтан сабақ берді. Қазір сол мектепке Ләззаттың есімі берілген.

-Ләззат шахматқа қай кезде келді. Отбасында оған ықпал еткен адам бар ма еді?

-Шахматты 10-11 жасынан бастап ойнай бастады. Отбасымызда папасы (әкесі Лепесбай осыдан екі жыл бұрын қайтыс болды) және немере ағасы Байсал шахмат ойнайтын. Шахматтың әліппесін солардан үйренді. Бұдан кейін аула клбутарына барып, шаршы тақтаның қыр-сырына қанықты.

Ләззат мектепте өте жақсы оқыды, өзінің интелектуальдық қабілетін бала кезінен-ақ байқата білді. Сондықтан шығар, спорттағы нәтижелері де тез көріне бастады. Айналдырған 2 жылдың ішінде Ленинград сияқты үлкен қалалардағы жарыстарға қатысты. Аула клбуындағы алғашқы жаттықтырушысы Надежда есімді әйел еді. Одан кейінгі жаттықтырушысы  Виктор Кан болды.

-Қызыңыздың мінезі кімге ұқсаушы еді. Сізге ме, әлде әкесіне ме?

-Ләззат өте ұстамды, соншалықты сабырлы еді. «Өмір деген шахмат. Шахматта да өмірдегідей стратегия, бәрін алдын ала есептеу, тактика бар» дейтін. Ләззат көп нәрселерді алдын ала біліп жүретін. «Мама, адамдар сізді бірден түсіне бермейді, ал кейін түсінген кезде бәрі де кеш болады» дейтін. Оның соншалықты аңғарымпаздығына таң қалатынбыз. Бәрін алдын ала жоспарлап, нақты мақсат қоя білетін. Осының бәрі де шахмат ойнағанның, оған шексіз берілгеннің, өзінің ақыл-ойын биік дәрежеге көтере білгеннің әсері шығар деп ойлаймын. Жалпы отбасындағы дұрыс бағыт-бағдар бергеннің арқасында ұл-қыздарымның интелектуальдық қабілеті жоғары, тәрбиелі болды. Ләззаттан кейінгі қызым Мадина кішкентайынан бізге жақын болып өсті. Оны өзімізше «жедел-жәрдем» деп атайтынбыз. Ал одан кейінгі қызым Гүлмира мектепті алтынға, университетті қызыл дипломға бітірді. Кенжеміз Еркін де жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, қазір қатарының алды болып жүр. Ана ретінде осындай ұл-қыздарды тәрбиелегенімді мақтан тұтамын.

-Егер Ләззат денсаулығы сыр бермегенде сөзсіз гроссмейстер болар еді ғой...

- Ләззат одақтағы талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Бірақ одақ кезінде азиаттарды халықаралық жарыстарға жібере бермейтін. Бірақ соның өзінде ол КСРО-ның көптеген қалаларында өткен жарыстарға қатысты.  Тәуелсіздік алған соң, Қазақстанның атынан Олимпиадаға екі мәрте қатысты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Олимпиада дүниежүзілік деңгейдегі гроссмейстер грузин, қытай қыздарымен бәскелесіп, шаршы тақтада жеңді, бірімен тең дәрежеде ойнады. Шахматқа Ләззаттан бұрын келген гроссмейстер Тамара Клинктің өзі Ләззаттан үнемі жеңіліп қалатын. Егер денсаулығы дұрыс болғанда ол сөзсіз гроссмейстер атанар еді деп ойлаймын. Оның көптеген ойындары шахмат энциклопедияларына енді. Ләззат туралы белгілі ғалым-шахматшы Ғалымулла Сәйденов өзінің кітабында Ләззаттың өнеріне өте жоғары баға берген.   

Ләзаттың дерті шахматтағы карьерасына үлкен соқы болып тиді. 7 жыл ауырды. Соның өзінде де бес жылдан астам уақыт шахматтан қол үзген жоқ.

-Ләзаттың қандай дертпен науқастанғанын дәрігер-ғалымдардың өздері де таба алмаған көрінеді. Бұл қаншалықты рас?

-1992 жылы Филиппинде өткен олимпиададан  қызым науқастанып келді. Ләззатты Мәскеудегі Бүкілодақтық институттың дәрігер-ғалымдары емдеді. Небір медицина саласының білгірлері, пофессорлар қарады. Бірақ одан нәтиже болмады. Дәрігерлер ақыры консилиум жасап қарап, «Бұл ауруды дәстүрлі медицина жаза алмайды. Сондықтан қызыңызды халықтық медицинамен емдетіп  көріңіз» деген кеңес берді. Елге әкеліп Ләззатты емшілерге де қараттық. Бірақ беті бері қарамады. Қызым күн санап көз алдымызда сола берді.

-«Біреулер сыртынан дуа жасатыпты» деген сөз қаншалықты ақиқат?

-Бұл аурудың аяғы 1999 жылдың 21 ақпанында біздің отбасымызды орны толмас қайғылы жағдайға ұшыратты. Ал, енді «қызыңызға біреулер дуа жасатқан» дегенді сөзді Ләззатты қаратқан емшілердің айтқаны рас.

Тосын қайғыға қабырғасы қайыспаған адам жоқ шығар, сірә. Ләззатты халық өте жақсы көрді. Қазақтың небір зиялы қауым өкілдері маңдайынан сүйіп, оны ұлтымызды мақтанышы ретінде көрді... Ғұмыры аз болса да, өмірін мәңгі өшпестей етіп айшықтап кетті.

-Қазір Ләззатты еске алуға арналған іс-шаралар өтіп тұра ма?

-2001 жылы Шымкентте республикалық шахмат федерациясы басшыларының ұйымдастыруымен Ләззатты еске алуға арналған гроссмейстерлердің  халықаралық жарысы өтті. Осы жарысқа шахматтан 17 мәрте әлем чемпионы болған грузин қызы да қатысты. Сол жылы жазда Ләззаттың есімі Шымкенттегі спорт мектебіне берілді, өзі оқыған №36 мектепке ескерткіш тақта орнатылды. Қызымды еске алуға арналған іс-шараларға да шақырып тұрады.

- Ләззаттың ізін басып келе жатқан іні-қарындастарына не айтасыз?

-Ләззат «шахматқа балаларды бастауыш сыныптан баулу керек», «шахматқа қатысты компьютерлік бағдарламаларды жасау қажет» дегенді айтып жүретін еді. Қазір ойланып қарасам, шахматтың ұрпақ тәрбиесіне тигізер әсерін, оны дамытудың жолдарын күні бұрын біліп жүреді екен ғой. Шахматты мектеп бағдарламасына енгізу керек дегенді басшылар осы күні айтып жүр.

Сол кездері Ләззатпен бірге шахмат ойнаған қыз-жігіттердің ешқайсысы жаман болған жоқ. Бәрі де өмірден өз жолдарын тез тауып кетті. Мәселен Ләззаттың соңынан еріп жүрген сіңлісі, менің қызымдай болып кеткен Алтын Есіркепова республикадағы ең жас ғылым докторы атанды. Қазір М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да ғылыми жұмыстарға жетекшілік етеді.

Жалпы Шымкентте шахмат спорты жақсы дамыған. Өйткені балаларды шахматтың қыр-сырына үйретіп жүргендер әлі де сол баяғы жатықтырушылар. Шәкіртің мықты болмағы ұстазына байланысты емес пе? Ләззаттың ізін басып келе жатқан жас шахматшыларға әрдайым елдің намысын, абыройын жоғары ұстасын деймін!  Шахмат баланың ойлау қабілетін дамытады. Ал, елдің ертеңі тізгіні осындай интелектуальді, дарынды жастардың қолында емес пе?! Сондықтан өкіметтің осыған мән беріп жатқанына қуанамын.

-Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Бақытжан Әбдірашұлы

Мұрағаттан, 13.06.2012 ж

Амалбек ТШАНОВ: Бұл өмірде екінші Амалбек Тшанов енді болмайды
Жаннета Жазықбаева: Балаларды қолдау әкімдердің көзқарасына тәуелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу