Ұлан Нүсіпәлиев: «Қазанда кезіктіріп, Көкбазарда ұнатып қалдым»

Oinet.kz 18-05-2014 1120

Құдай қосқан қосағымды ең алғаш рет Ресейдің Қазан қаласында кездестірген едім. Екеумізде қазақ болғандықтан ба, сол сәтте  бір-бірімізді жақсы есте сақтап қалыппыз. Екінші рет онымен Алматыда Көкбазарда жолықтым. Көкбазардың ішінде лағманды дәмді дайындайтын асхана болатын. Жасы да, кәрісі де сол жерден шықпаушы еді. Түскі мезгілде қарным ашқан соң әлгі асханаға тамақтануға  бардым. Қолыма патносты алып, кезекте тұрсам, анадай жерде кезегін күтіп Әлима да тұр екен. Сырттай таныс қызды көргенде қуанғанымнан жүрегім жарылып кете жаздады. Жанында сымбатты тағы бір қыз бар екен. Құрбысы болса керек деп ойладым ішімнен. Ығы-жығы адамнан қызға жақындаудың ретін таппай біраз әбігерге түстім. Оның үстіне құрбысының, көпшіліктің алдында қырындауды жөн деп таппадым. 

Screenshot_5.jpg

Заты нәзік болған соң, ол да мені танысада, тіл қата қоймады. Содан не керек, сол күні лағманымды жеп, Әлиманы тек сырттай бақылап қайттым. Сол күннен бастап оны тағы бір көруге ынтық бола бастадым. Келесі жолы  кезіктірсем жақынырақ танысуым керек деп өз-өзімді іштей қайрап қоям. Бірақ ғашық болған қызымды үшінші мәрте көргенде онымен танысудың мүмкіндігін тағы да жіберіп алдым. Студент кезім. Жігіттермен оқу орынының алдына жиналып алып, өткен-кеткен қыздарға әзілдеп, тиісіп жүретін әдетіміз бар еді. Әсіресе, қыздар өтсе болды сол аяғын басқан сайын «сол аяқ, сол аяқ, сол аяқ» деп мен  айғайлайтынмын. Менің сөзімнен кейін кейбір қыздар жүруге ыңғайсызданып, кейбірі сүрініп, жығылып жатады. Біз бұл көірініске рахаттанып күліп аламыз. Бір күні қалыпты ермегімізге басып, қыздардың аяғын аңдып отырғанбыз. Сөйтіп отырған кезде алдымыздан  Әлима өтті. Мен әдетте қыздардың аяғына қараймын,  бет-әлпеттеріне мән бере бермеймін. Оның Әлима екенін қайдан білейін, жүрісіне қарап «сол аяқ, сол аяқ» дей бердім. Ұзай бергесін түріне қарасам, өзім армандап жүрген аруым екен. «Қап, әттеген-ай, ретімен танысудың орнына, баланың тірлігін жасағанымды қарашы» деп іс-әрекетіме қатты өкініп қалдым. 

Screenshot_4.jpg

Дегенмен, тағдыр бізді қайта табыстырды. Көкбазардың асханасында Әлиманың жанынан көрген қыз оның құрбысы емес, сіңілісі болып шықты. Ал сіңілісі Әлия менің досымның жүріп жүрген қызы екен. Досым қызымен таныстырған соң, Әлияға әпкесімен таныстыруын өтіндім. Осылай сүйген қызыма әйтеуір қолым жетті-ау. Жарымның мені сөзсіз түсінетін, ер азаматты қадірлей білетін қасиетін ұнаттым. Ол заманда қыз-жігіттер бір-біріне сүйем-күйем деп сезімдерін ашық білдірмейтін. Бізде сезімдерімізді ішке бүгіп, жарты жылдай жүрдік. Кейін еліміз аңсаған Тәуелсіздікке қолы жеткен 1991 жылы менде құсымды қолыма қондырып, отау құрдық. Тәуелсіздікпен бірге біздің шаңырағымыз да өсіп келеді. Қазір екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, немерелерімізді бауырымызға басып отырмыз.

Болат Мүрсәлім: «Алаш қайраткерлерінің фотосуреттері – ұлттық жәдігер деп есептеймін»
Күлия Айдарбекова: «Қара шаштарын өріп тұрған Анамның бейнесі көз алдымда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу