Уәлибек Әбдірайымов: «Үмбетовтің тойында қазақи, ауылбай әңгімелерді айтпа деді»

Oinet.kz 03-04-2014 760

13d2fd5c57320ac08481e2fd521effdc.jpg

– Уәлибек аға, осыдан бес жыл бұрын республика бойынша алғаш рет Шымкентте мемлекеттік әзіл-сықақ театры ашылды. Жұмысы жап-жақсы басталған театрдың қарқыны қазір басылып қалғандай ма? 

– Бұл театрды ашу идеясының авторы да, оның дүниеге келуіне негізгі себепкер болған да сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Дархан Мыңбай. Біз де қолдан келгенше үлесімізді қостық. Ашылған театрдың арбасын сүйреуге бар күш-жігерімізді жұмсадық.

Бастапқыда театр ашқанымызбен басымызда жеке баспанамыз болған жоқ. Сол себепті, біраз уақыт көшіп-қонып жүрдік. Алғашқы екі-үш жылда қуыршақ театрының ғимаратын паналасақ, кейін бір жеке компанияның ғимаратын пайдаландық. Ол ғимараттың сахнасы жоқ. Әркімнің сахнасын бір жалдап, әйтеуір өнерді өгейсітпеуге тырыстық. Сөйтіп жүргенде қаладағы бұрынғы «Шымкент» кинотеатрының ғимараты сатылатын болып, әкімшіліктің, басқалардың араласуымен сол ғимарат театрымызға бұйырды. Кішкентай болса да сахнасы, екі жүз көрерменге арналған залы бар. Осыған тәуба деп, қуанып қалдық. Ғимарат бар, енді көрермен тарту басты шаруамыз болып қалды. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда әлі де болса бөркімізді аспанға атардай дәрежеге жеткен жоқпыз. біз әлі күнге дейін «билет тарату» деген жүйеден арыла алмай жүрміз. Әрине, көрерменге ешқандай өкпе-назымыз жоқ. Бірақ, біздің арманымыз – билетті мекемелерге таратып емес, өздері алып кетіп, телефон арқылы ұсыныс жасап, кассада билет табылмай жатса дейміз. Көрермендер мұндайға үйрене алмай жатыр, дәлірегі үйрете алмай жатырмыз.

– Неге?

– Театрларға жоғары жақтан қолдау болмайынша көрген күніміз осы. Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет министрі болып тұрған кезде тікелей байланыс арқылы зиялы қауыммен пікірлескені естеріңізде шығар. Сол кезде Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз шындықты қалай шыжғырып айтты? Әртістерге берілетін жалақы оның өнерін шыңдау, жүріп-тұруы былай тұрсын отбасын асырауға да жетпейді. Сананы тұрмыс билейтін заман емес пе? Әйтпесе, театрымыздың өнерін ешкім де төмен бағалай алмайды. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы күндері өтті. Соған біздің сатира театры да барып, бір қойылым қойдық. Өзі ашып берген театрдың қойылымын көруге Дархан Мыңбай да қызуғышылық танытып және жалғыз өзі емес, жанына сенаторлар мен мәжіліс депутаттарын да ерте келіпті. Сол жолы Дәкең қойылымның қандай керемет өткенін, барлығы күліп, демалып, тамаша көңіл-күймен қайтқандығын айтты. 

«Басшылық қызмет тұншықтырады екен»

– «Шаншарды» белгілі бір дәрежеге дейін көтеріп, елге кеңінен таныта алдыңыздар. Ал, мемлекеттік театрдың деңгейі неге осы биіктікті бағындыра алмай жүр? Әйтпесе, екі театрдың да өнер көрсететін әртістері бір. 

– Мұның бірінші себебі қаржы мен жарнаманың жетіспей жатқандығында.  Мәселен, мемлекеттік театр дүниеге келгелі бес жылдың ішінде «Өгізбайдың отбасы» деген пьесаны ғана көгілдір экраннан, яғни «31-інші» телеарнадан көрсете алдық. Онда да солардың бір жұмысын істеп беріп, келісімге қол жеткіздім. Комедиялық қойылымдарымыз жоқ емес баршылық. Бірақ, соны көк жәшікке салуға қу қаржы жетпейді. Үкіметтің берген ақшасы спектакльдерді дүниеге әкелуден артылмай жатыр. Мен қаншама мемлекеттік телеарна басшыларына осыны айтып, түсіндіре алмай-ақ қойдым.

– Сатира театрын қанша жыл басқардыңыз?

– Екі жыл. 

– Басшылықтан неліктен кетіп қалдыңыз?

– Кез-келген істің басталуы, алғашқы қадамы қиын болатыны белгілі. Театрдың осындай кезеңінде басы-қасында болдым. Жұмысы бір ізге түсе бастағанда икемі бар жігіттерге тапсырдым. Бірақ, театр тіршілігінен мүлдем алыстап кеткен жоқпын.    

Мен шығармашылықтың адамымын. Шыны керек, басшылық қызмет творчествоны тоқтатады, тұншықтырады екен. Творчествода өз ойыңа бағынасың, ал бастық бастығының айтқанына бағынады. Аптасына бір рет бастықтардың алдына жиналысқа барып тұратынмын. Қаламым өз ойымды емес, солардың сөзін жазатын болды. Оның үстіне «Шаншардағы» мықты актерлардың біразы бөлініп, өз алдарына шаңырақ көтерді де, театрды әлсіретіп алмас үшін қайтадан көп тер төгуге тура келді. Сөйттім де өзім бастап қайта сахнаға шықтым. 

– Қазір сонда мемлекеттік театрда қандай қызмет атқарасыз? 

–Мен директордың орынбасарлығын да, көркемдік жетекшілікті де алғаным жоқ, дәл қазір жарты штатта режиссермін және әртіспін. 

 «Үмбетовтың үйіндегі тойда «қазақи, ауылбай әңгімелерді айтпаңыз» деді... 

– Мемлекеттік әзіл-сықақ театрының тұсауы кесілген тұста ұжым басшысы ретінде «осы кезге дейін жеке-жеке күліп келіп едік, енді мемлекет болып күлетін болдық» деп едіңіз. Мемлекет болып күле алып жүрміз бе? 

– Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен «біз қалай күліп жүрміз» деген сауал төңірегінде сөз қозғау қажет секілді. Айталық, көрермен залына кілең мәжілісмендер мен министрлер отырды делік. Мен сахнада тұрмын, жаныма Петросян келді. Сол кезде маған Премьер-министрдің өзі «әй, Уәлибек, былай тұр, ана кісіден ұят болады» деп айтуы мүмкін. Олар соны тыңдайды, соған күледі, соны мәдениет деп ойлайды. Ал, менің әзілімді қарабайыр, қазақша, қазақи деп қабылдайды. Қайбір жылы Серік Үмбетовтың үйінде тойда болдым. Өзінің қолында өскен інісінің қызын ұзатып жатыр екен. Билік басындағылардың көпшілігі жүр. Ресейден, Өзбекстаннан небір жұлдыздар келді. Солардың арасында, яғни тізімде мен де бар екенмін. Маған берілген уақыт бес минут. Той иесінің шабармандары тарапынан «қазақи, ауылбай әңгімелерді айтпаңыз, өте мәдениетті, жоғары дәрежеде сөйлеңіз» деген қатты тапсырма болды. Кезегім келгенде мен шығып, «сіздер кешіріңіздер, маған қазақи, ауылбай әңгімелерді айтпаңыз деген қатқыл тапсырма түсіп жатыр, ал, менің айтатын әңгімем сол қазақи, ауылбай еді, сол себепті ештеңе айтпай-ақ қояйын, тек менің шығуым міндет болғасын шығып тұрмын, тізімде бар екенмін, басқа айтарым жоқ» деп едім барлығы күлді. «Бұлар да қазақшаға күледі екен ғой» дедім іштей. Сөйтіп «бір әзілімді ұсынып көрейін» деп күлдіргі әңгімемді айттым. Бәрі күлді. Содан кейін екіншісін, үшіншісін жалғастырдым. Халыққа ұнады. Сонда Серік Үмбетовтың өзі келіп, қолымды алып, арқамнан қақты. Жоқ жерден жау іздеп, қазақи әзіл айтуға қорқамыз, өзімізді өзіміз қинап, басқа мәдениетке қарай бет бұрғымыз келеді.

Демек, «мемлекет болып күліп жүрміз» деп айта алмаймын. Себебі, шенеуніктер арасында мемлекеттік тілді менсінбейтіндер көп.  

Қадырғали Көбентай: «Ұрлық жасап, оңбай таяқ жедім»
Сәуле Жанпейісова: «Кездесуге келемін деп «ұры» атанып қайтты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу