Заттыбек Көпбосынұлы: Жұрт мені "Ақмаржан" деп атайды

Oinet.kz 21-08-2009 1351

hqdefault.jpg

– Шығармашылықпен  шұғылданған екi-үш жылдың iшiнде 25 шақты ән жазыппын. Менi “Ақмаржан” әнi халыққа кеңiнен танытқаны соншалық көрген адамдар атымды атамай, “ананы қара, Ақмаржан келе жатыр” дейдi. Бұл әндi алғаш рет жергiлiктi “Жебе” киностудиясы әзiрлеген “Операция Ш” дейтiн әзiл-шыны аралас бағдарламада орындаған едiм. Екi күннен кейiн “Қазақстан-Шымкент” телеарнасынан көрсетiлген  “Сәлем” сазды бағдарламасынан берiле бастады. Тыңдарманның жүрегiне жылдам жол тапқан әннiң сөзiн жазған Баян Бекетовамен екi жылдан кейiн бiр-ақ таныстым, – дейдi ол. – Ақынның кiтабында өлеңнiң тақырыбы “Көгершiн  боп кеткенмiн” деп аталады. Жақұт жырлары лирикаға толы Баян әпкенi 2008 жылы қаңтарда Шымкент қаласында өткен жеке шығармашылық концертiме шақырып, екеумiз елдiң көз алдында, сахнада “ресми түрде” таныстық. “Балапан бақыт”, “Саған гүлiм”, “Жалғыздық” сияқты танымал әндерiмнiң сөзiн де Баян Бекетованың жыр жинағынан жан дүниеммен қалап алғанмын. Сон­дықтан да көпшiлiктiң көкейiндегiсiн  дөп басқан дүниелер өмiрге келiп жатыр деп ойлаймын. Әбiлда Аймақ, Батырхан Дәуренбеков, Бүркiт Ережепов, Құрманай Бақтиярқызы, Бақытжан Ауданбаев секiлдi басқа да ақындардың өлеңiне ән жаздым. Тек өзiмнiң туындыларымды дәрiптемей, халық әндерiн айтуды да естен шығарған жерiм жоқ. Нышан Төлегеновтiң “Алғабасым”, “Хор қызы”, “Қаскелең” дейтiн әндерiн сүйiп орындаймын. Жұртшылық та жылы қабылдайды. Менiң туындыларымды шырқауға ынта танытқандарға әнге мiнез-құлықтары, қарым-қабылеттерi қаншалықты  үйлесетiнiн сараптап барып, келiсiмге келемiн.

– Өзiң өлең жазасың ба? Бүгiнде сөзiн де,  әнiн де өзi жазып, сахнада өзi орындайтындар көбейiп тұр ғой...

– Әркiм өзi көтере алатын шоқпарды белiне байлағаны жөн. Ашығын айтайын, маған өлең жазу қабiлетi дарымаған. Ақын болмасам да әндерiмнiң  мағынасына, мазмұнына, әнмен үйлесiмiне өте сергек қараймын. Бiреулер әндi дайындап алып, оған сөз iздейдi. Менiң ерекшелiгiм — сөздi сүзгiден өткiзiп барып, әнге шабыт шақырамын. Ағайын-туыс, дос-жаран өтiнсе де, тәп-тәуiр тиын-тебен ұсынса да, егер әннiң сөзiн жүрегiм қаламаса, бәрiбiр шабытым келмейдi. Өмiрде “Елiк еркем” деген бiр-ақ өлеңдi өмiрге әкелiппiн. Оның әнiн өмiрдегi де, өнердегi де досым Нұрлан Ташев шығарған. Әндерiмнiң көпшiлiгiн Нұрлан досымның “Нұр-Таш” студиясы өңдейдi.

– Әндi әрлеуге, өңдеуге әжептәуiр қаражат кетпей ме? Клип түсiру жағы қалай? Бұған қаржыны демеушiлерiң бере ме, әлде өзiңнiң жиған-терген дүниең бе?

– Маған қаржылай демеушiлiк жасап жүрген ешкiм жоқ. Қажеттiлiк туындағанда қаржының барлығын концерт өткiзу, той-томалаққа бару арқылы маңдай терiммен тауып жүрмiн. “Саған гүлiм” әнiмнiң клипiн азын-аулақ қаржыға “МХ-Шаян” студиясы компьютердiң көмегiмен жасап шығарды. Жаңылыспасам, компьютермен жасалған клип әншiлердiң арасында менiң, клип түсiрушiлердiң арасында “МХ-Шаянның” тұңғыш тұсаукесерiмiз болды. Әлдекiмдердей Ташкентке шапқыламай-ақ, өзiмiздiң көз тоймайтын көркем өлкеде  клип түсiруді жалғастыру жоспарымда бар.      

– Өнер саласындағы тiршiлiгiнiң қазаны бұрқ-сарқ қайнаған сол Алматыға, әбден пiсiп-жетiлгендер жиналған әрiптестерiңнiң ортасына бару мәселесi сенi ойландырмай ма?

– Бұл пiкiрмен келiспеймiн. Аймақта жүрiп-ақ талантыңмен “айды аспанға шығаруға” болады екен. Оның үстiне менi қолқалап шақырып жүрген де ешкiм жоқ.

– Продюсерiң жоқ екен. Бiреу осы қызметтi атқаруға құлшынып, келiсiм-шартқа отырғысы келсе ше?

– Бұған дейiн де болмаған продюсердiң келiсiм-шартына қол қойып, “байланып-маталып” отыруды қаламаймын. Өзiм әншi, өзiм сазгер, өзiм продюсермiн.

– Байқауларға қатысып неге бағыңды сынап көрмейсiң?

– Бағымды да, бабымды да сынап көргiм-ақ келедi. Бiрақ жасым отыздың бел ортасына барып қалғандықтан көптеген байқауларға жас ерекшелiгiме қарай қатыса алмай жүрмiн.

– Өнердегi достарың кiм?

– Мен достарды өнердегi, өзге саладағы деп бөлiп-жармаймын. Көңiлi таза, пейiлi адал адамның бәрi маған дос.

– Сыртыңнан емес, тiке өзiңе сын айтылып тұра ма? Өзiң өзгелердiң мiнiн көрiп-бiлiп тұрсаң сынды бетiне айта аласың ба?

– Сын айтылып тұрады. Әдiл сынды қашан да дұрыс қабылдап, кемшiлiгiмдi түзетуге ұмтыламын. Ал өзiм сынды көреалмаушылық деп қабылдайтын кертартпаларға емес, достық  жанашырлықты түсiнетiнiне қарай iрiктеп айтамын.

 Рақмет.

Әңгiмелескен Ғалымжан Қамытбекұлы


Бақытбек Нақыпбеков: «Шенеуніктердің теріс шешім шығаруы заңды білмейтіндіктен»
Ғани Құлжанов: «Шымкенттің жігіттері тәуекелшіл»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу