Асанова айтқан сөзінен айныды ма?

Oinet.kz 14-05-2020 970

Облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысатын Болатбек Әлиевтің Шымкенттегі индустриалды құрылыс колледжін сенімгерілк басқаруға алып, оның соңы ұжымның қарсылығына алып келгенін, осыған байланысты облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Асанованың колледж қызметкерлерімен кездескенін біз өткен нөмірлеріміздің бірінде жазып едік. Арада екі ай өткенде Асанова осы кездесу үшін облыстық әдеп кеңесінің алдында жауап беретінін ол кезде кім біліпті дейсіз. 

Screenshot_9.jpg

Иә, кешегі күні облыстық әдеп кеңесінде жоғарыда аталған коллеждің ұжымының жазған арызы бойынша Рахия Асанованың тәртіптік ісі қаралды. Арызда кездесу барысында Асанованың «көкіректерің өсіп қалған», «ешқандайда колледж мемлекетке қайтпайды», «Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің тапсырмасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің хаты ешқандай нормативтік құжат емес» деген сөздерді айтқаны көрсетілген.

Алайда Асанованың осы сөздерді айтқаны тексеру барысында дәлелденбеген. Кеңестің кешегі күні өткен отырысына арызданушылардың өздері де қатысып, уәждерін ұсынғанымен, бәрібір Асанованың әдепке қайшы келетін әрекетке барғаны өз дәлелін тапқан жоқ. Осыған байланысты орынбасардың тәртіптік ісі қысқартылды. 

Біз Асанованың Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жазған түсініктемесімен танысып шыққан едік. Түсініктемеде ол ешкімге «көкіректерің өсіп қалған» деген сөзді айтпағанын мәлімдепті. «Ешқандай колледж мемлекетке қайтпайды» деген сөзді айтуы тіптен мүмкін еместігін білдіріпті. 

-Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің хаты ешқандай нормативтік құжат емес,- деген сөздердің айтылмағанын алға тартыпты. 

«Бұл не хат?» деген оқырманға түсіндіре кетейік. Бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Ш.Карина облыс әкімдеріне хат жазып, «Жас маман» жобасына қатысып жатқан оқу орындарын Президент Әкімшілігінің берген тапсырмасына сәйкес сенімгерлік басқаруға беруге болмайтындығы жөнінде хат жолдаған. Ал жоғарыда аталған колледж «Жас маман» жобасына қатысып жатқан оқу орны болып табылады. Кездесуде осыны алға тартқан ұстаздарға Асанова былай деп жауап берген еді: 

-Жаңағы хатта, министрліктің берген хатында «Жас маман» жобасына қатысатындар сенімгерлікке берілмейді деген ол норматив емес, ешқандай да. «Жас маманның» қағидасында ол мәселе жазылмаған. Біз сол қағидамен бүкіл республика жұмыс жасап жатырмыз,-дейді. Әңгімесінің соңында ол:

-Бұл хат жалпы ұсыныс,  нормативтік құқықтық акт болып табылмайды. «Жас маман» жобасы бойынша нормативтік құқықтық акті Білім министрлігінің бұйырығымен бекітілген қағида,-дегенді шегелеп тұрып айтқан (біз орынбасардың сөздерін сол жиыннан таспаға басылған аудиожазбадан сөзбе-сөз беріп отырмыз).  

Әрине, бұл жерде Асанованың айтқан сөздерінде әдепке қайшы келетін ештеңе жоқ. Бәрі заң аясында. Қағиданың қасында Президент Әкімшілігінің ауызша тапсырмасының, Білім министрлігі жіберген хаттың маңыздылығының төмен екендігімен де келісуге болады. Бірақ  мәселе онда емес. Мәселе Асанованың кездесуде хатқа қатысты айтқан сөздерін жоққа шығарғанында болып тұр. 

Сонда Асанова өзі айтқан сөзінен өзі айнып отыр ма?

"Рейтинг" газеті

Владимир Ким жерлестерінің жанайқайына құлақ аса ма?
Карантин аяқталса, сайлау өтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу