Сырттан кадр әкелсе, шымкенттік дәрігерлер митингіге шығады

Oinet.kz 06-08-2020 1707

Шымкентте енді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы сырттан келетін болса, бас дәрігерлер қалалық әкімдік алдына барып, митингіге шығатындарын мәлім етіп отыр. Олардың айтуларынша, сырттан келген кадрлар Шымкенттің медицинасын бүкіл республикаға масқара етіп бітті. Сондықтан келесі басқарма басшысын жергілікті кадрлардан таңдап, әбден сараптап, сүзгіден өткізіп барып тағайындау қажет. Бұл туралы Oinet.kz тілшісі "Рейтинг" газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Screenshot_1.jpg

– Себебі бізді сырттан келген кадрлар ұятқа қалдырып жатыр, – деді осы бастаманы көтерушілердің бірі, “Оңтүстік” медицина қызметкерлері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Икрам Төлеев. 

Screenshot_2.jpg

Икрам Төлеев

– Мәселен, уақтысында Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына В.Дудник елордадан келді. Дудник жергілікті кадрларды жаппай қудалап жұртты дүрбелеңге салды. Соңынан отыз шақты кадр әкелді. Кеткен кезде сол кадрлардың бәрі шабадандарын жиыстырып, кері қайтты. Одан кейінгі басшы Жұмағали Исмайылов та сырттан келіп бірнеше жыл жұмыс істесе де жұртпен, дәлірегі жергілікті бас дәрігерлермен  тіл табыса алмай сыннан көз ашпады. Қызмет барысында облыс әкімінен екі-үш мәрте сөгіс алды. Бас дәрігерлер екіге жарылып, бір тобы Исмайыловты қызметінен босатуды ұсынды. Жалпы осы қызметінде Исмайылов абырой-атаққа ие болған жоқ. Келді, кетті. Сырттан келген кадрлар жергілікті жағдайды жақсы білмейді. Ауруханалардың жағдайынан хабарсыз. Соның бәрімен танысып шығу үшін көп уақыт жоғалтады. Кейбір кадрлардың бар ойы Шымкентті тек баспалдақ ретінде пайдалану. Көлденең табыс тауып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға былығып жатқандары да жоқ емес.

Осыларды ойлап отырсаң, намысың келеді. Жергілікті жерден басқарманың басшысы бола алатын бір кадр жоқ па? Бізде де тәжірибелі, ғылым кандидаттары, ғылым докторлары толып жатыр. Оларға тек мүмкіндік беру қажет. Осы мәселені биыл Шымкентте «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен жиында көтердім. Б.Байбек менің ұсыныстарымның бәрін жақсы қабылдады. Алайда арада екі-үш апта өткен соң Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Басшыны тағы да сырттан әкелді, – деді Икрам Төлеев.

Screenshot_3.jpg

Байбекті менсінбегені ме?

Бауыржан Байбек дәрігерлердің ұсынысын жылы қабылдағанымен, қала басшыларының, дәлірегі билік партиясының белсенділерінің оны неге іске асырмағаны түсініксіз. Сонда бұл бұра тарту ма? Байбекті менсінбегені ме? Әкімдердің Елбасының өзі тізгінін ұстаған билік партиясы алдында есеп беретіні өз алдына, өздері де сол партияның жергілікті филилалдарына жетекшілік жасап отырғандықтан Байбекке тікелей бағынатыны тағы бар емес пе? Ендеше өзі отырған бұтақты кескенді  батылдық деуден көрі барып тұрған ақымақтық һәм әпербақандық деген дұрыс сияқты.

Жалпы, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған 2018 жылдан бергі аралықта қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған кадрлардың бәрі сырттан келді. Алғашқы басшы Нұрлан Қасымовты бұл қызметке Павлодардан әкелді. Одан кейінгі басшы, бүгінде үстінен іс қозғалып жатқан Асхан Байдувалиев та Алматы облысынан әкелінген кадр еді. Одан кейін мегаполиске үш ай бас дәрігер болған Рүстем Албаев Ақмола облысынан келді. Өкінішке қарай, үшеуінің де Шымкенттегі қызметі ұзаққа созылған жоқ. Қазір қылмыстық іс қозғалып бюджеттің талан-таражға түскен көл-көсір қаражатына қатысты тергеу амалдары жүргіліп жатқанын бұған дейін «Рейтинг» газетінде егжей-тегжейлі жазғанбыз.

Әрдайым, қай кезең, қайбір әкімнің тұсында болмасын  әділдік үшін күрескен бағытынан айнып көрмеген Икрам Төлеевтің айтуынша, келесі басшы міндеті түрде жергілікті жерден шыққан, қаланың емдеу мекемлерінде жұмыс істеген, тәжірибесі мол, қалалық әкімдіктің немесе басқарманың жанынан құрылған қоғамдық кеңестің сүзгісінен өткен кадр болуы тиіс. Қазақ тілін жақсы білуі міндетті екенін де ұлтшыл азамат қадап айтып отыр. Қазір осы ұсынысты қаладағы бас дәрігерлердің бәрі қолдаған. И.Төлеев тіпті егер ақ халаттылардың ұсынысы аяқасты болып, назарға алынбаса, әкімдіктің алдында наразылық митингісін өткізуге дейін баратындықтарын білдірді. Дегенмен, қалалық әкімдік дәрігерлердің талап-тілегіне құлақ асады деген ниетте екендігін жеткізді.  

Икрам Төлеевтің ұсынысын ұзақ жылдар бас дәрігер қызметін атқарған, облыстық мәслихаттың экс-депутаты, медицина ғылымдарының докторы Спандияр Бекжігітов те қолдады.

Screenshot_5.jpg

– Шымкенттік варианттар арқылы  тағайындауды тоқтату керек. Аз уақытта үш басшының жұмыстан кеткені жақсылықтың нышаны емес.  Олардын қандай жағдайлармен кетіп жатқанынан да хабардармыз. Денсаулық саласы өзіндік ерекшелігі бар, жауапкершілігі үлкен күрделі сала. Сондықтан бұл саланы басқару оңай емес. Әрбір адам соңынан жақсы сөз, жақсы іс пен жақсы із қалдыруды ойлағаны абзал. Басқарма басшылығына лайықты жергілікті азаматты қою туралы денсаулық сақтау мамандарынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелерінің сараптама қорытындысы бойынша қала әкіміне ұсыныс жасалуы керек, – деді С.Бекжігітов.

Медицина саласында тәжірибесі мол азаматтардың ұсыныс-пікірлерін Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов пен оның денсаулық саласына жауап беретін таяуда ғана тағайындалған бірінші орынбасары һәм  су жаңа бас идеологы Шыңғыс Мұқан ескере ме, құлақ аса ма? Мұны енді уақыттың еншісіне қалдырдық. 

Screenshot_4.jpg

Бірінші орынбасар болу оңай емес

Қала әкімінің бұған дейінгі бірінші орынбасары әрі денсаулық саласына жауапты болған Ербол Садыр сонау Асқар Мырзахметовтың кезіннен бері есептесеңіз, өңірді басқарған бақандай бес бірдей әкіммен тамаша тіл табысып жұмыс істегенін жұрттың бәрі біледі. Алайда қазіргі әкімнің командасындағы «ғұмыры» жарты жылдан аспай екеуінің жолы екіге айырылғанының түп-төркінін тарқатып  айтпасақ та түсінікті. 

Енді міне, мемлекеттік қызметте әбден пісіп-жетілген, тісқаққан дейтін Ербол Садыр атқарған бірінші орынбасарлықтың орынтағы мегаполистің бас идеологы болуға аңсары ауып жүргенін біршама уақыт бұрын фейсбуктегі өзінің парақшасында ашық жаза алған Шыңғыс Мұқанға бұйырды. Шыңғыс Мұқан  денсаулық, білім  және ішкі саясат сияқты қарама-қайшылығы мол, дау-дамай өршіп тұрған салаға жетекшілік жасамақ. Кешегі күні, сәрсенбінің сәтінде бас идеолог алғашқы брифингін өткізіп, коронавирусқа қатысты атқарылып жатқан шаруаларды баяндады.  

Шыңғыс Мұқан еңбек жолында Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. Оған дейін Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде тәжірибе жинақтады. Энергетика министрлігінде баспасөз хатшысы болды. Президент әкімшілігінде еңбек етті. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, мұхиттың арғы жағындағы Америкада білім алған. Қысқасы ол да қара жаяу емес, «көп жасағаннан емес көпті көргеннен сұра» дейтін халық даналығын еріксіз еске түсіретін айтулы азамат. Шымкенттің әкімдігі шетелде білім алған талай шенеуніктің отырып кеткен жері екендігін, «болашақтықтар» үшінші мегаполиске таңсық еместігін Ш.Мұқанның өзі де жақсы білетін шығар деп ойлаймыз. Мәселе білімді, жаңашыл жастардың қаланың бүгініне, болашағына қаншалықты қызмет ете алатындығында, елдің сенімін қаншалықты арқалай алатындығында ғой. Бәрін уақыттың төрелегіне тапсырдық. Әрине басқа орынбасар болу бір бөлек, бірінші орынбасар болу бір бөлек. Бірінші орынбасарлықтан бірінші адамға  айналуға, яғни, әкім атануға бір ғана қадам қалып тұр. Түсінеміз, жауапкершілік өте қиын. Биіктен құлаған одан да қиын. Алла абырой берсін дейміз, азаматтарға.

Сөзімізді негізгі тақырыппен түйіндесек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі індетке қарсы күресті соғыспен теңестіргені тегін емес. Соңғы уақытта «майдан даласындағы» жағдайдың оншалықты мәз болмай тұрғанын да мойындау керек. Шымкент өкпе қабынуынан кейін теңселіп барып, қайта тұрғандай болды. Дәрі-дәрмек тапшылығы, ауруханалардағы орын жетіспеушілігі мегаполис медицинасының қауқарының неге жететін анық көрсетті. Мемлекет басшысының сынына да қайта-қайта  ілікті.  

Осындай қиын-қыстау заманда Шымкентте Денсаулық сақтау басқармасының басшысының  креслосы бос тұр. Жаңа басшының кім болары, қайдан келері, оның өзіне жүктелген міндетті қаншалықты атқара алатындығы белгісіз. Ал уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкенттің денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген, тәжірбиелі  азаматтар мен оларды қолдаушылар бұл мәселені жалғыз әкімнің құзырына тапсыра салмай, жалпы қоғам болып шешуді ұсынып отыр.

Қаскелең оқушылары Тоқаевтан көмек сұрап, үндеу жасады (видео)
Шөкекевтің арманы немесе Арман Жетпісбаев оның бірінші орынбасары бола ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу