Келестің шенеуніктері қай орданың саясатымен жүреді?

Oinet.kz 30-10-2020

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінде біз Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың қарамағындағы ауыл әкімінің парамен ұсталып, оған қатысты шығарылған үкімнің күшіне енуіне байланысты отставкіге арыз беретінін жазған едік. Үкімнің күшіне енгеніне жиырма күннен асып барады. Есбаевтың берген отставкісінің қабылданғаны, не қабылданбағандығы әлі белгісіз күйде қалып отыр.

Келес ауданы.jpg

Жығылғанға жұдырық болғандай, онсыз да шенеуніктері бірінен кейін бірі қылмыстық жазаға тартылып, әкімдері отставкіге арыз жазып жатқан Келесте тағы бір топ шенеунік тәртіп бұзып, мәселелері Әдеп кеңесінде қаралды.

Тәртіптік істе белгілі болған мән-жайларға қарағанда, келестік атқамінерлердің төтенше жағдайды пайдаланып, тендерді бұра тартқаны байқалады. Мәселен, ауданда Есімов атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге жарияланған тендерде  “Корпорация АҚ ордасы” ЖШС заңсыз жеңімпаз деп танылған. Заңсыз болатын себебі  осы конкурсқа  жергілікті “Берекелді” ЖШС мен “Ер-Нар” ЖШС қатысады.  “Берекелді” ЖШС 101 435 000 теңге баға ұсынысын енгізген. Алайда, конкурстық комиссия Келес ауданында тіркелген ең төмен баға ұсынысын енгізген әлеуетті өнім берушіден бас тартып, Түлкібас ауданында тіркелген, басқа ауданның карантин аумағына енген “Корпорация АҚ ордасы” ЖШС-ін жеңімпаз деп таныған. Тексеру жұмыстарын жүргізген прокурорлардың пайымдауынша, егер осы конкурс бойынша ең төмен баға ұсынысын енгізген «Берекелді” ЖШС-і жеңімпаз деп танылған жағдайда мемлекеттің қаржысы 19 024 564 теңгеге үнемделер екен. Мәссаған, сонда келестік атқамінерлер әділдік пен заңдылық, тиімділік пен тәртіп жөнінде нұсқау беріп отырған  Ақ орданың саясатымен жүре ме?  Әлде жекеменшік «Корпорация АҚ ордасы» компаниясының саясатымен жүре ме?

Дәл осындай жағдай Т.Бигелдинов атындағы мектепті жөндеуге өткізілген конкурста да орын алған. Конкурстың қорытындысында комиссия мүшелері жергілікті  “Берекелді” ЖШС  мен “Ер-Нар” ЖШС-ін «әлеуетті өнім беруші карантин аймағында тіркелген» деген негіздермен шеттетіп жіберген. Тағы бір дерек келтіре кетейік. Атқамінерлер «Ұшқын» ауылындағы стадионды ағымдағы жөндеу жұмыстарына тендер ұйымдастырады. Бұл жұмыстарға бюджеттен 23,5 миллион теңге бөлінген. Конкурсқа 3 әлеуетті өнім беруші құжат тапсырады. Біреу құжаттарының дұрыс болмауына байланысты конкурстан шығып қалған.  Нәтижесінде  екі қатысушы, яғни «БАес құрылыс» ЖШС мен «Partners Product LTD» ЖШС келесі кезеңге жіберілген. Нәтижесінде конкурс жеңімпазы ретінде «БАес құрылыс» ЖШС-і танылған. Кейіннен белгілі болғандай, соңғы екі компанияның жетекшілері әпкелі-інілі кәсіпкерлер болып шыққан. Бұл заң талаптарына қайшы келеді.

Қысқасы, осы және басқа да фактілер бойынша Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің, Келес аудандық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы Жанболат Байболовтың, осы бөлімнің бас маманы Асылбек Жұмановтың тәртіптік істері қаралды. Соңғы екі шенеунік қатаң сөгіс түріндегі жазаға ұсынылды. Ал білім бөлімінің басшысы тәртіптік ісі қаралардан бір күн бұрын «больничныйға» шығып кеткені айтылды. Алайда Кеңес мүшелері Абдиевтің ісін жылы жауып қоя салмай,  келесі жолы өз алдына бөлек қарау туралы шешім қабылдады.

Шенеуніктері жаппай жазаға тартылып жатқан Келестегі күдікті жәйттардың бұлты қоюланып келе жатқан сияқты.

"Рейтинг" газеті, №43, 29 қазан, 2020 ж

Темірбаеваның әрекетін әлеуметтік желі әшкереледі
182 млн теңгемен ұсталған шенеунік тапсырыстың құрбаны ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×