Темірбаеваның әрекетін әлеуметтік желі әшкереледі

Oinet.kz 30-10-2020

Карантиндік  ескертулер мен шектеулерге құлақ аспай, той-томалаққа барып, көпшілік дастарханның басынан табылған талай шенеунік жазаланды. Тіпті қызметінен айырылып жатқандар да жоқ емес. «Заң мен тәртіптің ханға да қараға да бірдей жүретінін түсінбеген шенеуніктердің өздеріне де обал жоқ», дейсің бір жағы.

Кешегі күні Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның тәртіптік ісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп кеңесінде қаралды. Кеңеске Темірбаеваның өзі келмей қалды. Басқарма басшысының мұнысы  Кеңес мүшелерінің әжептәуір шамына тиді.  Облыстың бас әлеуметшісі Әдеп кеңесін менсінбей ме әлде тәртіптік жаза алуға еті үйреніп кеткен бе? Себебі соңғы үш-төрт жылдың көлемінде басқарма басшысы тәртіптік жазаға бірнеше мәрте тартылғанын білеміз. Темірбаеваның тәпсісінен не себепті қайта-қайта жаңыла беретінін түсіне алмадық.

92333-preview-image.jpg

Істің мән-жайына қарағанда, Әдеп жөніндегі кеңестің хатшылығы Түркістан облыстық әкімі аппаратының хаты  бойынша Әсия Темірбаеваға қатысты қызметтік тергеп-тексерулер жүргізген. Бұған  «Facebook» әлеуметтік желісін қолданушы Ақмарал Омралинованың парақшасындағы жазба мен видео себеп болған.  Жазба әлеуметтік мессенджерлер арқылы оқырмандарға таралып, қоғамда қызу талқыланған. Омралинова жариялаған постқа және видеоға қарағанда, басқарма басшысы Ә.Темірбаева 19 маусымда Түркістан облысы әкімінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында басқарманың және басқармаға қарасты мекемелердің 11 қызметкерінен құрылған жұмысшы топпен Төлеби ауданындағы «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» барады. Топ түскі уақытта  «Тау  жұлдызы» кафесіне түстенуге барған. Кафеде карантин талаптары сақталмаған. Дәлірегі басқарма басшысы Ә.Темірбаеваның және бірқатар қызметкерлердің тарапынан COVІD-19 пандемиясы уақытында елімізде қабылданған тиісті шектеулерге сәйкес әлеуметтік ара қашықтық сақталмаған, көпшілік орында санитарлық талаптарды бұзу фактілері орын алған. Дәл сол маусымның ортасы бүкіл Қазақстанда коронавирус індеті өршіп, белгісіз өкпе қабынуы жас, кәріні талғамай баудай түсіргені белгілі. Жұрт дәріханадан қарапайым витаминдерді таба алмай, ауруханаға адам сыймай, процедуралық кабинеттердің алды ұзақ-сонар кезектен босамай,  ел ішін жаппай үрей жайлаған шақ. Дәл осындай сәтте  Темірбаева бас-көз болып барған топтың карантин талаптарын сақтамауы көзсіз ерлік пе әлде шектен шыққан еркелік пе? Ең қызығы мынада, Кеңесте белгілі болғандай, карантин кезіндегі кафеде жайылған дастархан басында тексеруші топ пен тексерілуші ұжым  қызметкерлері бірге отырған. Мұның арғы жағында біраз құпияның бары түсінікті. Ал дастарханды кімнің жайғаны, оған кімнің тапсырыс бергені туралы мәселе толық зерттелмей қалғанға ұқсайды. Егер тексерілгенде мұның соңы қылмыстық жауапкершілікке апарып соғуы мүмкін көрінеді.

Темірбаева әлеуметтік желідегі жарияланымның өзіне қиын соғатынын жақсы білгенге ұқсайды. Ол сол маусымда Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына Ақмарал Омралинованың  үстінен іскерлік беделді, ар-намыс және қадір-қасиетті қорғау үшін талап арыз береді.  Темірбаеваның берген түсініктемесіне қарағанда, ол кейінірек  аталған іс бойынша құжаттарды толықтыру және филологиялық психологиялық сараптама жасату мақсатында, талап арызды қараусыз қалдыру туралы талап - тілек түсірген. Нәтижесінде 30 қыркүйекте  талап арызды қараусыз қалдыру туралы сот ұйғарымы шыққан.

Темірбаеваның түсініктемесінде түсінбейтін біраз жәйт бар. Заң бойынша айғақтық материалдарға сараптама жасату үшін  талап арызды қайтарып алудың қажеті жоқ. Сараптама қорытындысы шыққанша сот процесін уақытша тоқтатып қоюға да болады. Шамасы Темірбаева мұндай әрекетті соттан ешқандай нәтиже шықпайтынын, өзінің карантин тәртібін бұзбағанын дәлелдей алмайтынын, дәлірегі ақталатындай ешнәрсенің жоқтығын, басқарманың басшысы ретінде бәрібір тәртіптік жазаға тартылатынын білгеннен кейін жасаған сияқты. 

Жалпы Темірбаева тәртіптік жазаға ең жиі тартылатын басқарма басшысы десек артық айтқанымыз емес шығар. 2017 жылы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тікелей қарайтын Түркістандағы жүйке ауруына шалдыққан азаматтарға арналған интернаттағы науқастар жаппай құрт дертіне шалдығып, бағыныстағы мекемелердегі бақылауды әлсіретіп алғаны үшін облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Әсия Темірбаеваға тәртіптік жаза бергені есте.

2018 жылы Әдеп жөніндегі кеңесте Темірбаеваның тәртіптік ісі бір аптада екі рет қаралғанын «Рейтинг» газеті кеңінен жазған еді. Оның тек екіншісіне ғана тоқталайық. Антикордың мәліметіне қарағанда, 2016 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында біраз қитұрқылықтарға жол берілген. Басқарма компьютерлік техникалар мен мүгедектерге арналған қоларбаларды қабылдап алған. Кейіннен белгілі болғандай, компьютерлік техникалар талапқа сәйкес келмеген, ал қоларбалардың шыққан жері мүлдем белгісіз, сапасы өте нашар, қолдануға мүлдем жарамсыз екендігі анықталған. Нәтижесінде бюджеттің 122 миллион теңгесі ысырап болған. Осы іс бойынша кейінірек басқарманың бөлім басшысы сотталып кетті. Темірбаеваның үстінен де қылмыстық іс қозғалады. Алайда тергеушілер оның кінәсін дәлелдей алмаған. Ол Әдеп кеңесінің алдына келгенімен, жауапқа тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тәртіптік жазадан да құтылып кетті. Ал биыл жыл басында «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес бірқатар лауазымды қызметкерлерді партиялық және тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсынды. Жауапқа тартылуы тиіс басшылардың қатарында  Әсия Темірбаеваның да аты аталды. Басқарма басшысының сол жолы нендей тәртіптік жаза алғаны құпия күйінде қалған еді. Ал бұл жолы Әдеп кеңесінің шешімімен Темірбаеваға сөгіс жазасын қолдану жөніндегі ұсыныс облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевке жолданды.  Темірбаеваның тәртіптік ісі осыменен тәмам бола қояр ма екен?  

"Рейтинг" газеті, №43, 29 қазан, 2020 ж

Кентауда «пара алмаймын» деген әкім парамен сотталып кетті
Келестің шенеуніктері қай орданың саясатымен жүреді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×