Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»

Oinet.kz 22-04-2019 1092

Screenshot_8.jpg

Батырхан Дәуренбеков, аниматор, «САҚ» киностудиясының режиссері, сценарисі:

«Қазақия» Қазақстандағы тұңғыш мультсериал»

- Батырхан аға, әңгімеміздің әлқиссасын  киностудияның құрылуынан бастасақ. Алдымен САҚ атауының нендей мағына беретінін түсіндіре кетсеңіз.

- Өздеріңізге белгілі осыдан он жыл бұрын «Жебе студиясы» құрылған болатын. Кейіннен біз «САҚ» атауымен бөлініп шықтық. Киностудиямызда жалпы білікті мамандардан құралған 25 адам қызмет жасайды. Киностудия директоры Нуриддин Паттеев. Студиямыздың атауына түсінік бере кетсем, баршамызға мәлім сақ дәуірі мәдениеттің, өнердің дамып, ең шыңына жеткен кезең. Сақтардың «Аңдық стиліне» шетелдіктердің өздері әлі таңырқап келеді. Киностудияның аты біріншіден осы тайпаның құрметіне қойылған. Екіншіден «САҚ» сөзін тарқатып айтсақ – сапалы анимациялық қойылым болып шыға келеді. Алғаш студия құрылғанда өзімізге мынадай талап, мақсат қойдық: тек қана сапалы, ұлттық  өнімдерді шығарамыз деп. Сол мақсатымыз бойынша талмай еңбек етіп келеміз. Аз уақыттың ішінде Шымкенттің аниматорларын, соның ішінде «САҚ» киностудиясының мамандарын бүкіл Қазақстан мойындап отыр десек те болады. Оған дәлел ретінде «Қазақфильм» бізге төрт мультфильмін  жасауға тапсырыс бергенін айтуға болады. Олар: Ә.Тәжібаевтің  поэмасының желісі бойынша жасалған «Толағай» мультфильмі және «Қошқар мен Теке», «Момын мен қарақшылар», «Маймақ қаз». Барлығы аяқталып қойған дүниелер. «Қошқар мен Текені» теледидардан қазір көрсетіп жүр. Егер біздің аниматорлардың шеберліктеріне күмән келтіріп, сенім артпаған болса, мемлекеттік мекеменің өзі бізге бірден төрт туындысын жасатпас еді.

- Осы уақытқа дейін студияда қанша мультфильм жасап шығарылды?Білуімізше «Қазақия» деп аталатын көпсериалы тағы бір туындыны қолға алыпсыздар...

- Қорымызда жиырмаға жуық мультфильм бар. Әрбір туындыны жасамас бұрын  сценариін жақсылап жазып, тәрбиелік мәнін басты назарға қоямыз. Дайын болды-ау дегенде кішкентай балаларымызға көрсетіп, олардың психологиясына қарай өзгертулер енгізіп,тағы да сыннан бір өткізіп аламыз. Бес минуттық, он минуттық мультфильм болсын әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен тәрбиелік мәні бар.

Мысалы, көпсериалы «Қазақия» мультфильмнің бір сериясында қазақтың «Көп түкірсе көл» деген мақалының мағынасын түсіндіреміз. Бақалардың мекен етіп жатқан көлдері бір күні тартылып қалады. Не істерлерін білмей жылап отырғанда біреуі: «Көп түкірсе көл» деген сөз бар ғой. Кәнекей бәріміз түкірейік, мүмкін көліміз орнына келер»,- дейді. Содан бақалар әлдері құрығанша түкіреді, бірақ түк шықпайды. Бастары салбырап Торсық атадан көмек сұрап келеді. Мән-жайға қанық болған қария бір күліп алып: «сендер мақалдың мәнін түсінбегенсіңдер ғой. «Көп түкірсе көл деген» бірігіп жұмыс істесең бітпейтін іс жоқ деген сөз» деп,- ақылын айтады. Айта кетейін «Қазақия» Қазақстандағы тұңғыш мультсериал. Төрт сериалын аяқтап қойдық. Әр қайсысы 6-7 минуттан тұрады. Өте көңілді қойылымдары бар. Бірақ эфирге әлі шыққан жоқ.

-Сонда кішкентай көрермендер экраннан оны қашан тамашалай алады?     

- Білесіз бе, туындыларымызды эфирге шығаруда біраз қиындықтар бар. Себебі сатып алатын телеарналар болмай отыр. Талай телеарналардың есігін қақтық. Прокаттан баяғыда шығып қалған, қоймаларында шаң басып жатқан шетелдік ескі дүниелерді арзанға сатып алып, эфирді толтырып отырған телеарналар біз ұсын­­­ған өнімнің бағасын жерге ұрып, бір жылдық прокатына 300 АҚШ долларын ұсынды.  Мульфильм жасау инемен құдық қазғандай қиыншылығы мол еңбе­к. Бір секундқа 24 сурет салынады, оның бояуы бар дегендей. Осындай асқан төзімділікпен дүниеге келген ұлттық туындыларымызға шетел мультфильмдерімен салыстырып арзан бағалайды. «Сендердің  ұлттық, қымбат өнім­де­ріңнен жаман да болса тиынға алатын шет­ел­дік өнім артық» деген сөздерді естіп, кейде күйініп кетесің. Тек қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасының өзі шетелдік мультфильмдерді қазақшалап беріп жүр. «Қазақша телеарна болғасын ұлттық өнімдерді көбірек бермейсіңдер ме?» десең, «есесіне біз қазақ тілінде беріп отырмыз ғой» деп ақталады. Ал тереңірек ойлап қарасаңыз, баланың миына шетелдің тәрбиесін қазақшалап  оңай сіңіріп берудеміз. Бірақ әттең, осыны түсіне бермейді көпшілік. Дегенмен жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы Қазақстанның бренді жайлы түсірілген «Қазақтың мақтанышы» деген туындымызды сатып алды.

«САҚ» Шымкенттің брендіне айналды десек те болады»

- Жаңа бір сөзіңізде мультфильмдерді баланың психологиясына қарай өзгертеміз деп айтып қалдыңыз.Заман талабына қарай жаңартамыз деп ұлттық мультфильмдердің құнын жоғалтып алмаймыз ба?

- Жоқ, керісінше бүлдіршіндердің қызығушылықтарын арттыра түсеміз. Мысалы «Толағайды» алайық, поэмада жазылған күйі түсірсек, кішкене қызықсыздау әрі баланың қабылдауы қиындау болар еді. Сондықтан «Толағайға» біршама көңілді, заманауи сюжеттерді қостық. Мысалы ерте, ерте, ертеде деп басталатын жырды сонау қырдың басында қария жырлап отырады. Экран артқа қарай жылжыған кезде төрт таяқтан теледидардың экранын жасап қойған көріністі көресіз. Экранды тағы артқа жылжытқанда домбырамен жыр айтып отырған атаны, бергі жақта бір топ балалар қолдарына бадырақ ұстап, кинотеатрдан көріп отырған секілді сюжеттен бастадық. Бірақ негізгі айтар ойы, мағынасының бәрі сақталады. Ал егер олай түрлендірмесек балалар оны көрмейді, іш пыстыратын мультфильм ғой дейді. Себебі қазіргі балаларды қызықтырудың өзі қиын шаруа, онша-мұншаға елең ете бермейді, кеңес дәуіріндегі балдырғандармен салыстырғанда олардың психологиясы қатты өзгеріп кеткен. Елу жылда ел жаңа дейді. Заманауи элементтерді қосу арқылы, біз оларды ұлттық мультфильмерді көріп өсуге жол аша аламыз.

- Мемлекет тарапынан «САҚ» киностудиясына қаржы бөлініп, қолдаулар көрсетіліп тұра ма?

- Жоқ, ешқандай, тіпті осы уақытқа дейін бірде-бір демеуші табылған жоқ. Жалғыз ғана «Мұңлық-Зарлық» мультфильмін облыстық бюджеттен  бөлінген қаржыға шығардық. Ол осыдан екі жыл бұрын. Менің көңіліме қаяу түсіретіні де осы. «САҚ» киностудиясы Шымкенттің брендіне айналды десек те болады. Бүкіл Қазақстан мойындап отыр.Тіпті шетелдің адамдары телефон соғып, біз туралы жазғылары келетіндіктерін жеткізіп, Шымкентке іздеп келген жағдайлар да болған. Қонақтарды қабылдап алатын жұмыс орнымыздың сиқы мынау. Тар пәтердің іші. Осыған қарамастан Шымкенттің атын жаман насихаттаған жоқпыз. «Сапа олимпиадасы» деген мультфильмде Шымкенттің тауарларын мақтап, абыройын көтердік. Республика бойынша Шымкенттік аниматорладың қолынан шыққан сапалы өнім ретінде ол  көпшіліктен оң баға алды. Осындай еңбектерімізді бағалап жатқан ешкім жоқ. «САҚ» киностудиясының жұмыс орнына ыңғайлы қаланың ішінен бір ғимаратты берсе ол біз үшін үлкен қолдау болар еді. Өздеріңізге белгілі, қазір «Кәсіпкерлікті қолдау» деген бағдарлама жүріп жатыр. Он шақты адам макарон өнімдерін шығарып, цех ашса, мемлекет оған қаражат бөліп, несие беріп, теледидардан көрсетіп жатады. Енді қараңыз, біздің студия 25 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Тек қана ол емес, еліміздің мәдениетіне де, өнеріне де, саясатқа да сүбелі үлес қосып келеді емес пе?! Айырмашылық біздікі киноөндіріс. Бағдарлама бойынша қолдау сұрап барсаң: «сендер мультфильм шығарып отырсыңдар, ол кәсіп емес, оны қолдайтын заң жоқ, кетіңдер» деп,- ат тондарын ала қашады. Оларға кино да, мультфильм де нағыз өндіріс екенін түсіндіре алмай-ақ қойдық. Егер мемлекет қолдау көрсетіп жатса, жылына бірталай мультфильм түсіріп, балақайларға базарлық жасауға дап-дайын отырған аниматорлар екендігімізді айтқым келеді.

«Өзімді патриотпын деп есептеймін»

-Жалпы кәсіби аниматор ретінде  қазіргі қазақ мультфильімінің ахуалына қандай баға бересіз?

- Ахуалы нашар. Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз. Ұлттық өнімдер мүлдем аз. Қазақ халқы ақ найзаның ұшымен жерімізді қорғап қалған батырларымызбен мақтанамыз деп жатамыз. Шындығында тарихта болған батырларымыз туралы бірде-бір мультфильм жоқ. Кішкентай баладан Алпамыс кім деп сұраңызшы? Білмейді. Өйткені ол туралы  не мультфильм, не кино жоқ. Қазақфильм киностудиясы «Ер Тарғынды» жасап жатыр. Бірақ ол аңыз ғой.  Биліктегілер мультфильмді баланың ойыншығы деп түсінеді. Қарапайым мысал: біз сияқты студияларға мемлекет қолдау көрсетпейді. Ел болып қолдау көрсетпеген іс қалай өнбек, қалай дамымақ? Көрші Ресей мемлекеті мұны әлдеқашан түсініп, бір ғана анимация саласына жылына 300 миллион АҚШ долларын  бөліп отыр. «Три богатырья», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич»  сияқты батырларын дәріптейтін толықметражды фильмдер шығару арқылы «великая русь», «русь не победимый», «наша русская сила» деген сияқты патриоттық сөздермен әсерлеп,  балала­рына өз тарихтарын танытып, орыс халқының рухын сезіндіріп, елжанды болып қалыптасуына ықпал етуде.  Алпауыт Қытай мемлекеті өз елінде шетел мульфильмдерін көр­сетуге тыйым салды. Олар өз елі­нің мәдениеті мен салт-дәстүрін өзге елдің мәдениетімен ластамайтынын ашық айтты.  Ал Қазақстанда шетелдің мультфильмдері қызу сатылуда. «Бала тәрбиесі – бесіктен» десек, қазіргінің бесігі теледидар болып отыр ғой. Теледидарға тел­мірген қаракөз балаларымыздың санасы атыс-шабысқа толы қаты­гездік пен жауыздықты, өзге мәде­ниет пен тәрбиені,  батыстық идеологияны насихаттайтын дүниелер­мен улануда. Ата-аналарының базардан сатып әкелген шетел мультфильмдерін азаннан кешке дейін көріп, «Тасбақа-ниндзялар», «Өрмекші-адам», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбы­жықтарды құрметтеп, соларға қарай баулып өсіп келеді. Жасөспірімдер арасындағы қыл­мыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жайттардың бәрі осы өнімдерді насихаттап келе жатқан «телеидеологиялық тәрбие­нің» жемісі екені бәрімізге белгілі. Келеңсіз жағдай орын ала қалған жағдайда ата-аналар мектепті, мұғалімдер ата-аналарды кінәлап, енді біреулері құқық қор­ғау органдарын кінәлап шығады.

- Сонда бұл жағдайға кім кінәлі?

- Бұл өте күрделі мәселе. Сондықтан бұған мемлекеттік тұрғыдан қараған жөн. Саясаттың, нақтырақ айтқанда жастар саясатының атсалысқаны абзал. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, бірігіп мынадай жоба жасайық, мультфильм шығарайық деген секілді жұмыстар жасау қажет. Сіз болып, біз болып, ата-аналар да, мұғалімдер де барша азаматтар бүгінгінің баласын, ертеңгінің батырларын  ұлттық кино, мультфильмдер арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Ұрпақты тәрбиелеуге үлесімді қосып жатырмын және қаншалықты дәрежеде екенін білмеймін өзімді патриотпын деп есептеймін. Қазақтың әрбір азаматы да патриот болса екен деп тілеймін.

- Әңгімемізді «САҚ-қа» қайта бұрсақ. Бәсекелестеріңіз бар ма?

- Бәсекелестеріміз жоқ.  Жоғарыда атап өткенімдей  Қазақстанның барлық аниматорлары «САҚ» киностудиясының кәсібилігін, сапалылығын мойындап қойған. Оның үстіне елімізде мультфильм өндіретін студияларда санаулы ғана.

- «САҚ» киностудиясы қазір қандай жобамен айналысып жатыр?

- Қазір «Айбынды аула» мен «Кім күшті?» деген мультфильмді жасамақ ойдамыз. «Айбынды аула» -  Қазақстанның көп ұлтты және ондағы тыныштық пен татулықты насихаттайтын өнім. Кішкене баяндап берейін: бір аулада үй құстары татулықта өмір сүріп жатады, бірге астық жинайды, балапандарын бірге тәрбиелейді. Ай-күннің аманында құстардың ауласына жаулары атжалмандар келіп, қоқан-лоққы көрсетіп, мазаларын қашырады. Содан үй құстары ақылдасып, жауларына қарсы тұруға бел буып, олармен күресіп , соңында жеңіп шығады. Ал «Кім күшті?» туындысында жануарлар арасынан спорттық жарыс ұйымдастырылып, нәтижесінде қазақтын барысы жеңіп шығады. Бұл жердегі мақсат -  қазақтың күресін насихаттау, балаларды спортқа баулу. Өте қызық мультфильмдер. Құдай қаласа жақын арада аяқтап қаламыз.

- Алда басқа қандай жоспарларыңыз бар?

- Жоспарымыз да, мақсатымыз да  көп. Алдымен жоғарыдағы екі мультфильмді аяқтап, басқа да сапалы өнімдерді жасау. Тек кішкене қолдаулар көрсетілсе, жоспардағыдан да көп мультфильмдерді дүниеге әкелер едік. Алда тағы «Аниматорлар асоцияциясын» құру ойда бар. Аниматорлардың басын қосып, жұмыстар қарастырып, шығармашылықтарына қолдау көрсетсек дейміз.

- Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Мұрағаттан, 02.08.2012 ж

Нұрғазы Бұхарбаев: «Индустриалды аймақ Шымкентте кәсіпкерлікті дамыта түседі»
Ербол Дайрашов: «Полиграфия арқылы да баланы ұлтжандылыққа тәрбиелеуге болады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу