Тәжібаевқа да тықыр таянды

Oinet.kz 26-08-2021 1812

Құрғақшылық қысып,  жұрт төрт түлігін қыстан қалай аман алып шығарын білмей дал болып жатқан кезде  Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы саласынан шу шықты. 

Screenshot_1.jpg

Тағы да сол баяғы сыбайлас жемқорлық, қазынаның қаржысын талан-таражға салу. Жұртшылықтың жағасын ұстатқан фактіні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың өзі мәлім етті. Төраға Павлодар облысына барған сапарында  өңірлерде ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші болып табылмайтын кәсіпорындарға субсидия төлеу фактілерінің анықталғанын жария етті. Мысалы, Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 миллиард теңгеге жуық субсидиялар берілді. Су тегін субсидияны  сұлулық салондары, фармацевтикалық компаниялар, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлікті жөндеу сияқты бизнес нысандары иеленген.

Субсидияны заңсыз алу фактілерінің басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Өйткені агенттік төрағасының бірінші орынбасары О. Бектенов бұған дейін  Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 203 кәсіпкерлік субъектісіне (сұлулық салоны, фармкомпанияларға, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автомобильдерді жөндеу саласында аккредиттелген кәсіпорындарға және тағы басқа) 825 миллион теңгеден астам сомаға асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау бойынша субсидиялар берілгенін мәлім еткен болатын.

Субсидияның дауы осы аптада «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесі (төрағасы облыстық мәслихат депутаты Ерлан Нұрмаханов) және Партиялық бақылау комиссиясының бірлескен мәжілісінде кеңінен талқыланды.  Түркістан облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Тұршековтің айтуынша, облыстық прокуратура облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалу барысындағы жұмыстарды тексеріп, бірқатар күмәнді деректерді анықтаған. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғалары тарапынан жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеге инвестициялық субсидияларды төлеу барысында тиісті талаптар сақталмаған 13 факт табылған. Қазір бұл деректер процестік шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде зерделеніп жатыр.

Заңсыз берілген субсидияларға қатысты мән-жайлар тергеу-тексеру амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болады.  Базбір атқамінерлерге  тықыр таянды деген сөз. Облыста ауыл шаруашылығы саласына облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың жетекшілік жасайтыны белгілі. Демек Агенттік төрағасы Марат Ахметжановтың өзі ауыр айыптаған факті бойынша атқамінерлерге тықыр таянды десек, осы салаға жауапты Тәжібаевқа да бұл даудан басын аман алып шығу оңайға соға қоймас. Оның тізгінді қолға алғанына екі жыл болыпты. Осы екі жылда Тәжібаев ауыл шаруашылығы саласында тісі батпайтынын, тәжірибесінің жоқтығын дәлелдеп шықты десек артық айтқанымыз емес шығар. Былтыр карантиннің кезінде қырықабат еккен көптеген шаруалар банкротқа ұшырады. Күзде мақта бағасына қатысты шу шықты. «Біз ұлардай шулап жатқанда Ұлан Тәжібаев тым құрыса жағдайымызды  да келіп сұраған жоқ» дейді «Рейтингтің» редакциясына арнайы шағымданып келген шаруалар. Олардың шағымдары туралы бөлек тақырыпта әңгіме қозғайтын боламыз.   Биылғы құрғақшылықта өкінішке қарай, жем-шөп даярлау ісі құрғақ сөзден, жалаң цифрдан әріге аспай тұр. Нақты көмек жоқ. Қысқасы, Ұлан Тәжібаев еккен өнімінің «жемісін» көрер кезге жақындап қалған сияқты.

Айтпақшы, ұйымдасқан қылмыс, жемқорлық сияқты аса ауыр қылмыстық баптар бойынша айып тағылған  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Полат Қырықбаевтың ісі облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотта қаралып жатыр. Егер сот оған айыптау үкімін шығарса, облыс әкімінің тағы бір орынбасарының басына бұлт үйірілгелі тұр. Тақырыпты алдағы кезде тарқатып айтамыз.

Б.ЕРНАЗАР,

"Рейтинг" газеті, 

№34, тамыз, 2021

Мегаполисте «кетіп қалды» деген әңгіме өршіп тұр
Ербол Садырдың ендігі тағдыры белгісіз болып тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу