Түркістандағы былық. Балық басынан шіруі адам өліміне ұласты

Oinet.kz 18-02-2022 1311

«Балықтың басынан шірігені»  адам өліміне ұласты Ауыр қылмыспен қамалу, жауапты салалардың бас иесіз қалуы, міне, қайда апарып соқты? Осы сейсенбіде Сайрам ауданында орын алған төтенше оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Ошақты ауылындағы Құрманғазы атындағы мектептің қазандығындағы жарылыстан бір азамат қайтыс болды. Сайрам аудандық төтенше жағдайлар басқармасының таратқан мәліметіне қарағанда, оқиға 15 ақпанда таңертеңгі сағат сегіз жарым шамасында болған. Апаттан қаза тапқан азамат жасы алпысқа таяған осы қазандықтың от жағушысы. Зейнет жасына жақындап қалған азаматтың өлімі, әрине өзекті өртер жайт. Қай кезде де қолымызды кеш сермейтініміз, бірінші кезекте кінәліні  іздейтініміз рас. Осы апаттың алдын алуға, оған жол бермеуге болмас па еді? Бұған жауапты басшылар не дейді? 

Screenshot_1.jpg

Дәл қазір қандай да бір қорытынды жасауға әлі ертерек. Бірақ себептің бір ұшы білім мен коммуналдық саладағы бетімен кетушілікке, жауапсыздық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа және  жүйесіз реформаларға барып тірелетін сияқты. Жауапты шенділер тым құрыса адам өліп жатқан кезде ес жинап, етектерін жияр ма екен? Әй қайдам?..  

Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлжан Сапарбековпен сол сейсенбіде тілдескен болатынбыз. Оның айтуынша, жылу қазандығындағы пеш көмірмен жағылған. Ол 2014 жылы қазандық жаңадан салынған кезде орнатылған. Оны былтыр  ауыстыру жоспарланған. 

– Былтыр мемлекеттік сатып алу порталына жаңа қазандыққа тапсырыс бергенбіз. Бірақ мердігердің алып келген пешінің маркасы конкурс құжаттарында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейді. Осы себепті оны біз  қабылдаған жоқпыз. Сөйтіп жүргенде ауылға газ келді. Пешті газға ауыстырамыз деп жүргенде осындай жағдай болды. Жаңа пеш әлі орнатылмаған болатын. Қазандық 2014 жылы орнатылған пешпен жұмыс істеп тұрған еді,– деді Ә.Сапарбеков.  

Қазір апатқа нендей жағдайдың себеп болғанын төтеншеліктер тексеріп жатыр. Оның қорытындысы шықпайынша, пәлен-түген деп айтудан аулақпыз, әрине. Дегенмен... 

Ә.Сапарбековтен сұрап білгеніміз, аудандағы мектептердің қысқа дайындығымен білім бөлімі (адами әлуетті дамыту бөлімі) айналысады. Дайындықты бөлімнің өзі жүргізеді, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына осы жөнінде есеп беріледі. Бұл іске бұрынғыдай, аудан әкімдігі немесе әкімдіктегі коммуналдық шаруашылық бөлімі араласпайды. Себебі былтырдан бері барлық аудандық, қалалық білім бөлімдері тікелей облыстық адами әлуетті дамыту басқармасына  бағынады.  

Осыдан кейін облыстық энергетика, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Бердіхановпен телефон арқылы байланыстық.  

Басшы жиналысқа асығып кетіп бара жатқанын айтып, Ошақтыдағы жарылыс бойынша  арнайы комиссия құрылатынын, оқиғаның себептерінің анықталатынын қысқаша мәлім етті. Кейінірек бізбен хабарласқан  басқармадағы жылу бөлімінің басшысы Марат Байжүнісовтің айтуынша, мектептердегі жылуға қатысты мәселеге толығымен аудандық білім бөлімдері, облыстық білім басқармасы жауапты. Алайда жауапкершіліктің бәрін бір басқарманың мойнына артып қоя салған қаншалықты дұрыс? Жалпы, қарамағында жүздеген мектеп, балабақшалары бар аудандық білім бөлімдерін тікелей облыстық білім басқармасына бағындырудан кім ұтты, кім ұтылды? 

Өткен аптаның соңында облыстық білім басқармасына екі жарым жыл басшылық еткен Рахымбек Жолаев қызметінен кетті. Ұстаздар қауымы әрі жас, әрі іскер, әрі білімді деп үміт артқан Жолаевтың бұл басқарманың тізгінін қолға ұстағалы жолы болмағанын біз бұған дейін жаздық. Басшы уақытының көбін аудандағы білім бөлімі басшыларымен текетіріспен өткізгендей көрінді. Бірқатар сот отырыстары да өтті. Бірақ бір қызығы, оның бәрінде жолы ауыр  Жолаев жеңілді. «Дипломы жалған» деген атаққа қалған Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова сотта басқарманы бір емес, бірнеше мәрте  ұтып шықты. Осы жуырда Жолаев қызметінен алып тастаған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов сотта жеңіп, орнына қайта оралды. Орала салысымен журналисті өлтіруге тапсырыс берді деген күдікке ілігіп, қамалды. Жолаевтың кезінде орын алған ноутбуктерге қатысты істің өзі бір атанға жүк болуға жетеді. Қызметіне келген кезде алдына қадау-қадау жоспар қойған Жолаев былтыр «Нұр Отанның» жиынында  басқарманың облыстағы бүкіл мектептер мен балабақшаларды игеруге шамасы жетпей жатқанын мойындамасқа амалы қалмаған еді.  Бұл өз алдына үлкен проблема, оған алдағы нөмірлерімізде арнайы тоқталатын боламыз.  

Қысқасы, қазіргі уақытта облыстық білім басқармасы басшысының креслосы бос тұр. Сонымен бірге коммуналдық салаға жауапты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының да басшысыз тұрғанына бірнеше айдың жүзі болды.  

Жалпы, облыстық әкімдікте көгермеген саланың бірі осы коммуналдық шаруашылық басқармасы десек қателеспейтін сияқтымыз. Соңғы жылдары аталған мекемеде басшы тұрақтамайды. Осының өзі-ақ көп жайтты аңғартады. Сыбайлас жемқорлық өз алдына бөлек әңгіме.  

Осы жуырда ғана басқармада ұзақ жылдардан бері басшының орынбасары лауазымын атқарып келген Әбілхан Әбдіқадыровтың парамен ұсталғаны туралы ақпарат шықты.  

Егер ел аузындағы әңгіме рас болса,  орынбасар ауыз суға қатысты мәселені шешіп беру үшін пара алғанға ұқсайды. Әрине, Әбдіқадыров әзірге күдікті немесе айыпталушы ғана. Оған қатысты сот үкімі шықпайынша, біржақты пікір айтудан аулақ екендігімізді мәлім етеміз.  

Облыстық соттың баспасөз қызметіндегілердің берген мәліметіне қарағанда, Әбілхан Әбдіқадыровты екі айға қамауда ұстау жөніндегі санкцияны 28 қаңтарда тергеу соты берген. Қылмыстық істі Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеушілері жүргізіп жатыр. Қаулыда айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлімінің 2 және 4 тармақшалырымен айып тағылғаны көрсетілген. Яғни, орынбасарға «параны адамдар тобымен алдын ала сөз байласуы арқылы бірнеше рет алды» деген бап бойынша айып тағылған. «Адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу» дегенге қарағанда, орынбасардың парамен ұсталуының арғы жағында көп сыр бар сияқты.  

Дәл осы кездері  басқармада сумен қамтамасыз ету бөлімінің бұрынғы басшысының да  қамауға алынғаны туралы ақпарат таратылды.  Сот қаулысына қарағанда, экс-басшы қызмет бабын пайдаланып, 2021 жылдың көктемінде кәсіпкерлермен бірге ауыз су нысанының құрылысына қатысты алаяқтық жасаған көрінеді. Бұдан мемлекетке келтірілген шығынның көлемі 25 миллион теңгені құраған. Осы мәселені құзырлы органдар қаузай бастаған кезде экс-басшы істі жүргізіп жатқан тергеушіге 3 миллион теңге пара бермек болғанға ұқсайды. Қазір екі айып бойынша істі болып жатқан экс-басшы екі айға қамауға алынған.  

Басшылары бірінен кейін бірі ұсталып, қамалып жатқан басқармада бұдан кейін қандай береке бар дейсіз?  

Бірінші басшының да тұрақтамай тұрғаны мынау. Бұған дейін облыстық энергетика, тұрғын ұй, коммуналдық шаруашылық басқармасына Руслан Тұрғамбаев деген азамат жетекшілік жасап келген. Ол 2019 жылы әуелі басқарма басшысының орынбасары болып, артынша басшының креслосын иеленді. Былтыр қарашада оның қызметінен кетіп қалғаны белгілі болды. Осы қарашада басқармаға басшының орынбасары болып жоғарыда аты аталған Асхат Бердіханов деген азамат тағайындалды. Ол қазір бастықтың міндетін атқарушы (дәлірегі бес минуты кем басшы деп атасақ та болатын сияқты).  

Екі басшы да бір сценарий бойынша келген еді, бір сценарий бойынша кетпейтініне кім кепіл?  

Себебі Тұрғамбаев бұрын- соңды облыста жұмыс істеп көрмеген басшы болды. Білетіндердің айтуынша, жергілікті жағдайды жақсы білген жоқ. Бұл жұмысты алып кетуге көп кедергісін тигізген.  Бес минуты кем басшы Бердіхановтың да бұл өңірдің қыр-сырынан хабары мол екендігіне күмәніміз бар. Ол да бұл өңірде жұмыс істемеген. Бұған дейін «Самұрық-Қазынада» еңбек еткені жөнінде ақпарат бар.  Сонда облыстың коммуналдық саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жергілікті кадрлар кімге жақпайды? Облыс басшысының бірінші орынбасары, дәлірегі коммуналдық салаға жауапты Арман Жетпісбаевқа ма?  «Балық басынан шіриді» деген осы.

"Рейтинг" газеті, ақпан, 2022 ж

Тоқаев тапсырмаса, Әйтенов мәселе шешпей ме?
Ауғанстандағы қиналған қазақтарды елшілік қабылдамауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу