Жанар Байсемізова: Қазақтың «қан тартады» деген сөзінің қаншалықты қастерлі, шын екенін түйсіндім

Oinet.kz 16-04-2019 1218

Screenshot_8.jpg

Жанар жақында «Қазақстан» арнасынан кетті. Өзін Киевте жүрген жерінен тауып алдық. Әлеуметтік желілердің заманы ғой, сұхбат ұйымдастыру аса қиын болған жоқ. Жанар ұзақ жылдар бойы Қазақстаннан асырап алынған балалардың тағдыры жайлы циклды хабарлар жасады, оны үлкен жобаға айналдырды. Әңгімеміз осы жоба төңірегінде өрбіді. 

Рейтинг: Жұрт хабардар ғой, сонда да Қазақстаннан асырап алынған балалар туралы жобаны өмірге әкелуіңнің тарихын қысқаша айтып өтші.

Жанар Байсемізова: Шетелдіктер асырап алған қазақстандық жетім балалар туралы Қазақстанда тұңғыш бағдарлама жасау журналист ретінде маған аманат ретінде жіберілген шығар...  Түрлі арнада түрлі тақырыпта арнайы репортаждар, сюжеттер жасадым. Бірақ неге осы тақырыпқа қадалып қалдым?! Бір кезде «шетелге кеткен қаракөздер қандай екен?» деген ойдан туындаған идея бірде жоғалып, бірде қайта жанданып, орала берді, орала берді. Жан-дүниемді астаң-кестең етті, ақыры мені жарып шықты. Уақыты келгенде,  санада серпіліс жасап,  жолымдағы барлық кедергіні, қиындықты тас-талқан етіп, шығармашылықтан біраз қол үзіп қалған мені қайтадан осы арпалыс пен шабытқа, махаббатқа толы әлемге сүйреп әкелді. Ең бірінші рет 2009 жылы «Хабар» телеарнасында арнайы репортаж ретінде жарық көрді, бір жылдан кейін «Алматы» арнасынан «Өзге Алматы» бағдарламасының аясында «Жүректің жұлым еті» деген атаумен шықты. Осыдан кейін мен бірнеше бағдарлама жасау туралы тұжырымға келдім. Алайда ол мүмкін болмады. Идея бар, негіз бар, қаңқасы бар, бірақ оған қажетті потенциал, құрал-жабдықтар, күш-қайрат, т.б. толық жиналмады, қысқаша айтқанда, дәл сол кезде оның уақыты туған жоқ.  Арада біраз жыл өткен соң іштей жобаның концепциясын жасадым. Өзімді жей бермей, оны босаттым. Одан кейін, Жаратушы барлығын керемет шеберліктен үйлестіріп, идеяға жан бітірді, сөйтіп «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы дүниеге келді. Қысқаша осы!

Рейтинг: Қай баланың тағдыры, я қылығы есіңнен кетпейді? «Елде жүрсе, жарып шығар еді» дейтін өкініш қай баланы есіңе алғанда оралады?

Жанар Байсемізова: Шетелдіктер  қамқорлығына алған қазақ балаларын бір бірінен бөліп-жара алмаймын. Өзім кездескен балалардың барлығын жақсы көремін. Олар шетінен алғыр, талантты, мейірімді, білімді, сүйкімді. Әсіресе, АҚШ-тың Вирджиния штатында тұратын – Ермек, Вашингтондағы – Темірлан, Род-Айленд штатындағы – Сара, Испаниядағы – Марлен, Италиядағы – Есімжан, Германиядағы – Асқар мен Данияр, Канададағы – Диляра, Аян, Бельгиядағы – Әлия, Салтанат, Аида. Олардың қылықтары, сүйкімді бейнелері, тосыннан қойған сұрақтары есімнен кетпейді. Мәселен, Америкадағы шашы бұйра жігіт Ермек-Эрик Блауэрс  «менің ата-анам  тұратын жерлерін неге өтірік айтқан?» деген  сұрақ қойды. Жауап бере алмадым. Үнсіздікті өзі бұзып: «Мен өсіп, Қазақстанға оларды іздеп барғанда таба алмасын деп ойлаған ғой», – деп жауап берді... Ал АҚШ-тың Вермонт штатында тұратын Досым деген кішкентай балақайдың таңқалып, «сендер қойдың көзін жейсіңдер ме?» деп сұрағанына   бәріміз бір күліп алдық. Бұл мүмкін бір өкініш, шарасыздық күлкісі болған шығар.  Досымның «қойдың бірінші қай жерінен бастап  жейсіңдер?» деген сұрағын естігенде де қысылдық. Кішкентай баланың қойдан қатты үріккенінің астарында да қазақтың  трагедиясы жатқанын ұғынасың...  Нью-Йоркте тұратын Жанна есімді қыз сұхбат кезінде туған анасы туралы сүйсіне айта келіп, есімін де атаған еді. Бірақ асырап алған анасына қарап, күмілжи  берді.  Сосын америкалық әйел қазақ қызын ертіп, тысқа шығып кетті. Қайта оралғанда Жанна солқылдап жылап келді. Бәріміз жабылып,  уата алмадық. Бір болымсыз себепті айтқандай болды америкалық әйел. Алайда Жаннаның не үшін жылағаны сол күйі жұмбақ болып қалды.  Ал Сара деген қыздың «әкем – христиан, анам – еврей, мен – мұсылманмын, қазақтар мұсылман болған соң, мен де мұсылман болып қалуым керек деп шештім» деген сөзі әлі жадымда жаңғырып тұр. Сондай-ақ,  ол өзін қоқысқа қалдырып кеткен әйелге қазір ешқандай өкпе-назы, реніші жоқ екенін айтты. «Туған анамның әрекетін бұрын бала кезімде түсінбеген едім, асырап алған анам айтқандай, мені шын жақсы көрсе,  неге тастап кетті деп ойлайтынмын. Қазір оны түсінуге тырысамын». Бұл да Сараның сөзі. Тағы бір қосарым, шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының ешқайсысы қытай болғысы келмейді, осыған сүйсіндім. Өйткені, олар тұратын мемлекеттің халқы қазақ балғындарын қытай ұлтына көп теңгере береді екен. «Сен қытайсың ба?» дегенге шамданып, «мен қазақпын» деп жауап берген  немесе  «ойланып көрші, картада Қытайдан басқа қандай ел бар?» деп қайыра сұрақ қойған балаларды да жолықтырдым. 

Рейтинг: Олардың қазақ даласымен гендік байланысы барын жақсы мысалдармен келтірдің. Мысалы, таудың, жайлаудың суретін салады, көк туымызға махаббатпен қарайды, т.с.с. Мұны қиянда жүріп көрген қандай? Жаның ауырды ма?

Жанар Байсемізова: Қазір осы сұрағыңызды естіп-ақ, бүкіл жан-дүнием тағы да дір етті. Қайтадан сол сарсаңға түсірген күйдің көріністері көшіп келді... Журналист ретінде қанша салқынқандылық танытып, эмоцияға жол бермеуге тырыссаң да, ұлт, қан, ұрпақ, болашақ мәселесіне келгенде өз ойын ортаға таңуға хақысы жоқ мамандық иесінен қайтадан бұл жағдайға жаны ауыратын, бірақ қолынан келер дәрмені жоқ   қарапайым қазаққа ауысасың...  Бұл сапарымда мен қазақтың «қан тартады» деген сөзінің қаншалықты қастерлі, шын екенін түйсіндім. 

Рейтинг: Алысқа кеткен балалардың алды кәмелет жасына жетіп қалды. Олардың сыр ғып, болашақта Қазақстанға қайтқысы келетінін айтқаны бар ма?

Жанар Байсемізова: Олардың көпшілігі кәмелеттік жастан асып кетті. Олар санасы толысқан, өзіндік ойы, принципі бар, оң-солын танитын, қалыптасқан азаматтар. Осы тұста айта кету керек, шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының болмысы бөлек, оларды қазақ жерінде өсіп келе жатқан балалармен  мүлдем салыстыра алмайсың. Жер мен көктей. Олардың ой-өрісі керемет. Олар өздерін бала сезінбейді, ересек адамдарша ұстайды.  Тіпті, үлкен адамның миына қонбайтын сөзді, ақылды айтуы мүмкін. Және олар өмір жолында өздері таңдау жасайды. Асырап алған ата-аналары тек кеңес береді, жақсылыққа бағыттайды. Көпшілігінің «Қазақстанға оралсам» деген балаң армандары бар. Кейбірі екі ел арасында өмір сүргісі келеді. Мысалы, Швейцариядағы Төлеген деген бала Қазақстанға көшіп келіп, жылқы фермасын ашуды армандайды. Ал америкалық Темірлан деген жігіт  (ол келесі жылы орта мектепті аяқтайды) Қазақстан билігіне «шетелдіктер асырап алған балалардың азаматтығы  мәңгілік сақталса екен» деген өтінішін айтты. Өйткені балалар кәмелетке толған соң, қай елдің азаматтығында қалатынына таңдау жасауы қажет. Бұл көпшілігі үшін ауыр шешім екенін түсіндім.   

Рейтинг: Баласын танып хабарласқан ата-ана болды ма? Оларға енді қандай көмек беруге болады?

Жанар Байсемізова: Бағдарлама эфирге шыққаннан бастап жоғын іздеген көптеген адам хабарласты. Әкесінің бауырының балаларын іздеген қыздан хат алдым. Ағасының әйелі ішкілікке салынып кеткендіктен, екі бүлдіршінді балалар үйіне алып кеткен. Ағасына заң бойынша бермепті, өйткені ерлі-зайыптылар тек азаматтық некеде тұрған екен. Балаларға туыстары барып тұрыпты. Ешкімге ескертпестен, ол балаларды шетелдіктердің асырауына беріп жіберген екен. Тағы бір шым-шытырық оқиға болды. Бельгиядан өткен репортаждан кейін немерелерін танып, ақсақал мен кейуана хабарласты. «Баламды жеткізіп бер» деп жылаумен болды. «Саған аманат» деді. Қариялар шынында да сол бала туған немерелері болған күннің өзінде де заң арқылы оған қолдары жетпейтінін түсінбейді. Қолымнан келгенше көмектестім. Алайда кезінде ізім-ғайым жоғалып кеткен бүлдіршіннің ісімен айналысқан  жергілікті органдардан қайран болмады.  Баланы атасы мен әжесі танып отыр, біз бұрынғыдай киіз үйде тұрмаймыз, бәрін анықтап, түбіне жетуге болады, бірақ ешкім ешнәрсе істегісі келмейді. Тура осы отбасының жоғалтқан баласынан айнымайтын тағы бір бүлдіршіннің суретін мен тергеушіге берген едім. Бірақ түк шықпады. ҚР Білім және ғылым министрлігіне жазған менің хатым да тиісті жерге жетпей қайтарылды. Қариялардың аманатын ақтай алмадым. Тағы бір әйел хабарласты, баласын іздеп. Ол сәбиін кезінде анасының уәжінен қорқып, перзентханаға қалдырып кеткен екен. Тастаса да, күн сайын балаға барып тұрған. Ол бүлдіршін де мұхит асып кетіпті. Оны асырап алған әйел қазір өмірден өткен. Қазақстандық бала уәкіл әкесінің тәрбиесінде. Бұл жағдайға байланысты менің өтінішім бойынша ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті АҚШ-қа сұрау салды. Әзірге жауап келмеді. Айта берсем, өте көп. Кейде жоғын іздеген жандардың осыншама уақыттан бері қалай үнсіз жүргендеріне қайран қаламын...

Рейтинг: Қандай баланың шеттегі тағдыры алаңдатады? Оларға мейірім жеткілікті ме?

Жанар Байсемізова: Балалардың барлығы төрт құбыласы түгел отбасыларына барған деп кесіп айтуға болмайды. Мейірімге тұншығатындай күй кешуде деп айтудан да арланам. Әр отбасы, әр адам әр түрлі. Дегенмен көпшілігінің тұрмысы жоғары. Балалар үшін барлық жағдай жасалған. Қазақтың ұл- қызы үшін өліп-өшіп отырған адамдарды да көп кезіктірдім. Бірақ бәрібір біз білмейміз ғой, өгей ата-ананың махаббаты туған ана мен әкеден асып түсе ала ма?! Мені миссионерлерге тап болған қазақ балаларының тағдыры және олардың бізге ықпалы қатты алаңдатады...  Ұлыбританиядағы атеист отбасында өсіп жатқан қазақ ұланының, көп Құдайға сенетін үндістердің әулетінде өркен жайып келе жатқан сүп-сүйкімді балақайдың, алыс аралда бой жетіп келе жатқан қазақ қызының  жайлары  ойлантады... Айта берсем таусылмайды... Бір өкініш, бір үміт!

Жат жұртқа өткен әр баланың өмірі  шым-шытырық оқиғаға толы. Мейірімі, махаббаты кеміген біздің қоғам олардың бірін көшеге, бірін қоқысқа тастап кеткен. Туған ата-анасына керексіз болған жетімдер ақырында еліне де қажет емес күйге түсті. Халықаралық конвенцияның бала ата-ана қамқорлығында өсуі тиіс дегенін негізге алып,  тірі жандарды мүлдем бөлек «галактикаға» аттандырдық. Шетелдіктер асырап алған қаракөздер тілден, діннен, ұлттық санадан айырылды деп сөгуге хақымыз жоқ, өйткені, біз олардың қалауын сұрамадық. Және олар да қалауын айта алатын  жаста емес еді... 

Рейтинг: Балаларға туған жерін мүлде ұмыттырып жіберуге тырысатын «жаңа» ата-аналарды жолықтырдың ба?

Жанар Байсемізова: Шынымды айтсам, ондай пиғылдағы адамдарға жолықпадым. Біздің қоғам үшін шетелдіктер бөтен әлемнің адамдары сияқты.  Біздің халық олардың арасында да  ниеті таза, мейірімді адамдар бар екеніне сенгісі немесе қазақтан өзге қамқор ұлт бар екенін мойындағысы келмейтін сияқты. Қазақстаннан бала асырап алған шетел азаматтарының ешқайсысы бүлдіршіндерден Отан, туған ел, жер туралы ақпаратты жасырып қалмайды. Мұны құпия ұстауға тырыспайды да. Өйткені, қазақ балаларының түрлері-ақ бәрін айтып береді. Қазақстандық балалар  біздің оларды іздеп барғанымызға алғашында қатты таңырқады. Олардың жадында туған елі өздерін ұмытпағаны, ойлайтыны, жақсы көретіні жайында әдемі естелік қалды. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы Қазақстан жайында аса хабары жоқ бүлдіршіндер мен ересек балалардың жүрегінде Отанға деген махаббатын, қызығушылығын оятты. Жобадан кейін шетелдіктер Қазақстаннан асырап алған балаларын елге әкеле бастады. Осы жазда олардың бірнешеуі Қазақстанға қонақ болып келіп қайтты. 

Рейтинг: Жобаның ендігі тағдыры не болмақ? Қайта жалғастыратын ойың бар ма? Қай ақпарат құралында жалғастыруың мүмкін?

Жанар Байсемізова: «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы «өз миссиясын артығымен орындады» деген уәжбен тоқтатылды.  Ұлттық арна өнімі болғандықтан, бұл сауалға «Қазақстан» басшылығы ауқымдырақ жауап  бере алатын еді деп ойлаймын...     Ал «қайта жалғастыратын ойың бар ма?» деген сұраққа келсек, басында бұл менің жобам еді, менің ішімнен шыққан сәбиім  болды.  Менімен бірге өмір сүрді, менімен бірге тыныстады, бірге қанат жайдық. Қазір оның өзіндік өмірі бар, өзіндік тағдыры қалыптасты. Оның жаны бар және ол енді өзінің жолымен өмір сүреді. Қалғанын бір Жаратушының қалауына қалдырдым!   

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы,

Мұрағаттан: 23.10.2014



Рахат Мамырбек, журналист, саясаттанушы: ҮСТЕМДІК ПИҒЫЛЫ ҚАРСЫЛЫҚ ТУДЫРАДЫ
Айдос Тоқтарбаев, акробат: Әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енуден үміттімін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу