Ең қауіпті қылмыскерлер неге бостандықта жүр?

Oinet.kz 28-09-2022 4028

Қазір азғындықтың түр-түрі пайда болғаны соншалықты, кейбіріне қалыпты деңгейде қарай бастадық. Бәлкім дұрыс шығар. Бәлкім бұрыс шығар. Әркім өз ойына өзі құдай ғой.

Screenshot_20.jpg

Дегенмен, мен қабылдай алмайтын және мені қорқытатын ең қауіпті азғындық - педофилия. Қазір бұқара беттерінде күн сайын, сәт сайын "зорлап кетіпті, өлтіріп қойыпты" дейтін ақпараттар өріп кетті. Сондай ақпараттарды көзім шалған сайын бойымды бір үрей билеп алады. 

Сол бітпейтін педофилдер қайдан шығып жатыр? Қит етсе әйелді қаралағыш қоғам осының астарына үңіліп көрді ме өзі?

Былтыр құрбым екеуміз пәтерақысын төлеуге қиналып, бір жылдан астам уақыт бөлме жалдап, өзімізден 5-6 жас үй иесімен бірге тұрдық. Шәй десіп көргеміз жоқ. Жаттан жақын таптық десем де болатын шығар. Сол әпкемен шай үстінде әңгімелесіп отырып әкесінің інісі түрмеде екенін естігенім бар. Соны шығарып алуға әкелерінің қаражат жинап жатқанын да айтып қалды. Былай қарасаң әкесінің інісі, өз ағасы ет жақыны ғой. Дегенмен еш жанашырлық таныта қоймады. Сөйтсем 16 жасынан бастап түрмеге түскен екен. Оны бауырлары шығарып алады. Ол қайта түседі. Бауырлары шығарып алады. Ол қайта түседі. Не керек ішу, шегу, ұрлау, адам өлтіру... Қылмыс атаулысының бәрін жасаған. Дегенмен осы отырысы өмірінің соңына дейін болса керек, сол үшін бауырлары есі дұрыс емес дейтін анықтама алып, 2-3 ай жындыханаға жатқызып, кейін не бүлдірсе де түрмеге түспейтіндей етіп шығарып алуға әрекеттеніп жатыр екен. Жүрегім су ете қалды. Неткен қорқынышты...

Ал соңғы түрмеге тоғытылуға себеп болған қылмысы не дейсіз ғой? Педофилия. Әдеттегідей бауырлары әупірімдеп жүріп бостандыққа шығарып алған бір жолы, өз үйінің ауласында 4-5 жасар қызды ешкім жоқ бір бұрышқа апарып, шешіндіріп, тиісе бастағанда көршілері көріп қойған. Бұл әрине әпкенің айтуы бойынша. Бәлки зорлап та үлгерген шығар. Лайым олай емес деп үміттенем. Әдеттегідей шегіп алған. Сонымен түрме дейтін қасиетті мекеніне қайта оралыпты. Сот залында "Ол қызды өз қызым екен деп қалдым" деп түсініктеме беріпті... Және оған бауырлары имандай сеніп, ақтап отыр екен.

Енді ойлап қараңызшы, ол бостандыққа шығады. Ескі әуеніне қайта басады. Бірақ ең сорақысы ол енді жауапкершілікке тартылмайды! Сұмдық қой. Ол түрмеде отқан кезде бауырларының да жаны тыныш болмас па еді? Жоқ. Біз жалған намыспен "бауыры түрмеде екен" дейтін аяң сөзден ғана үрке қашып, қылмыскердің қылмысын ақтап, өз өтірігімізге өзіміз сеніп, қоғамға 3-4 есе қатер төндіреміз. Ал бұл бір ғана жағдай. Дәл осылай түрмеден сытылып кеткендер қаншама?

Ал жалпы осындай жағдайда ағайын-жұрағаттығынан ұялып, жақ ашпаған, арыз жазбаған талай танысым бар. Сонда мүлдем жауапкершілік арқаламаған азғындар тіптен көп болып тұр ғой... Біз ел-жұрттан ұялып жүрген кезде, олар талай бүлдіршіннің тағдырына өшпестей етіп қара күйе жағып кетіп жатқанын неге ойланбаймыз?

Басқасы-басқа бала психологиясына түскен сызат бір күні болмаса, бір күні шытынатпай қоймайды. Ал жапа шеккен баланың көбеюі, "болашақ" дейтін мезгіл үстеуінің архаизмге айналып кетуіне апарып соқпасына кім кепіл?!.

Адамгершілік ашаршылығы баяғыдан басталып кетіпті ғой
Сатыбалдының кадрлары келе жатыр. Ауыс-түйіс кеңесші мен замруктен басталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу