Бейбіт Сарыбай, жазушы: «Ақшаның құнын ішкі қанағатымыз сақтауы керек еді...»

Oinet.kz 23-05-2019 1340

2018_12_06_082559744000.jpg

Есей Жеңісұлы: «Мына заман қай заман?..» деп сұрақ қойсам...

Бейбіт Сарыбай: «Мына заман қай заман?..» деп сұрақ қойсаңыз, оның жалғыз ғана жауабы бар. Осы заман ғой! Осы заманыңыздың кешегі Шортанбайдың заманынан алға озғаны шамалы... Кейбір тұста кері кетіп те жатқандаймыз. Парадокстар мен қара қоқыстары көп заман болып тұр-ау... Кешегі заманда, біздің балалық шағымызда ең қорқынышты бір сөз бар еді. «Құлағыңды кесіп аламын» деген. Тәртіпсіз болсақ, аталарымыз: «Құлағыңды кесіп аламын!» – деп ескертетін. «Басыңды кесіп аламын, тіліңді кесіп аламын» демейтін. «Құлағыңды кесіп аламын» дейтін. Не деген үрейлі сөз еді сол! Бір-ақ сол сөзді мың қайталаса да, бірде-бір қария ешкімнің құлағын кесіп алмаған екен. Кеше ғана мейманасы тасыған бір жігіт ағасы «оралының барында ойнап-күлген» бір баланың құлағын кесіп алды... Атамның аузындағы қорқыныш ағаларымның қолында екен. «Басқа пәле – тілден» деуші еді, құлаққа пәле төменнен келген заман болып тұр ғой. Кем-кетігі көп бұ заманның әңгімесі ұзаққа кетеді ғой. Сондықтан «адам қадірін ақша арттырған заман» деп келте қайырып құтылғанымыз жөн шығар. Айналамыздың бәрі – адам болуға емес, ақшалы болуға ұмтылып жатқандар.

Есей Жеңісұлы: Бала күнімізде ақша да құнды, тиын да толымды еді... Осы күнгі ақша неге құнсыз? Экономист болмасаң да қояйыншы осы сұрақты.

Бейбіт Сарыбай: Құнсызданған ақша ғана ма? Жә, жарайды, тағы басқа тарапқа бұра тартпай, сұраққа нақты жауап берейін. Ауылда жүргенде «Үсеннің қаладағы баласы мен келіні екеуі бәленбай мың теңге табады екен» деген аңызға бергісіз әңгіме тараған. «Оны қайда жұмсайды екен-ей?» деген жауабы белгісіз сұрақ бүкіл ауылды мазалаған. Мені де. Енді қазіргі уақытта сол Үсеннің баласындай күреп таппасақ та, Хасеннің баласындай тауып-ақ жүрмін. Бірақ баяғы сұрақтың жауабы әлі белгісіз. Қайда жұмсап жатқанымды білмеймін. Бір түсінгенім, айына 500 мың теңге тапсаңыз да жетпейді екен. Және, керісінше, 50 мың теңге тапсаңыз да көштен қалмайды екенсіз. Елу мың теңге табатын жылдары 5 000 теңгенің ұялы телефонын тұтынсақ, 500 мың теңге табатын жылдары 50 мыңның телефонына көшетін әдетіміздің кесірі де аз емес. Қарап тұрсаңыз, екеуі де сіздің негізгі мақсатыңызды (байланыс құралы ретінде) бірдей орындайды. Демек, ақшаның құнсыздануына экономикалық жағдайлармен қатар, өзіміздің ішкі қанағатсыздығымыз да әсер ететін сияқты. Ақшаның құнын сақтайтын ішкі қанағатымыз болса керек. Бәріміздің бойымызда психологиялық дағдарыс бар сияқты. Жан-дүниеміз күннен-күнге девальвацияға ұшырап жатыр. «Аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей болмас үшін, байларға еліктемей, көрпеге қарай көсіле білсек, ақшаның құнсызданғаны өміріміздің мәнін қашыра қоймас деп ойлаймын.

Есей Жеңісұлы: Ал «Москвич» пен қымбат көліктің арасын неше жыл жалғап жатыр?

Бейбіт Сарыбай: Мұны жылмен емес, адамның басына қонған бақтың жылдамдығымен өлшеу керек шығар деп ойлаймын. Рысқұлов пен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында тұратын бір танысымыз бар еді. Құлағалы тұрған үйі, 2,5 сотық жері һәм жасыл түсті «Москвичі» бар-тұғын. Сол тұратын жерге бүгінде ел игілігін көріп жатқан көпір салынатын болды. Үйін мемлекет сатып алды. Ана көкеміз соның арқасында кереметтей үй алды. Астында қымбат көлік. Сот жоқ десеңіз, кез келген адамды басып кетуі әбден мүмкін. Бұл бір «Москвичтің» тағдыры деңіз. Екіншісін айтайын. Әкемнің сары «Москвичі» бар еді. Ауылдағы үш-төрт машинаның бірі болатын. Сол «Москвич» талайлардың келінін түсіріп, талайлардың құдалығына жүрген. Үйлену тойы күні де ақ көйлек киген қалыңдық пен қара кәстөм-шалбар киген күйеу жігітті басып алып, күллі ауылды басына көтеріп кетіп бара жататын еді жарықтық, сап-сары боп. Әкеміздің сары «Москвичті» кезін 1993 жыл деп қараңыз. Арада он жыл өткенде, 2003 жылы, қатты қымбат болмаса да, ел қатарлы әппө-ө-ө-ө-қ «иномаркаға» отырды. Сол үшін он жыл бойы кәртөшке сатты, мал сатты дегендей ғой. Демек, «Москвич» пен қымбат көліктің арасы Алматы мен Астананың арасындағы қашықтай анық емес-ау. Сіздің бұл есебіңізді шешкеннен көрі, А қаласынан шыққан велосипедшілердің Б қаласына қанша уақытта жететінін анықтау оңайырақ.

Есей Жеңісұлы: Абайша күңіренсек, осы күнгі шенділердің көкірегі зор болып келетұғыны несі?

Бейбіт Сарыбай: Ол жағын білмедім. Мүмкін, ешбір шендінің көкірегімен бетпе-бет келмегендікі шығар. Сондықтан жобалап жауап беріп көрейін. Басы бос адамның, басы қор адамның көкірегі зор болатын шығар. Адам барын көрсеткісі келіп тұрады емес пе? Басы жоқ болғасын, көкірегін көрсетпегенде несін көрсетеді? Олар өздерін қалай сезінсе, олай сезінсін. Мен үшін олар Фионаға қолы жеткен Шрек қана.

Есей Жеңісұлы: Осы күнгі баланың да, әкенің де, атаның да жарнамақұмарлығы жаңа дерт пе?

Бейбіт Сарыбай: Жарнама жаманға керек. Өткізу үшін. Ал жақсыға насихат қана керек. Осы бір насихат пен жарнаманың ара жігін ажырата алмағандықтан туындайтын дерт қой сіздің айтып отырғаныңыз. Дерттің де, аурудың да барлық түрі атамзаманнан келе жатыр. Олар тек заманға сай түрленіп отыратын болса керек. Бір нәрсе тындырсақ қажеттіліктен емес, ел көрсін деп тындыратын мінезіміз Абай заманынды да болған. Сол кезде сынға алынған. Жарнамақұмарлықты ешбір медицина емдей алмайды-ау. Тәуіптердің шамасы жетпейтіні белгілі. Оны бір емдесе, адамның өзінің ақыл-парасаты ғана емдей алар. Әйтпесе, «мақтаншақтыққа қарсы екпе егіліпті» дегенді естіген де, көрген де емеспіз ғой.

Есей Жеңісұлы: Осы күнгі бір әдет: кез келген бастаманы қолдау үшін флешмоб өткізгіш болып алдық. Бұрын онсыз да шаруамыз шешіліп жататын еді...

Бейбіт Сарыбай: Флешмоб – топтанып билеу емес, гламурлы тобырлық сияқты. Қолдау емес, жағымпаздық сияқты. Көзге түсудің көріксіз жолы-ау, шамасы. Сол топтың ішінде билеп тұрған балаларды аяймын. Өздері шетінен сүп-сүйкімді. Олар да біреудің аялап өсірген балалары емес пе? Оларды қорлауға кім рұқсат берді? Мен ол балаларды кінәламаймын, соны ұйымдастырған адамды жек көремін. Және оны ешкімге айтпаймын. Флешмоб көрсем, отты айналып жартылай жалаңаш билеп жүретін үндістер елестейді. Бұрын «басы істемегеннің аяқ-қолына тыным жоқ», «ақымақ бас аяқ-қолдың соры» деуші еді ғой. Сол сияқты, бір адамның ақымақ басы бірнеше бозбала мен бойжеткеннің аяқ-қолының соры болып тұр ғой. Біздегі ерсі қылықтардың барлығы – ақымақ бастардың жемісі. Өкінішке қарай, біраз тізгін сол ақымақ бастардың қолында.

Есей Жеңісұлы: Балақ кесіліп, шорты қалды, жең кесіліп, жалаң қол қалды. Ердікі емес, қыздікі. Шаш кесілгелі жарты ғасыр. Енді кесілетін не қалды өзі?

Бейбіт Сарыбай: Киім мәселесінде кесілген былай тұрсын, шешіліп жатыр ғой. Бұрын тәннің ыңғайына қарай киінетін адам баласы, қазір жанның ыңғайына қарай киінетін болып барады. Шолақ балақты бұрын күн ыстық болғасын кисе, қазір ағымның «ыстықтығына» қарай киіп жүр. Қыздар да сол, омырауына бір қарыс, белден төмен бір қарыс қана байлап алады. Неге? Сол баяғы барын көрсеткісі келгендік. Біздерде мынадай бар, мынадай бар... «Жігіт біткен қараса, қызықса, ынтықса» дегенге құштарлық. Содан да ләззат алады. Шаш кесілгелі жарты ғасыр өтсе, кеше ғана құлақ кесілді. Балақтағы биттер басқа, тексіздер тұғырға шықса, бір күні тіл кесілмесіне кім кепіл? Құдай бетін аулақ қылсын дейін, тексіздік белең алса, тексіздік күшке мінсе, кесілетін нәрсеміз әлі көп-ау.

Есей Жеңісұлы: Біз қайда барып тоқтаймыз. Тоқтаймыз ба өзі?...

Бейбіт Сарыбай: Жардан құлағаннан Құдай сақтасын, тұйыққа барып тірелуіміз мүмкін. Ал былайынша тоқтай қоятын біз емес. Біз тоқтасақ, басқа жағынан тоқтауымыз мүмкін. Осы білімсіздіктің жолымен жүре берсек, барар жер, басар тау таппай, надандыққа тоқтаймыз.

... Енді өзіңізге бір сұрақ: Біз негізінде неден қорқуымыз керек еді? Ал неден қорқып жүрміз?

Есей Жеңісұлы: Қиын сұрақ қой бұл...

Бейбіт Сарыбай: Қиын түгі жоқ. Біз ұяттан қорқуымыз керек еді, тозақтан қорқып жүрміз. Жамандықтан бас тартсақ, ұят болатындықтан емес, соның кесірінен тозақ баратындықтан бас тартатын сияқтымыз. «Біреудің затын ұрлама» деп бала тәрбиелеп отырған әкеге баласы «не қылады?» деп сұрақ қойса, әкесі «ұят болады» деп емес, «сотталып кетесің» деп жауап беретін сияқты. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан, 23.04.2015 

Арман Әлиев: Монте-Карлодағы фестивальден үмітіміз бар
Сәдуақас Аңсат, тіл жанашыры: «Тіл майданының қаһарманымын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу