Сәдуақас Аңсат, тіл жанашыры: «Тіл майданының қаһарманымын»

Oinet.kz 23-04-2019 1639

29792892_1597558140280129_9079034132999231228_n.jpg

- Қазақ тілінің дамуы үшін неше жылдан бері күресіп келесіз, нәтиже бар ма?

- 2010 жылдың қарашасынан бастап Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасымын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі қызметтерімде қоғамдық негізде болса да ана тіліміздің жанашыры әрі қолдаушысы болып жүрдім. Бірақ Облыстық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік ету жауапкершілігін мойныма алғаннан соң, алқа мүшелерімен зерделеп көрсек, мемлекеттік мәртебе алған тілімізбен тәуелсіз елде өмір сүріп отырғанымызға сол кезде 20 жылдан асса да, басқа облыстарды айтпағанда, 96 пайыз қазақтар орналасқан өңірімізде оның әлі де орыс тілінің көлеңкесінен шыға алмай отырғанына көзіміз жетті. Сонан соң, мұның негізгі себебі өз қазағымыздың жәйбасарлығы мен қойдай жуас мінезінен, айналып келгенде намыссыздығынан деген тоқтамға келдік. Өйткені посткеңестік республикалардың бәрі ұлттық құндылықтарына, ана тіліне еге болып жатқанда, біз түрлі сылтау тауып әлі бүгежектеуімізді қояр емеспіз. Олай болса күресті қазақтың намысын оятудан бастау керек деп шештік. Сананы, мінезді өзгертуден гөрі сауатсыздықпен күресу оңай болар. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Кеңес Үкіметі тез арада халықтың сауатын ашу арқылы көп жетістікке жеткенін тарихтан білеміз. Ал сананы өзгертуге мемлекет, қоғамдық ұйымдар, отбасы болып жабыла күресу қажет болғанмен, бізде мемлекеттік тұрғыдан шала заңдар, шала бағдарламалар бар, бірақ шынайы ықылас жоқ. Қоғамдық ұйымдар да бес саусақ сияқты тарам-тарам («Қазақ тілі» қоғамы, «Мемлекеттік тілді қолдау» қозғалысы, «Ұлт тағдыры» бірлестігі, т.б.), бір жұдырықтай тас-түйінболмай тұр. Тіпті, «Қазақ тілі» қоғамының өңірлердегі филиалдары не істеп отырғанынан хабарымыз жоқ, ал оларды үйлестіріп отырған Алматыдағы Орталық органның қимылы шабан.

Біз өз өңірімізде қолдан келгенінше әрекет етіп келеміз. Облыстық, қалалық, аудандық әкімшіліктермен, олардың жанындағы тілдерді дамыту құрылымдарымен бірлесе, жергілікті БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз. Ерекше нәтиже болмағанмен, жұртта бұрынғыдай жарнамасын басқа тілде жазуға, ауызекі сөзінде дүбәрә сөйлеуге бола бермейтінін, тілдің қорғаушысы, сақшысы бар екенін   сезетіндей дәрежеге жетті деуге болады. Көптеген жарнамалар өзгерді. Санаға сәл де болса, серпін кіргендей.

- Бірнеше ұйымдарды құрдыңыз, бүгінгі таңда сол ұйымдардың белсенділігі қандай?

- Ең бірінші Қоғам төңірегіне тіл жанашырларын топтастыру үшін барлық мекемелер жанынан «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдарын құрдық. Қазір қалада 230, облыс бойынша 1000-ға жуық бастауыш ұйымы бар. Олардан айына ұжымның қалауы бойынша 30, 50, 100 теңгеден жарнапұл жинауды қолға алдық. Бұл Қоғамның қаржылық мүмкіндігін шешсе, екіншіден іс-қимылымызда ешкімге тәуелді болмас үшін қажет еді. Сосын жарнапұлдан жиналған қаржыға көшелер мен мекемелердің көрнекті жерлеріне жұрттың намысын оятатын («Туған тіліне жаны ашымаған адам – тексіз», «Тілі талқыда жүрген жұрт, тағдыры талқыда жүрген ұлт», «Хорошо», «давай» - дегендер қазақтың сөзі емес, қимайтындай бабамыздың көзі емес», т.б.) билбордтар мен плакаттарды іліп қойдық. Б.Момышұлының 33 жасында, өзі қан майданда жүрсе де ана тілінің келешегіне алаңдаушылық білдірген жанайқай хатын Күнтізбе ретінде облыс әкімінен бастап, әрбір басшының жұмыс үстелінде тұрсын деп сыйладық.

Барлық аудандардағы филиалдардың жұмысын жандандырдық. Филиал және бастауыш ұйымдарының төрағаларымен семинар-кеңес өткізіп, олардың міндеттерін түсіндірдік. Әр ауданда жыл сайын бір семинар өткізіп, қаладағы белсенді бастауыш ұйымдарын насихаттап, олардың жұмысын басқаларға үлгі етіп таныстырып келеміз.

Облыстық телеарнамен бірлесіп рейд жүргізіп, кәсіпкерлердің жеке нысандарына қойылған жарнамалары мен атауларындағы қателерін әшкерелейміз, ескерту жасаймыз, прокуратура арқылы шара көруді талап етеміз. 2013 жылдан бері «Тіл сақшысы» газетін шығарып, жоғарыдағы келеңсіздіктерді өткір сынға алудамыз. Сөйтіп оның таралымын 8 мың данаға жеткіздік. Биылдан бастап газетті республика аумағына таратуды қолға алдық.

- Әлеуметтік желіде қазақ тілінің қолданылу аясына көңіліңіз тола ма? 

- Әлеуметтік желі болсын, ауызекі әңгімеде болсын жастардың сөйлеу мәдениеті өте төмен. Оған жоғарыда айтқан ел болып бірлескен іс-қимылдың жоқтығы кінәлі. Кей газеттерде, кей арналарда тиіп-қашып жазып, айтылғаны болмаса, тіл тазалығын сақтауда жүйелі жұмыс атымен жоқ. 

- Қазақ тілінің болашағын қалай елестетесіз? 

- Конституциядан орыс тілінің ресми тілдік статусы алынбай, Президент өзі бас болып басқа ұлт өкілдері қатысқан ресми жиындарды былай қойғанда, 100 пайыз қазақ министрлері мен әкімдері отырған жиында, шетелдік елшілердің Сенім Грамоталарын қабылдағанда қазақ тілінде сөйлемесе, Үкімет басшысы да, министрлер де, әкімдер де жиындарын, іс қағаздарын қазақша жүргізуге көшпейді. Парламент депутаттары қабылдайтын заңдардың жобасын қазақ тілінде дайындауды Үкіметтен талап етпесе тіліміздің болашағы бұлыңғыр. Осы бетімізбен кете берсек, енді бір 20 жылда да көп өзгеріс бола қоймайды деп ойлаймын.

- Латын әліпбиіне көшуге ниетіңіз қандай? 

- 70 пайызды құрайтын қазақ халқы өз ана тілінің төңірегіне топтаспай тұрғанда, басқа әліпбиге көшу ұлтымызды екі айырады. Бәрімізге түсінікті кириллицада жүріп қазақ тілін үйрене алмай жүргенде, латын әліпбиін енгізіп алдымызға тағы бір кедергі қойып аламыз. Алдымен ұлт болып ұйысып алуымыз керек. Бір ұлтты құрайтын, қашаннан ұлттық ұстанымдарына берік Өзбекстан мен Әзірбайжан 20 жылдан бері латыншаға толық өте алмай қиналып келеді. Көшумен бірге өшу болатынын да ескеруіміз керек. Бұған дейінгі кириллица әліпбиімен жиналған миллиондаған, мыңдаған ғылыми, әдеби, мәдени кітаптардан, жазбалардан айрылып кері кететінімізді естен шығармауымыз керек.

- Балық басынан шіриді дегендей қазақ тіліне қарапайым халықтан гөрі шенеуніктер шорқақ келеді, бұл дертпен қалай күресуге болады? 

- Сайлау әділ өтіп, билік шыңында отырғандарды шын мәнінде халық сайламайынша, сөйтіп олар қарапайым халықпен санаспайынша, жоғарыда билік басындағыларға айтқан талаптардың орындалмайтыны белгілі. Бірақ бұл біз үшін қазір арман ғана...

- Өзіңізді тіл саласынан бөлек қай майданның қаһарманымын деп санайсыз?

- Мен өзімді тіл майданының қаһарманымын деп санамаймын. Өз ана тіліме, халқыма аз да болса қол қабысын тигізіп жүргендердің бірімін деп есептеймін. Мен жазған мақалаларымда, ресми жиындарда сөйлеген сөздерімде тек тіл мәселесімен шектеліп қалмаймын. Қазақтың ұлан байтақ жерінің асты-үсті байлығы халық игілігіне жұмсалса, саясатта әділдік, экономикада прогресс, әлеуметтік жағдайда теңдік болса екен деп өз пікірімді білдіріп жүретінім бар.

Мұрағаттан, 2015 ж

Бейбіт Сарыбай, жазушы: «Ақшаның құнын ішкі қанағатымыз сақтауы керек еді...»
Құрал Көмек, ақын: «Енді оянған рухымыз қайта қалғып кетпеу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу