Сенат спектаклі. Жүрген жерінен өрт шығатын әкімге Парламент мандаты ойыншық па?

Oinet.kz 21-12-2022 3019

Screenshot_1.jpg

14 қаңтарға белгіленген Сенат сайлауы Түркістан облысында біраз текетіреспен, қызу бәсекелестікпен өтіп жатыр.  Өткен нөмірлеріміздің бірінде жазғанымыздай, сайлауға қатысты әдеттегі дәстүрлер бұзылды. Бұған дейін сенатор болатын кандидаттың мәселесі  жоғарыдағылардың батасымен, игі жақсылардың мақұлдауымен, ұсақ-түйегіне дейін алдын ала кесіліп-пішіліп, өзара келісіммен, бәтуамен шешілуші еді. Бұл жолы сенаторлыққа таласушылар белден басып, «күштінің арты диірмен тартадының» керін келтіріп жатқанға ұқсайды. 

14 желтоқсанда сенаторлыққа үміткерлерді ұсыну аяқталды. Әдетте осыған дейін сенаторлыққа кімнің нақты өтетіні шешіліп қойылатын еді. Бұл жолы қым-қиғаш, шым-шытырық. 

2 желтоқсанда Түркістан облыстық сайлау комиссиясы сенатор болуға 4 үміткерден өтініш келіп түскенін жария етті. Бірақ неге екені белгісіз, тізімде бес адамның аты-жөні жазылды (комиссияның хабарламасы Түркістан облыстық әкімдігінің сайтында жарияланды).  Олар: Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы Нұрлан Қойбағаров, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ербол Орманов, Ордабасы ауданы әкімінің аппарат басшысы Мейрамбек Ақмұратов, «Аманат» партиясы Сауран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сағынбек  Асылбеков және Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек.  Аталған кандидаттардың барлығы өзін-өзі ұсынғандар. Әдетте бұған дейін сенаторлыққа кандидаттар аудандық мәслихаттар арқылы ұсынылатын. Тіпті кейбір үміткерлер додаға бір емес екі-үш аудандық мәслихаттың ұсынуымен түсетін. Бұл жолы неге екенін қайдам, бәрі өзімен-өзі. Бұл жоғарыдан келген нұсқау ма әлде кандидаттардың өз шешімі ме, ол жағы беймәлім.  

5 желтоқсанда облыстық сайлау комиссиясы жоғарыда аталған кандидаттардың алғашқы төртеуінің тіркелгенін хабарлады. Тек Мұрат Қадырбектің өтінішінің тағдыры белгісіз күйде қалды. Осыдан кейін  7 желтоқсанда сайлау комиссиясы Мұрат Қадырбектің кандидатурасы өз өтініші бойынша Сенат сайлауынан алынғанын мәлім етті.  Дәл осы күні комиссия Сенат депутаттығына үміткерлердің дауысқа түсу ниеті  туралы тағы бір өтініштің келіп түскенін жария етті. Үміткердің аты-жөні -Әлімжан Құртаев. Осыдан кейін М.Қадырбектің сайлаудан не себепті сырт қалғаны айтпаса да түсінікті еді.  Ә.Құртаев мерзімі біткелі жатқан сенатор. Алғашқыда  Құртаевтың сайлауға қайта түспейтіні айтылған еді. Алайда оның додада бақ сынап көруге әрекет жасағаны алдын ала құрылған сценарийдің өзгергенін, жағдайдың күрт басқа арнаға қарай ауысқанын білдірді. «Осыменен кімнің сенатор болатыны шешілді» деген едік. Жоқ, жағдай тағы да күтпеген бағытқа бет алды. 

12 желтоқсанда облыстық сайлау комиссиясы  Сенат депутаттығына Түркістан облысынан  ұсынылған кандидат Әлімжан  Құртаевтың кандидаттықтан бас тарту туралы өтініші  келіп түскенін, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының № 173 хаттамалық шешімімен өтініштің қанағаттандырылғанын хабарлады. 14 желтоқсанда, яғни кандидаттарды ұсынудың бітуіне санаулы сағаттар қалған кезде комиссия  Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбекті Сенат депутаттығына кандидат болып тіркелгенін хабарлады. Осылайша Мұрат Қадырбек алдымен 2 желтоқсанда Сенат сайлауына қатысуға өтініш береді. 7 желтоқсанда кандидатурасын алып тастайды. Сөйтеді де 14 желтоқсанда үміткер ретінде қайта өтініш беріп, тіркеледі. Сонда Мұрат Қадырбекке сенаторлықтың мандаты ойыншық болғаны ма? Мұның бәрі де Сенат сайлауының арғы жағында қарапайым жұртшылық біле бермейтін біраз құпиялардың барын, түрлі қитұрқы ойындардың жүріп жатқанын білдіретін сияқты. Егер Құртаевтың қайта сенатор болуға ниеті болмаса,  онда сайлау комиссиясына неге өтініш береді?  Кандидатураның бір аптаға жетпей  алынып тасталғаны нені білдіреді? Құртаевтың да оңай шағыла салар жаңғақ еместігі айтпаса да белгілі ғой. Уақтысында бір емес, екі ауданды басқарған, облыс әкімінің орынбасары лауазымын да атқарған. Осыдан кейін Мұрат Қадырбектің мықтылығын мойындамасқа шараң жоқ. «Сыйынғаныңнан сүйенгенің мықтырақ болсын» деген мәтел еріксіз еске түседі.  

Сонымен енді додада алғашқы тізімдегі бес кандидат қалды. Мұның ішінде Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы Нұрлан Қойбағаровтың  әжептәуір салмағы бар кандидат екенін айта кетейік. Бірақ бүгінде барлық мәселені биліктің алдын ала құрып берген жоспары бойынша жүргізілетіні жасырын емес қой. Сол жоба-жоспарға салсақ, бұл жолы Сенат сайлауындағы басты фаворит деп Мұрат Қадырбекті атауға әбден болатын сияқты.

Ресми биографиясы бойынша Мұрат Қадырбек 1980 жылы Шардара ауданында туған. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасының бөлім прокуроры лауазымында бастаған. Шығыс-Қазақстан облысы № 2 Тарбағатай аудандық сотының судьясы лауазымдарын атқарған. Бұдан кейінгі жылдары министрлікте еңбек еткен, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары болған. Бес жылдай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, оның өңірлердегі департаменттерінде басшылық қызметтерді атқарған. 

Осылайша түрлі салаларада тәжірибе жинаған М.Қадырбек  2016 жылдың қыркүйегінде сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың өкімімен Арыс қаласының әкімі болып тағайындалды. М.Қадырбектің әкімдік карьерасындағы жолы тақтайдай тегіс бола қойған жоқ. Оның барған жерінде үнемі өрт, үнемі наразылық десек,  қателеспейтін сияқтымыз. 

2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алапат жарылыс болып, бір күнде 50 мыңнан астам тұрғын туған  қаласын тастай қашты. Төтенше жағдай жарияланып, бүкіл күштің бәрі апат салдарын жоюға жұмылдырылды. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Арыста жатып жұмыс істеді. Осы кездері жұртшылық Арыстың әкімі Мұрат Қадырбекті «жоғалтып алды».  Жарылыстан кейін үш-төрт күн өткенде жүздеген арыстықтар Шымкенттегі орталық алаңға барып, наразылық жиынын өткізді. Осы жиын кезінде Арыстың әкімі Мұрат Қадырбектің төбе көрсетпегені әлеуметтік желіде жазылды. Тіпті біреулер Арыстың әкіміне іздеу жариялады.  

Осылайша Арыста жаманды-жақсылы  бес жылын өткерген Мұрат Қадырбек былтыр сәуірде облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Жетісай ауданының әкімі болып тағайындалды. Биыл тамызда Жетісайдағы орталық базар толығымен өртеніп кетті. Мұның соңы базардан жан бағып, бала-шағасын асырап отырған саудагерлердің жаппай наразылығына ұласты. Сол кезде әкімдік «базар қысқа уақытта қалпына келтіріледі» деген еді. Алайда бұл уәде толығымен орындалмаған.  

Осы мақаланы жазу барысында біз біраз жетісайлық азаматтармен сөйлескен болатынбыз. Олардың айтуынша, Мұрат Қадырбек ә дегеннен ауыл шаруашылығынан хабары аз маман екендігін байқатқан. Бұл әсіресе, биыл күзде мақтаның бағасына қатысты дау-дамай кезде қатты білінген. Осы кездері Мұрат Қадырбектің облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданынан мақта өңдейтін фабрика салу жөнінде өзбекстандық инвесторлармен кездесу өткізгені ақпарат құралдарында жарияланды. Алайда ала тақиялы ағайындар Жетісайға келген-кеткен. Ешқандай нәтижеге қол жеткізбеген. 

Былтыр қыркүйекте Мұрат Қадырбек Жетісайда «Жетісай плаза» деп аталатын көпфункционалды ойын-сауық орталығының салынатынын, жоба жүзеге асқан кезде 1300 адамның жұмыспен қамтылатынын, жергілікті бюджетке қомақты түсім түсетінін мәлім еткен болатын. Сол кезде Жетісай аудандық әкімдігі әйдік жоба туралы:

-Француз архитекторы Марио Бартилланың 2 қабаттан тұратын сәулетті жобасының аумағы 25 200 шаршы метр болмақ. Онда 1000 көлікке арналған автотұрақ, заманауи аквапарк, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары мен спорт алаңшалары қарастырылған. Сондай-ақ, ғимаратта кинотеатр, асханалар мен мейрамханалар, отандық және шетелдік бренд тауар өндірушілері ұсынған өнімдерге арналған сауда нүктелері, тұрмыстық техникалар сататын дүкендермен қамтылмақ. Одан бөлек, орталықтың жанынан 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтеретін болады. «JETISAI PLAZA» көп функционалды сауда-ойын-сауық кешенінің құрылыс жұмыстары 2022 жылдың мамыр айында басталып, 2023 жылы аяқталады. Айта кетейік, бұл еліміздегі аудан орталығында салынғалы тұрған ең алғашқы кешен,-деп алайқалап ақпарат таратқан еді. Алайда Жетісайда күні бүгінге дейін  ешқандай да ойын-сауық орталығының құрылысы басталмаған. Сол сияқты бұған дейін айтылған жылына 9 мың тонна сиыр етін, тәулігіне 30 тонна құс етін өндіретін және жүгеріден крахмал-сірне өндіретін  кәсіпорындар да іске қосылмаған.  Сонда Мұрат Қадырбек елге құрғақ уәде берумен айналыса ма?  

Бәлкім әкімдіктегі аяқ алысы ауырлау болған Мұрат Қадырбектің енді Сенатта жолы болып кететін шығар. Онда тұрған не бар?  Қанша дегенмен білікті заңгер, құзырлы органдарда жинаған тәжірибесі бар. Бұл бір жағы. Екінші жағынан бұл сенаторлық мандаттан қадір кете бастағанын білдірмей ме? Кеше кімдер сенатор болып еді, бүгін кімдер кетіп бара жатыр?

«Жаңа Қазақстанның» сиқы осы болғаны ма? 

"Рейтинг" газеті, желтоқсан, 2022 ж

Әкім мен атқарушы хатшы. Енді екі қошқардың басы бір қазанға сия ма?
Миллиардттар желге ұшты ма? Туризм басқармасы тағы тарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу