Шымкенттің күні Машкеевичке қарап тұр

Oinet.kz 01-02-2023 776

Өткен аптада Шымкентке келген Премьер-министр Әлихан Смайылов үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов пен оның командасының атқарған жұмыстарын атап өтті. Сонымен бірге Үкімет жетекшісі  кемшіліктерге де тоқталды. Премьердің айтуынша, қала әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды, атап айтқанда жылу, электр, газ, сумен жабдықтау желілерін  жаңғыртуға басымдық беруі керек.

Screenshot_1.jpg

«Шымкент елдің оңтүстігінде орналасқаннан кейін, мұнда қақаған аяз сирек болады. Соның өзінде, қала тұрғындарының шағымдары азаймай отыр. Мысалы, “Жаңа Талап”, “Тұран” шағын аудандарындағы көп қабатты үйлер жылусыз қалған. Бұған жол беруге болмайды», — деді Премьер-Министр.

Иә, расында да биыл Шымкентте коммуналдық қызметтерге қатысты арыз-шағым көп. Әсіресе, мегаполисті жылумен қамтамасыз ету қызметі қаңтардағы қатты аязда сыр берді. Көптеген тұрғындар пәтерлерін жылыту үшін қосымша электр құралдарын қосуға мәжбүр болды. Кейбіреулер -25 градустық суыққа төтеп бере алмаған Шымкенттің жылу қызметін -40 градус аяз болатын Астанамен салыстырып жатты. Расында да  шымкенттік коммуналшылардың елордалық әріптестерінен қай жері кем еді? 

Естеріңізде болса, былтыр желтоқсанда Екібастұзда жылу орталығында апат болып, бір қала қақаған қыста жылусыз қалды. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тозған Екібастұз жылу электр орталығын мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсынысты тексеру қажеттігін, нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керектігін тапсырды.

- Соңғы жылдары қожайындары ешнәрсе жасамаған әрбір маңызды инфрақұрылымдық нысанды Үкімет жан-жақты қарастырып, шешім қабылдауы керек. Осындай жұмыстарды облыс әкімдері жергілікті жерлерде де жүргізетін болады, - деді мемлекет басшысы.

Дәл осындай тексеру соңғы жылдары әр алпауыттың меншігінде болып келген  Шымкенттегі жалғыз жылу орталығы «Энергоорталық 3» кәсіпорнында да жүргізілуі  керек-ау. Бүгінгі күні аталған орталық атышулы миллиардерлер  Александр Машкеевич, Патох Шодиевке және марқұм болып кеткен Алиджан Ибрагимовке тиесілі  Eurasian Resources Group (ERG) тобының меншігінде жұмыс істеп тұр. 

«Еуразиялық топ»  Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын «Энергоорталық-3» АҚ-ның 94 пайыз акциясын 2018 жылы сатып алған болатын. Бұл ақпаратты сол кезде аталған компанияның ресми сайты хабарлаған болатын. ERG акцияларды «Южэнергопром» ЖШС-інен сатып алған. Екіарада қандай келісімнің болғандығы сол кезде ашық айтылмады.  Содан бері Шымкенттің жылуы Машкеевичке қарап отыр. 

«3 Энергоорталық» АҚ-ы 2000 жылы құрылған. Ол жылу және электр энергиясын өндірумен айналысады. Оның құрамындағы электр станциясы  1981 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда жылына орта есеппен  700 миллион кВТ/сағат электр қуаты өндіріледі. Кәсіпорында 600-ден астам адам жұмыс істейді. 

Соңғы жылдары «3-Энергоорталықтың» бюджет және өзіне тауар жеткізіп беруші компаниялар алдындағы қарызы қордаланып қалған болатын. Әсіресе, жылу орталығының «ҚазТрансГаз» алдындағы қарызы көбейіп кеткен еді. Кәсіпорынның жаңа қожайыны қарыздардан тезірек құтылудың жоспарын жасап, сондай-ақ, электр энергиясын тиімді жолмен өндіру үшін құрал жабдықтарды жаңартуға инвестиция құятыны айтылған еді. Компания бұл міндеттемесін қаншалықты орындай алды? Бұған бір тексеру жүргізу керек-ау. Шымкентте-Машкеевич, Екібастұзда-Клебанов, Өскенменде-Ыдырысов. Жылу орталықтарын атышулы олигархтардың қанжығасына байлап бергеннен  ұтқанымыз қайсы, ұтылғанымыз қайсы?

Айтпақшы, Шымкентке жылу таратумен айналысатын «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны да жақында сатылып кетуге сәл-ақ қалды. Прокурорлардың арқасында кәсіпорын мемлекет меншігінде қалды.  Ал, биылдан бастап Шымкентте коммуналдық қызметтерді ңткарифі қымбаттайды. Мұны жуырда  Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев арнайы брифингте мәлім етті. Бұл қымбаттау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюылтыр қыркүйектегі Жолдауында айтылған "Тарифті инвестицияға айырбастау" саясатына сәйкес жүргізіліп жатыр. 

"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж

Назарбаев - Астанада, көмекшісі - Дубайда
Жаңа кандидаттар "Жаңа Қазақстанды" жарылқай ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу