Ит піштіру Әйтенов ойлап тапқан жаңалық па?

Oinet.kz 08-02-2023 789

Шымкент әкімдігінің биылдан бастап көшедегі қаңғыбас ит-мысықтарды піштіруге бюджеттен 140 миллион теңге бөлгені соңғы 3-4 күнде әлеуметтік желіні, ақпарат құралдарын шулатып жатыр. Осыған қатысты Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров арнайы брифинг беріп, журналистерге мәселенің мән-жайын түсіндірді. 

Screenshot_2.jpg

Сонымен басқарма басшысының айтқанынан түсінгеніміз, көшедегі қаңғыбас ит-мысықтарды стерилизациялау, яғни піштірудің тарихы 2020 жылы Президенттің халыққа арнаған Жолдауында берген тапсырмадан басталған. Осы тапсырмаға сәйкес Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» деп аталатын заң жобасын жасап, ол Парламентте қабылданған. 

Былтыр Шымкентте иесіз қалған  40 мың ит-мысық ауланған екен. Жанбатыровтың айтуынша, олар негізінен жануларды асырап алумен айналыстын мекемелерге, жекелеген азаматтарға берілен. Әрине, бәрі емес шығар. Ветеринарлар олардың біразын о дүниеге аттандырған болуы әбден мүмкін. Енді биылдан бастап жоғарыда аталған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес мұндай қатігездікке, қаңғыбас ит-мысықтарды жаппай өлтіруге жол берілмейді. 

Бюджеттен бөлінген 140 миллион теңге қаражатқа иесіз жануарлар піштіріледі, одан кейін ауруларға қарсы егіледі,  арнайы чип салынады. Тәртіпке сәйкес ит аулағыш мамандар иттерді шоғырланған жерін өздері іздеп табады немесе тұрғындардың өтініштері бойынша барады.  Айналасын қауіп төндіретін иттер жұмсақтау тілмен айтқанда  жансыздандырылады. Ал ешқандай қаупі жоқ, момақан ит-мысықтар оқшаулау орталықтарына жеткізіледі. Олар осында клиникалық тексеруден өтеді, кейін  стерилизацияланады. Стерилизациялау деген ұғымға аталған заңда «жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру» деген түсініктеме берілген. Яғни, қаңғыбас ит-мысықтар піштіріледі деген сөз.  Бұдан басқа не амал бар. Ит-мысық «асырай алмасаң, топырлатып  туып нең бар еді, шамаңа қарап, артыңды тыймайсың ба» дегенді түсінбейтін мақұлық қой. 

Айтпақшы, бостандыққа жіберілердің алдында ит-мысық вакцинацияланады, құлағына арнайы чип салынады. 

- Құлағында чипі бар иттен қорықпаңыздар,-деді Ә.Жанбатыров брифинг барысында.  Басқарма басшысының айтуынша, осындай жолмен алдағы жылдары Шымкетте қаңғыбастыққа салынған ит-мысықтардың санын айтарлықтай азайтуға болады екен. 

Мамандар биыл піштіру, екпе егу, чиптеу шараларына 20 мың ит-мысықты қамтуды көздеп отыр. 140 миллион теңгенің  84 миллионы піштіруге жоспарланған. Биылдан бастап үйдегі ит-мысықтарды да есепке алу, чип салу жұмыстары басталады. Егер чиптелген жануар қараусыз қалса, иесіне айыппұл салынады.

Яғни, жоғарыдағы әңгімелерден шығатын қорытынды ит піштіру Шымкент қалалық әкімдігінің немесе қала әкімі Мұрат Әйтеновтың ойлап тапқан жаңалығы емес. Бұл шаралар Қазақстанның барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. 

"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж

Жаңа кандидаттар "Жаңа Қазақстанды" жарылқай ма?
Ипподром дауына Бас прокуратура араласты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу