Құдайберген Бекіш, әнші: «Бала туып жарытпайды деп әйелімді жақтырған жоқ»

Oinet.kz 30-06-2019 5359

Screenshot_2.jpg

1982 жылы  Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алып жүрген кезім еді. Жатақхана маңынан өтіп бара жатсам тұла бойы сұңғақ бір қыз шелегін суға толтырып тұр екен. Белі үзілуге шақ тұрған бойжеткенге шелегі ауырлық етер дедім де: «Қарындас, сізге көмексетіп жіберейін, шелегіңізді маған беріңіз, үйіңізге дейін көтеріп барайын» дедім. Бетіме бір қараған сұлу қыз қарсылық білдірмеді. Әңгіме арасында оның пәтерде тұратын құрбысының үйіне қонаққа келгенін білдім. Үйіне жеткенде іштен құрбылары шыға келді. Олар бейтаныс жігітке алғыстарын білдіріп, үйке кіріп, дастарханнан дәм татуға шақырды. Бүгін ғана танысқан қыздардың үйіне кіргенім әбестік болар дедім де, бас тартып, жөніме кете бардым. Жаңа танысыма менің осы қасиетім ұнап қалған екен. Сол күннен бастап Жанна есімді сүйкімді қызбен жиі-жиі жолығып тұрдық. Таныстығымыз достыққа ұласты. Туған күн кешім біздің достығымызды одан әрі жалғап, арамыздағы махаббат отын тұтатты.   1984 жылы оқуымды аяқтап, қолыма дипломымды алғасын үйленуге бел будым. Себебі «бас екеу болмай мал екеу болмайтыны» ақиқат. Жасым 25-ке келіп қалған жігітпін. Жар таңдаудан шатаспау керектігін жақсы ұғындым. Сөйтіп өзіме Жаннаны лайық санап, ұсынысымды білдірдім. «Жанна, маған тұрмысқа шықсаң жаман болмайсың. Алайда менің асып-тасып тұрған байлығым, мал-мүлкім жоқ. жалғыз ғана анам бар. Алдағы өміріңді менімен бірге өткізіп, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татуға  дайынсың ба?» дедім. Қалалық болса да қарапайымдылығы басым қыз бетімді қайтарған жоқ.

Осылайша екеуміз қол ұстасып, 1984 жылы үлкен өмірге қадам бастық. Тойымызға ерекше дайындалдық. Мың рубльдей тойыма деп жинап қойдым. Талғамы жоғары Жанна қалыңдық көйлегін арнайы тапсырыспен тіктірді. Алматыдағы «Алатау» ресторанында өткен  үйлену тойымыз жастардың кешіне көбірек ұқсады. Себебі екеуміздің де студенттік достарымыз түгел келіп, қуанышымызға ортақтасты. Өз тойымда өзім ән салдым. Қонақтардың барлығы да дән риза болды. Алайда той барысында мені «ресторанның қожайынымен есептесуге қаражатым жетер ме екен?» деген сұрақ мазалады да тұрды. Қорқынышым бекер болмаған екен. Той соңында 80 сом жетпей қалды. Бұл тығырықтан тойымызға сыйланған сағат құтқарды. Яғни мейрамхананың басшысына сағатты тастап, қарызды көп кешіктірмей әкеліп беретінімді айттым. Абырой болғанда ол бұл ұсынысыма көнді. Уәде еткенімдей көп ұзамай жұмыс істеп, ақша тауып, қарызымды қайтарып, сағатымды қолтықтап қайттым. Бойдақ кезімде ару Алматыдағы неке сарайында некемді қидыруды армандаған едім. Бұл мақсатым орындалмаса да көптің есінде қалған тойдағы естеліктер мен үшін қымбат. 

Өмірде ақ пен қара қатар жүретіні заңдылық. Жұбайыммен бас қосқаннан кейінгі өмір тәтті болды деп айта алмаймын. Біраз жыл жатақхана, суық пәтерлерді жағалап жүрдік. Туған қалам Қызылорданы да біраз паналадық. Тағдырдың айдауымен Мәскеуде де тұрдық. Мәскеу әлі күнге дейін біз үшін ыстық шаһар. Себебі үйленгеннен кейін біз алғашқы перзентті ұзақ күтіп қалдық. Алты жылдан кейін дүниеге келген ұлымыз Жаннаның құрсағында сол Мәскеуде бітті. Ұлымызға қазақы тәрбие беру мақсатында бізді табыстырған Алматыға қайта келіп, осында тұрақтап қалдық. Қазір тұңғышымыз Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында режиссерлік мамандықта оқып жатыр. Өнер жолын таңдауына алғашқыда қарсы болған едім. Кейіннен жас баланың  жолын бөгеуді жөн санамадым.

«Келін ененің топырағынан» дейді қазақ. Өмірлік серігімді алғаш рет анаммен таныстырғанда  ол кісі Жаннаны жақтырмай қалғаны рас. «Әй, мынауың бала туып жарытпайтын жан ғой. Әйел деген шамалы толықтау болуы керек» деген сөзін жас келін көңіліне алған жоқ. Иіліп сәлемін беріп, күтімін жасаған келінін анам кейіннен жақсы көріп кетті. Соңғы кездері жарымның қылықтары, сөздері анама ұқсап бара жатқандай.        

13 қазан – алғаш танысқан күнімізді ұмытпай еске алып тұрамыз. Мүмкіндігінше сыйлықтар беріп, көңілін көтеруге тырысамын. Отбасының берекесі әйел адамға байланысты. Өнер адамына тұрмысқа шыққанын жадынан шығармаған Жанна қызғаныштың қызыл отына күйген емес. Арамызда қызғаныштан гөрі сенім мол. Берік сенімнің арқасында отандасқанымызға отыз жылдан асты. Өз басым жанұямды бірінші орынға, ал өнерімді екінші орынға қоямын. Егер отбасыңда береке болмаса өнердің не қажеті бар?!

«Рейтинг» газеті  №15,  21 сәуір 2016 жыл

Нұриддин Паттеев: «Елімізде анимация саласы өте баяу дамып келеді»
Нұрали Өткелбаев: «Назарбаев та Ленин, Сталин сияқты тұлға»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу