Жасұлан Қали: «Ж»-ны жазған мен едім»

Oinet.kz 10-07-2019 1140

Screenshot_54.jpg

Жасұлан Қали, «Жұлдыз FM» радиосының жүргізушісі

Шіркін, алаңсыз жүрген балалық шаққа ештеңе жетпейді. Менің кіндік қаным Алматы облысы  Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында тамған екен. Кейін Ұзынағашқа таяу  тау етегінде жатқан Беріктас деген керемет ауылдағы бастауыш мектепте оқып, 4-ші сыныптан бастап Алматы қаласындағы 9-шы дарынды балалар мектеп-интернатына ауыстым.  Балалық шағымда  интернатта сыныптастарыммен бір тілім нанды бөлісе жеп өстік. Интернатта Роза, Нұрша апайдан, Бақытнұр ағайдан жиі ұрыс еститін едім. Әтіргүл есімді жан анашым мені еш нәрсеге мұқтаж еткізбей өсірді. Бүгінгі жетістігім тек сол кісінің арқасы деп білемін. Әкем марқұм болып кеткен, есімі Дүйсенәлі болатын.  Өзім үйдің үлкенімін, менен кейін қарындасым Бинура және Руслан атты інім бар.  Анам бізді «өліп кетсеңдер де, өтірік айтпаңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар» деп тәрбиеледі. Мектепте жақсы оқушы болдым. Спортпен шұғылданып, ән айтып, мектеп қабырғасындағы мерекелік шараларды ұйымдастыруға, әрі жүргізушісі болуға атсалыстым. Хорға да қатысқаным бар. Тіпті «Әнші балапан» байқауында жүлделі 1-ші орын алғанмын. Орыс тілінде тәп-тәуір сөйлейтінмін. Соның арқасында  білім жарысында бақ сынап екінші орынды еншіледім.  

Спортқа өте жақын болдым. Сынақтан қанша құласам да, мақсатыма қарай жетуге талпындым. Ешбір жұмыстан ұялмауды, еңбек етуді үйрендім. Мектеп қабырғасындағы бір қызықты айтып берейін.  Неге екенін білмеймін, сол сәтте қызық көрінді ме, әйтеуір бірде сыныптағы терезенің алдына «Ж» әрпін жазып тастадым.  Директорымыз Нұрғиса деген апай кабинетіне өңкей есімдері «Ж» әрпінен басталатын бұзық балаларды жинап алып, қатты ұрысып жатқан еді. Ол кісінің көзіне ешкім тіке қарай алмайтын. Кабинетте бәрінің басы салбырап тұрса, мен ол кісінің көзіне тіке қарап тұра бердім. Директор  соныма қарай «Жасұлан балам, бара бер. Сен өтірік айтып тұрған жоқсың. Себебі көзіме тіке қарап тұрсың»,-деп жібере салды. Сөйтіп менің бүлдірген тереземді басқа балалар жуды. Осы әрекетім үшін әлі күнге дейін ұяламын. Сол кезде директорға және менің қателігімнен опық жеген  Жанай Асылхан есімді сыныптасыма  мойындай салсам нем кетер еді? Жанай деген сол сыныптасым араб тілі пәні кезінде ойнаймын деп қолыма қайшы тығып алған. 

Бала күнімде футболшы болуды армандағам. Анам «қой» деген соң, асқақ арманнан бас тартуға тура келді. Бала күндегі қызықты, әсерлі сәттердің бірі әрине, бала махаббат. Үшінші сыныпта Жадыра есімді жақсы оқитын қызға ғашық болдым. Қаламсаптың ішіне хат салып жіберген едім.

Егер маған балалық шағыма оралуға тағы бір мүмкіндік берілсе интернатта қайта оқитын едім. Футболды тастамас едім. Шет тілдерін, жалпы сабақты жақсы оқитын едім.

Жазып алған: Айнұр Оңғарбай, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Ералы Мыңбаев: «Біркөлік ғашық боласыз бір көріп»
Перизат Тұрарова: «Ұлттық өнерді ұлықтауға құлық танытпаймыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу