Құдірет Топаев: «Өнердегі жетістігім Жетісай театрынан басталды»

Oinet.kz 12-08-2019 1540

Screenshot_15.jpg

Құдірет Топаев, «Өнер қырандары» театрының әртісі

Мектепте оқып жүргенде «студенттердің ордасы» атанған Алматыға барып театр академиясына оқуға түсу – менің арманым болатын. Алайда арманға жету қиын жолдардың сынағы екенін ол кезде біліппін бе?! Жетісай қаласындағы он бір жылдық білім ұясын бітірген соң Бауыржан деген досыммен бірге ару қалаға кетемін деп шештім. Өзімше есейдім деп айтқан шешіміме ата-анам қарсылық білдірді. «Алматы дегенді қайтесің, онда өмір сүру қорқынышты, өлтіріп кетеді» деп мені ойымнан айнытпақ болып, біраз әуреленді. Әрине, олардың сөзінен сескеніп тұрған мен жоқ, дегенмен көңілдерін қимай бағытты Алматыға емес Түркістанға бұруға тура келді. 

Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне бағымды сынап көрейін деп емтихан тапсырдым. Қазақ театр өнерінің  майталманы Райымбек Сейітметов ағамыздан тәрбие алу маңдайыма жазылмаған екен. Оқуға түсе алмай басым салбырап кері қайттым. «Ештеңе етпейді, биыл түспесем келесі жылы түсермін» деп өз-өзімді жұбаттым да үйге келгесін әке-шешеге масыл болмайын деп ұсақ-түйек жұмыстарды істеп жүрдім. Алланың шарапаты тиген болар сол жылы Жетісай музыка театрында конкурс басталды. Театр басшылығы қабілетімді жоғары бағалап, конкурстан өтіп, жұмысқа қабылдандым. Театр ішінде жүрсем де жан дүниемде оқуға түсе алмадым деген өкініш жүрді де қойды. Кішкентай қалаға сыймай жүргендей болдым. Келесі жылы бәрін жиыстырып Алматыға Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына қарай жол тарттым. Әттеген-ай, тағы да сүріндім. Салым суға кетіп баяғы жұмысыма оралдым. Үш жылдай кішкентай қаладағы театр сахнасында жүрдім. Тәжірибе жинадым, абыройым да, айлығым да көтерілді. Сол қалыпты тіршілікті бұзбасам да болар еді, алайда көңілім тағы да Алматыға ауа бермесі бар ма. Бұл жолы театр  директорына оқуға кететінімді айтқанымда жібергісі келмеді. «Оқуды қайтесің, бүкіл қазаққа танылған Жұмат Шаниннің де кәсіби білімі болмаған. Осында жұмысыңды істеп жүре берсеңші» деп еді. «Жығылған күреске тойсын ба?» айтқанымнан қайтпай тұрып алдым. Директор да маған қырсығып жалақымды бермей қойды. Бұл жолы ешкімді тыңдамай танысымнан жетім мың теңге қарызға алдым да Жетісайды артқа тастап кете бардым. Бұл 2006 жылы болатын. Міне, сол баяғы академияның алдына тағы келдім. Келсем талапкерлердің барлығы емтиханға кіру үшін рұқсат қағаздарын алып қойыпты. Ал рұқсат қағазсыз емтиханға кіре алмайсың. Кешіккенімді түсінсем де емтихан өтіп жатқан кабинеттің алдында отыра бердім.  «Тұрақты жұмысымды істеп жүре берсем ба екен, әлде бетімді қайтарған шаһарда қалсам да екен» деп қатты ойландым. Менің терең ойға шомып отырғанымды  байқаса керек кейін кураторым болған Маман Байсеркенов өтіп бара  жатып «Әй бала, неғып отырсың?» деді. Дереу есімді жидым да «емтихан тапсыруға келдім» дедім. «Ендеше неге отырсың, кірмеймісің» деп көзінің қиығымен бір қарады да ішке еніп кетті. Сөйтсем ол ауырып жұмысқа шыққан беті осы екен. Қуанғанымнан ағайдың артынан мен де зу етіп кіріп кеттім. Бұл менің соңғы мүмкіндігім болар деп комиссия мүшелерінінің көңілінен шығу үшін барымды салдым. Аса қинала қоймадым. Себебі үш жылдық тәжірибем бар ғой. Енді қайтер екен деп ұстаздарға қарап тұрдым. Маман ағай дереу қағаз алды да «допуск» жазып берді. Іштей риза секілді. Сөйтіп бетіме бір қарады да «Әнге деген «слухың» бар ма?» дегенде «бар» деп нық сеніммен жауап бердім. «Ендеше кез-келген бір әнді шырқап жібер» деді. «Әншейінде ауыз жаппас той дегенде дым таппас» дегендей аузыма бірде-бір ән келмей қойғанын қарашы, қырсық. Ойланып барып әйтеуір Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» айтқанда бәрінің қыран топаны шығып күлгендері есімде. Сөйтсем «Желсіз түнде жарық айдың» әуеніне салып «Көзімнің қарасын» айтып, сасқан үйрек секілді «артыммен жүзгенім» бар.  Абай әндерінен поппури тыңдағасын Маман ағай «Сені қабылдаймыз, алайда қазақ тілі мен тарихы сынағынан өте аласың ба?» деді. «Қабылдаймыз  деген сөзді  есіткен менде қайбір ес қалды дейсіз?! «Қазақ тілін қайдам бірақ Қазақстан тарихынан точно өтем» дедім. Сөйтіп ҰБТ тапсыруға кіріп кеттім. Жанымда пединститутты бітіріп келген қыз отыр екен. Қарасам нұсқасы менікімен бірдей. Сөйтіп ол маған қазақ тілін мен оған тарихты белгілеп береміз деген ортақ келімге келдік. Нәтижесін айтсам, күлетін шығарсыздар. Сеніп тұрған тарихтан 13 бал, ал қазақ тілінен 27 бал жинаппын. Не керек 91 балмен әйтеуір, академияның студенті атандым.

Академияның студентттері өте ұйымшыл болатын. Жатақханада қазанға ұрлыққа түсу деген болмайтын. «Қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетеді» демекші жат қылыққа баруға бір-бірімізден ұялсақ керек. Жатақханаға бірінші жылы келгенде комендант «қай бөлменің ұл-қыздары тазалықты сақтап жүрсе соларға кілем береміз» деп уәде еткен болатын. Бір бөлмеде тұрған әріптесім Сырымбет екеуміз тазалыққа өте жақын едік. Сондықтан болар біздің бөлмеміз ең таза, көркем болатын. Тіпті, жоғары курстың жігіттері бөлмемізді жалдап туған күн өткізетін. Бірақ Сырымбет екеуміз уәде етілген кілемді сол күйі ала алмай кеткенімізді жиі еске алып отырамыз. Академия мен жатақхана бір жерде болғасын таңнан кешке дейін бір футболка мен ласина киіп жүре беруші едік. Ал жұма «сән көрсететін күн». Себебі ол күні болатын гуманитарлық сабақтарды Каблукова көшесіндегі академияның колледжіне барып оқушы едік. Үстімізге бар жақсыны киіп алып сабаққа келеміз. Сонда орыс тілінен аздап қиналдым. Диктант, шығарма жазуды ұнатпадым. Тобымыздағы Нұрлан орысшаға мүлдем шорқақ жігіт еді. Бірде апай «Моя семья» деген тақырыпта шығарма жазғызған. Сонда Нұрлан менің бір ағам, әпкем және інім бар деп жазып, мен ортаншысымын дегенге сауаты жетпесе керек «я центральный» деп ұстазымыздың ішегін қатырған. Алып шаһарда студент болу оңай емес. Сондықтан оқып жүріп қосымша жұмыс істеуге тура келді. Тойларға шығып, КВН ойнадым. Ақысына көбінесе дастарханнан анау-мынау аламыз. Студентте таңдап тұратын уақыт бар ма бір пакетке «подшуба» салаттан бастап кәмпит, алма, нан барлығын араластырып сала саласың. Ол пакет жатақхананың үшінші қабатына көтерілемін дегенше бос болып қалады. Таласып-тармасып жүріп бұйырғанын жедік. «Өле жегенше бөле жеген» сол күндерді қазір қатты сағынамын.  

Дайындаған Айнұр Оңғарбай, 

«Рейтинг» газеті №38, 6 қазан 2016 жыл

Арман Әлиев: «Манежге шығуды армандаймын»
Бекқожа Жылқыбекұлы, ақын: «Ұнатқан қызым руласым екен»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу