Бекқожа Жылқыбекұлы, ақын: «Ұнатқан қызым руласым екен»

Oinet.kz 13-07-2019 2307

Screenshot_9.jpg

Бекқожа Жылқыбекұлы, ақын

Қытай Халық Республикасы Шынжаң өлкесі, Тоғызтарау ауданы – менің балалығымның куәсі болған жер.  Балқаш көліне құятын Жетісудың бірі болған Іле өзенінің бойында есейіп-ер жеттім. 

Алты жасымда туған әпкем Асылхан мектепке жалғыз барудан қорқамын деп, мені ертіп алушы еді. Мұғалімдер оқу жасына әлі толмады деп мені 1- сыныптың оқушыларының қатарына тізімге алмай қойған. Сонда да «сырттай» оқып жүре бердім. Оқудың жарты жылдығы аяқталғанда маусымдық емтиханға мен де қатыстым. Сенейін бе, сенбейін бе,  сол сынақта сынып бойынша ең жоғары бал жинаған мен болдым. Кішкентай ғана баланың жетістігіне қуанған мектеп директоры сол күні мені бірінші сыныпқа қабылдаған болатын. Осылайша өзімнен үш жас үлкен әпкемнің сыныптасына айналдым. 

Біздің кезімізде күрік деген ойын болушы еді. Айналасы 2-3 шаршы метр келетін төртбұрыш сызықтың дәл ортасына асықты алшы немесе тәйке тігіп қойып, 1 метрдей жерден асықтарды дәлдеп атып, сызықтың сыртына шығарушы едік. Кім көп асықты сыртқа сақамен атып шығарса, сол көп ұпай алып, асық жинайтын.  Аяқтың үстімен, жанымен және аяқты қайшылап ләңгі тебуде алдыма жан салмайтынмын. Асықты ата-әжелеріміз көктем мен жазда ойнатпайтын. Себебі - көктемдегі жас төлдер асықты көрмеуі керек. Егер жас төл асықты көрсе, өліп қалады деп біздің асықтарымызды дорбаға салып, тығып тастайтын. Жазда түнде ақсүйек, күндіз қалың орман ішінен үй жасап, рогатка және сақпымен торғай, қарға атып ойнадық. Осы заманғы доп ойындарының ішінен баскетболды  ұнататынмын. Күні бүгінге дейін бос уақыттарымда ұлдарыммен бірге осы ойынмен айналысамын. Балалардың аулада ойнап жүргенін көргенде бала күнім есіме түседі. Сондағы ең алдымен көз алдыма келетіні балаларды ұйымдастырып, олардан әскер жасақтап, әскери машық өткізіп ойнайтындығым. Менің ауылдағы балалардың ішінен сұрыптап, таңдап алған алты әскери сарбазым  бар еді. Олармен бірге жарысып, тас лақтырып, биікке және ұзаққа секіріп одан қала берді жазда Іле өзеніне барып, шомылып ойнаушы едік. Айланба жарыста өзімнің туған інім Бөкен алдына жан салмайтын. Бұл жаттығулардың үлгісін Қытайдың Жапонияға қарсы соғысы бейнеленген соғыс тақырыбындағы кинолардан алатынбыз. Көктем кезінде кішкентай төбешіктің үстінде ойнап жүріп, осы төбешіктің шығыс жағынан тесіп, батыс жағынан бір-ақ шығайық деген ой басыма сап ете түсті де төбешіктің бүйірін қаза бастадық. 4-5 метрдей үңгіп кірдік. Алайда оны ары қарай қаза беруге шамамыз жетпеді. Жаңа үйшіктің ішін әдемілеп «безендіріп»,  «әскери база» жасап алдық. Ең қызығы үңгірдің ішінен өте майда, ақ топырақ шықты. Осылайша біздің еңбегіміздің арқасында  бүкіл ауылдың тандыры жасалды.  Бала кезімдегі сол атамандық бейнемді қазір қатты сағынып жүрмін.

Бала кезімде қиял-ғажайып ертегілерді құмарта тыңдаушы едім. Кілемге отырып ұшу, бес қаруы сай батыр және желмен жарысқан желаяқ болу бала күнгі арманымыз болды. Көңіл-күйіміз айналадағы аласапыран тұрмыс-тіршіліктің не болып жатқанымен ісі болмайтын. Біраз ес тоқтатқан соң жазғы демалыста қалада жұмыс істейтін аға-әпкелеріміз келгенде оларды ауылдағылар патшадай қошеметтеп қарсы алатын. Мұндай қошеметтен кейін ағаларға да еліктеп өстік қой.  

Бастауыштың 4 жылдығында оқып жүргенімде өзімнен төмен сыныпта оқитын бір қызға аңсарым ауғаны әлі есімде. Оны көрсем, бір түрлі ыңғайсыз жағдайға тап болып, қатты ұялып кететінмін. Бір күні сол қызбен бір сыныпта оқитын досым Тұрдақынмен ақылдасып, хат жазуға бел байладым. Сезімге толы хат та дайын болды. Гүл секілді әдемі бүктелген хатты  қолына беруден тартынып, досым арқылы сөмкесіне жасырын салып жібердік. Бірақ хатқа  жауап келмеді. Бастауыш мектепті бітіріп, ауыл орталығындағы орта мектепке ауысып кеткен соң  әлгі қыз ойымнан өше бастады. Одан басқа да бір қызға көңілім ауды.  Бірақ оның руымен біздің рудың туыстық байланысы 7 атадан асса да, әлі күнге дейін ру арасында қыз алысу жоралғысы жолға қойылмағандықтан онымен арадағы бала махабатымыз жалғасын таппады. Алайда оның маған деген, менің оған деген бір түрлі ыстық сезіміміз сақталып қалды.  Сол бір қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін жіпсіз байланыс күні бүгінге дейін ойымнан еш шықпайды. Мүмкін балалық махаббат деген осы болар.

Немерелес кіші әкеміз Ахмет қария ұжымның малын бағатын. Қарияның ұлы Тұрдыбек марқұм мені үнемі жанында ертіп жүретін. Бірде жайлауға барар жолдағы Көккезең деген қиябетті жалғыз аяқ жолға келгенде өгіздер жүрмей қойып, әуреге салған. Сонда құзға құлап кететіндей қатты қорқып:  «Ата, ата, мына әкеңнің аузын ұрайын, Тұрдыбек мені өлтіретін болды!» – деп жылап тұрып, Тұрдыбектің әкесіне қатты шағымданып айқайлап жібердім. Атамыз марқұм көзінен жас аққанша қатты қарқылдап күліп:  «Әй, әкеңнің аузын ұрайын, мен оның сазайын берейін!» – деп жақындап келіп, ұлын қамшымен тартып, тартып жіберіп, мені жұбатқаны әлі есімде. Кейін ұлының көзінше  әкесіне тіл тигізгенім үшін ұялып жүрдім.  

Шіркін, балалық деген қам-қайғысыз өмір екен ғой! 

Жазып алған Айнұр Оңғарбай, 

«Рейтинг» газеті №39, 13 қазан

Құдірет Топаев: «Өнердегі жетістігім Жетісай театрынан басталды»
Бағдат Сәмединова: «Ұлдармен төбелесіп өстім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу