Бағдат Сәмединова: «Ұлдармен төбелесіп өстім»

Oinet.kz 14-07-2019

Screenshot_8.jpg

Бағдат Сәмединова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі                                          

Балалық шағымды еске алсам қызықты күндер де, қиын  кезеңдерде болыпты. Анам  Жыраш, әкем Сәмедин өлең айтудан құр алақан емес-ті. Ес білгелі шешемнің тойларда  ән салғаны құлағыма құйылып қалыпты.  Анам марқұм мені  үнемі ертіп жүретін. Мектепке енді аяқ басқанымда  анам қайтыс болады. Бала күнімде тілім де, қылығым да сүйкімді, жарасымды болса керек, анамның ағасы Дулат мені өз қолына алып, содан Шу ауданынан бірақ шықтым. Сонда бес жыл оқыған соң,  ауылыма қайта  оралдым. Кейіннен әкемнің інісі Хамиди мені қамқорлығына алып, сол шаңырақта бойжеттім.  

Үйдің кенжесі болғандықтан кішкене тентектеу болып өстім. Ұлдармен жағаласып ойнап, тіпті төбелесуден де тайынбайтынмын.  Мектептен келе салып ұлы бар, қызы бар, бәрімізі жиналып «қызыл жалау» ойынын бастаймыз. Ең қызығы, футбол болатын. Футбол басталғанда қыздардың бәрі тарап кетсе мен доп тебуге құлшынып тұратынмын. Үнемі қақпашы болатын едім. 

Қызықтың бәрі мектеп қабырғасында емес пе? Сыныпта тәртіп бойынша партада бір қыз, бір ұлдан отырады. Шығарма, диктант, бақылау  жазу кезінде нашар оқитын балдардың қыздардан көшітерін әдеті емес пе. Бірде шығарма жазып жатқанда  сыныптасым мазамды ала берді. Мойнын созып дәптеріме қайта-қайта қаралайлайды. Оның жыбырлағанына менің ойым бөлініп кетуде. Дәптерімді көрсетпеудің амалын жасап, қолыммен тықпалап жатырмын.  «Тыныш отыр» дегеніме құлақ асар емес. «Көрсетші» деп ызыңдап, төбемде тұрып алды. Тапсырманы не өзі жазбады, не маған жазуға мұрша берген жоқ. Дәл сол кезде мұғалім сыныптап шығып кеткен болатын. Кедергі келтіре берген соң қатты ашуландым да, орнымнан тұрып  әлгі бала отырған партаны төңкеріп жібердім. Дәл осылай мазамды алған сыныптасым Хамитті де оңдырмадым. Ол кезде қазіргідей емес қауырсыннан жасалған қаламсаптар болатын. Сабақ үстінде ашуыма тие берген соң Хамиттің қолына қаламсапты тығып алғаным есімде. Досым мені көрсе осы қылығымды әлі күнге дейін бетіме басып айтып отырады. 

Жоғары сыныпқа көшкенде ұлдармен ойнауды ұят санай бастадым. Алғашқы махаббаттың қылаң бере бастаған шағы ғой. Жігіттер тарапынан «жақсы көремін, сүйемін» деген сөздерді ести басдық. 

Әдеби шығармаларға деген ынтызарлығым ерекше еді.  «Абай жолы», «Қараш-Қараш», «Көшпенділер», «Шыңырау» шығармаларындағы кейіпкерлермен бірге сол оқиғаның ортасында жүретінмін. Мұқағали ағамыздың, Фариза апамыздың өлеңдері жүрегіме жақын. Өнерге деген құштарлығым да бала кезімнен біліне бастады.  Үйде, отырыста апалардың ән айтқан дауысы шықса болды, жүгіріп барып құлағымды түріп, отыра қалып тыңдайды екенмін. Сонда әжем «менің сұлу қызым әнші болар ма екен» деп айтады екен. Кейіннен дуалы ауыздан шыққан сөз шындыққа айналып, ән салып,  облыстық, республикалық фестивальдерде лауреат атанып жүрдім. 1972 жылы «Алло, мы ищем таланты» атты республикалық теледидар конкурсында қатарластарымнан озып, жүлдегер атандым. Бұл менің өнер жолындағы алғашқы үлкен жеңісім болатын. Сахна жұлдыздары ішінен Бибігүл Төлегеноваға еліктедім.  

Әжемнің тәрбиесін көргендіктен ол кісінің айтқан ақылдары жадымда сақталып қалыпты. Үлкендердің сөзін тыңдау, құрметеу, жол беру секілді сыйластықты жастайымнан құлағыма құйып отыратын. Кейде қазір осындай «ақылшылар» бар ма екен деп ойланамын. 

Әңгімелескен: Айнұр Оңғарбай, 

«Рейтинг» газеті №40, 20 қазан 2016 жыл

Бекқожа Жылқыбекұлы, ақын: «Ұнатқан қызым руласым екен»
Нұржамал Үсенбаева: «Ғабит Мүсіреповтың батасын алғанмын»

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×